Teach for Qazaqstan жобасының жетекшісі: Ауыл балаларының сапалы білім алғанын қалаймыз

10 Қазан, 18:08 402

Елімізде ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру көрсеткіштерінің жер мен көктей екені жиі айтылады. Көбіне ауыл балаларының заманға сай білім алуы өзекті проблемаға айналып барады. Бұл мәселенің шешімін табу үшін түрлі бағдарламалар енгізіліп жатыр. Соның бірі және бірегейі - Teach for Qazaqstan жобасы. 2007 жылы негізі қаланған Teach For All ұйымының жобасы негізінде Teach for Qazaqstan қоғамдық қоры құрылды. Ұйым 62 тәуелсіз серіктес ұйымнан тұрады, олардың әрқайсысы өз елдерінде білім беру теңдігіне қол жеткізу үшін жұмыс істейді. 2023 жылдың мамыр айында Teach for Qazaqstan Қазақстандағы бағдарламаның табысты дамуына болуына ықпал ететін, халықаралық білім беру тәжірибесімен алмасуға мүмкіндік беретін Teach For All бағдарламасының толық серіктесі болды. Бүгін аталмыш қоғамдық қордың басшысы Гүлнар Салменмен сұхбаттасып, көкейде жүрген сұрақтарымызға жауап алдық.

El.kz: Teach for Qazaqstan жобасының ауқымы қандай? Бүгінгі дейін қанша өңірде қанша мұғалім жұмыс істеп жатыр?

Гүлнар Салмен: Қазіргі уақытта Қарағанды облысының 9 серіктес мектебінде бағдарлама жұмыс істеп жатыр. Мектептердің көпшілігі кіші қалалар мен ауылдық жерлерде орналасқан. Онда 32 қатысушымыз ұстаздық миссиясын орындап жүр.

El.kz: Teach for Qazaqstan жобасының негізгі миссиясы қандай жəне қандай мақсатқа жетуді көздейді?

Гүлнар Салмен: Teach for Qazaqstan – білім берудегі теңсіздікті жоюға жəне барлық балалар үшін сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған бағдарлама. Біз əр баланың қадір-қасиеті мен даралығы құрметтелетін орта құру үшін барымызды салмақпыз. Білім беру алшақтығын азайтумен ғана тоқталып қоймай, қауымдастық құру мен тұрақты өзгерістер енгізуге ұмтыламыз.

El.kz: Қазақстанның білім беру саласындағы қандай проблема осындай жобаны іске асыруға себеп болды?

Гүлнар Салмен: Teach for Qazaqstan жобасын жүзеге асырудың себебі — білім беру саласындағы теңсіздік мəселесінен туындады. Қазақстандағы білім беру мəселелеріне себепші болатын бірнеше факторлар бар. Біріншіден, бұл - урбанизация, оған ауылдардың құлдырауы, келешегіне үміт арттырар жастардың өңірлерден қоныс аударуы себеп болады. Сонымен қатар, ересек адамдардың арасында жас ұрпақтарға рөлдік модельдердің жетіспеуі де бар. Бұл олардың қалалық аймақтарда шоғырлануына тікелей байланысты. Екіншіден, білім сапасы – бұл оқу процесінің төмен тиімділігінде, кəсіби бағдардың жетіспеушілігі мен оқушылардың төмен мотивациясынан көрініс табады. Үшіншіден, ресурстары мен мүмкіндіктері шектеулі қоғамдар, сонымен қатар, отбасылардағы тұрақсыздық пен əлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендігі дамуға қосымша кедергілер тудырады. Оған қоса, ата-аналардың əлеуметтік капиталының жеткіліксіздігі мен   олардың   мектеп   өміріне   қатысуы   да   жағдайды   қиындатады.

Фото: Teach for Qazaqstan

El.kz: Бағдарлама қандай құндылықтар мен принциптерге негізделген?

Гүлнар Салмен: Teach for Qazaqstan бағдарламасының негізгі құндылықтары – кəсіпқойлық, адалдық, көшбасшылық, сенім жəне серіктестік. Бұл құндылықтардың əрқайсысы тиімді білім беру ортасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Кəсіпқойлық – сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатыңда оқыту мен жұмыс барысында жоғары стандарттарды сақтау, сондай-ақ қатысушылардың үнемі даму мен біліктілігін арттыруға деген ұмтылыстан тұрады.

Адалдық – білім беру жүйесін өзгертуге шынайы ықылас танытып, оқушылардың дамуына қолдау көрсету. Бұл оқушылардың оқу мен өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі.

Ұжымдық көшбасшылық – динамикалық білім беру ортасын құруға ықпал ету мақсатыңда, оқытудағы жаңа идеялар мен инновацияларға ашық болу, қиындықтарды қабылдап, өзгермелі жағдайларға бейімделуге дайын болуды білдіреді.

Сенім – бағдарлама қатысушылары, оқушылар мен қоғамдастықтар арасында өзара қолдау мен түсіністік атмосферасын қалыптастыра отырып, табысты білім берудің негізін құрайды.

Серіктестік – мектептер, отбасылар жəне жергілікті ұйымдар сияқты əртүрлі мүдделі тараптармен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап көрсетеді. Бұл ортақ мақсаттарға қол жеткізуге жəне білім беру саласында тұрақты өзгерістер жасауға мүмкіндік береді.

El.kz: Бағдарламаға қатысатын мұғалімдер қандай қасиеттер мен дағдыларға ие болуы керек? Олардың басқа мұғалімдердің айырмашылығы неде?

Гүлнар Салмен: Бағдарлама қатысушыларында ең алдымен өсуге деген құштарлық пен сенімі болу тиіс. Бұл дегеніміз əр адам дами алады жəне ол үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Мұғалім өзі əрқашан дамуға ұмтылса, балалар да ол қасиетті игере алатындығына жəне ол үшін қажетті қадамдар жасау керек екенін түсініп бастайды.

Одан басқа біздің қатысушылар төзімді болу қажет. Алдына келген қиындықтарға берілмей, оларды қайта-қайта жеңуге қауқарлы болуы керек. Сонымен қатар біздің ұстаздар өзін-өзі тани білу керек. Олар өз сезімдері мен уəждерін түсініп, сондай-ақ балаларға өзін жақсырақ тануға көмектесуге дайын болуы тиіс.

El.kz: Teach for Qazaqstan үшін мұғалімдерді іріктеу процесі қалай жүреді?

Гүлнар Салмен: Қор жыл сайын бағдарлама үміткерлерін көпсатылы конкурстық іріктеуден өткізеді. Биыл бізде өтінімдерді қабылдаудың екі мерзімі бар. Қазіргі уақытта өтінімдерді қабылдау мен бірінші кезеңге іріктеу жүріп жатыр. Бірінші кезеңде, үміткерлер онлайн өтінімді толтырып, қабілетін тексеретін тестінен өтеді. Екінші кезеңде, офлайн форматта, үміткерлер сынақ сабағы, топтық тапсырма мен рөлдік ойын бар.

Кандидаттарды бағалау құралдары мен критерийлері əлемнің үздік тəжірибелері мен “Teach For All” серіктес ұйымдардың тəжірибесіне негізделе құрастырылған. Іріктеудің əр кезеңінде арнайы сертификатталған асессорлар үміткерлерді бағалайтын болады. Меритократия қағидаларын сақтау жəне барлық үміткерлерге тең жағдайлар жасау үшін HR саласының сарапшылары, сондай-ақ басқа салаларда жұмыс істейтін тəуелсіз бақылаушылардан құралған конкурстық комиссия құрылды.

Фото: Teach for Qazaqstan

El.kz: Жоба мұғалімдердің потенциалын ашуға қалай көмектеседі жəне бұл олардың жұмыс жүйесіне қалай əсер етеді?

Гүлнар Салмен: Қатысушылар бағдарламаға енгізілген сəттен бастап, екі жыл бойы əртүрлі салалардың сарапшылары өткізетін вебинарлар мен оқуларға қатысады. Мұғалім болып мектепке жұмысқа қосылған кезде, екі жыл бойы əр қатысушаға тюторлар арқылы əдістемелік жəне психологиялық қолдау көрсетіледі. Одан басқа қатысушылар арнайы өз ойлары мен сезімдерімен бөлісуге мүмкіндік беретін рефлексия сессияларына қатысады. Бұл əлеуетті ашуға жəне дағдыларды дамытуға көмектеседі.

El.kz: Мұғалімдерді даярлау кезінде оқушының психикалық денсаулығына көңіл бөлетін əдіс-тəсілдер үйретіле ме? Мектептерде суицидке қарсы жоспарлар бар ма?

Гүлнар Салмен: Психикалық денсаулық деген өте қатты айтылған сияқты болып көрінеді. Себебі, денсаулық деген кезде, бұл жерде денсаулықтың қандай да бір бұзылыстары талкылануы мүмкін. Ал, жалпы баланың психикалық жағдайы мен ахуалына, көңіл-күйіне, əрине, назар аударылады. Біздің бүкіл дайындалған сабақтарымыз құрылым бойынша ғана емес, əр кезеңде балаға қалай көмектесіп отыру керек деген, алдында айтылған гуманистік шеңберден тұратын, ол адамды кез-келген процесстің ортаңғы немесе ең маңызды объектісі ретінде қарау. Сонда əрине біз əр оқушыға, оқу процессінің объектісі ретінде қараған кезде, көңіл күйін, жағдайын, бэкграунд, яғни қандай тəжірибе мен қандай отбасыдан келгеніне мəн береміз. Біздің оқу бағдарламамызда бір көзқарас бар - егер адам өзін-өзі жақсы түсіне алмаса, ол басқаны да жақсы түсіне алмайды. Сол себепті біздің тренингтарымыздың ішінде қатысушыларға өздерін түсінуге көмектесетін көптеген жаттығулар бар. Соларды үйрене отырып, əр-түрлі тəсілдерді өздерінің оқушылармен қолдана алады жəне балалардың жағдайларын көбірек түсінуге мүмкіндік бар. Ал егер, мысалы денсаулық туралы айтатын болсақ, бiзде ерекше білім талап ететін балалар бар. Бұл жерде бізде қосымша сыртқы, осы салада танымал эксперттерді арнайы шақырып, тренингтер өткізілген, себебі бұл тақырып өте ауқымды екені белгілі.

El.kz: Бағдарламаны іске қосу кезінде жəне оны жүзеге асыру барысында қандай негізгі қиындықтарға тап болдыңыздар?

Гүлнар Салмен: Бағдарламаны іске қосу жəне жүзеге асыру барысында біз бірнеше сынақтарға тап болдық. Біріншіден, ең басында біз аз ғана команда болғандықтан, барлығын бірден ойластыру, жан-жақтан пайда болған мəселелерге жедел түрде жауап беру оңай болмады.

Екіншіден, серіктес мектептерді табу жəне олармен қарым-қатынас орнату нағыз сынақ болды. Көптеген мектептер мен қауымдастықтар жаңа əдістер мен тəсілдерге қауіппен қарады. Бұл өзгерістердің артықшылықтарын түсіндіруге жəне сенімді қарым- қатынастар орнату біраз күш-жігер жұмсауды талап етті. Дегенмен, біз үмітсіздікке ұшыраған жоқпыз. Бұл қиындықтар бізге үйренуге жəне бейімделуге мүмкіндік берді.

El.kz: Teach for Qazaqstan бағдарламасы аймақтардағы білім беру сапасына қалай əсер етеді? Қандай өзгерістер орын алды?

Гүлнар Салмен: Біз жас бағдарлама болғандықтан, едəуір əсеріміз туралы айту əлі ерте. Teach for Qazaqstan бағдарламасы білім беру саласындағы жүйелік өзгерістерге назар аудара отырып, шағын қадамдардың айтарлықтай нəтиже мен өзгерістер əкеле алатындығын көрсеткіміз келеді. Біз əрбір мұғалім, оқушы жəне əрбір жаңашылдық үлкен өзгерістердің катализаторы бола алатынына сенеміз. Сыныптар мен қауымдастықтар деңгейінде жасалатын кішігірім күш-жігерлер, мысалы, оқытудың жаңа əдістерін енгізу жəне ата-аналарды белсенді тарту, білім сапасын тұрақты жақсартудың негізін қалайды.

El.kz: Бағдарламаға қатысқан мұғалімдердің немесе студенттердің жетістіктерімен бөлісе аласыз ба?

Гүлнар Салмен: Біздің бағдарламаның қатысушысы Назира физика жəне математика мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол өз мектебінде инклюзивті қоғамды дамытуға көп көңіл бөледі. Бұған дейін оның осы бағытта ерікті болып жұмыс істеген тəжірибесі бар. Назира өз сыныбындағы ерекше қажеттілігі бар оқушы қыз баланы ата-анасымен бірге фестивальға апарды, бала сонда өнер көрсетті. Оның өнер көрсеткенін ара-тұра қорлық көрсетіп жүрген қыз сыныптастары да көре алды. Фестивальдан кейін ата-ана баласының өзін көрсете алатындығына таң қалып, оған сене бастады. Ал сыныптастары буллингті тоқтатты. Кейінірек, Назира мектепте мүлде басқа форматта, сенім атмосферасында форум өткізді.

Екінші біздің қатысушымыз Алина бір оқушыға үйде сабақ береді, бұл ЦСА (церебральды сал ауруы) жəне ЖАК (жеңіл ақыл-ой кемістігі) диагнозы бар бала. Ол 9-сыныпта оқиды. Басында оқушы ұялып, сабақта көбіне “білмеймін, түсінбедім” деп аз сөйлейтін. Бірнеше сабақтан соң, ол ашылып, көбірек сөйлей бастады жəне тіпті, Алинаны есікке дейін өзі шығарып салатын болды. Баланың анасы баласын көптен бері мұндай жігерлі күйде көрмегенін атап өтті. Оның сөзінше, ол əрдайым Алинаның сабақтарын күтеді. Ол үстел басына отырмай жатып, үй тапсырмасының сұрақтарына жауап беріп, əр сабаққа тыңғылықты дайындалып, жауап беруге дайын тұрады.

Фото: Teach for Qazaqstan

El.kz: Жоба өз миссиясын орындап жатыр ма? Сіз үшін қандай көрсеткіштер маңызды?

Гүлнар Салмен: Қазіргі таңда Teach for Qazaqstan бағдарламасы өз миссиясын орындап жатыр. Бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі - білім саласындағы теңсіздікті азайтуға көмектесетін қоғам құру. Біз жанашыр адамдарды белсенді түрде тартып, қоғамдағы поляризацияны азайтуға тырысамыз. Осының барлығы бізге күш-жігер беріп, миссиямызға жетуге көмектеседі. Біздің жұмыстың басты көрсеткіші — əр баланың өзіне жəне мүмкіндіктеріне деген сенімі. Біз оқушылардың өз потенциалын түсініп, дамытуына мүмкіндік беретін жағдайлар жасауға ұмтыламыз. Бұл олардың болашақтағы жетістіктерінің негізі болмақ.

El.kz: Teach for Qazaqstan жобасы болашақта қалай дамиды?

Гүлнар Салмен: Болашақта Teach for Qazaqstan бағдарламасы Қазақстанның барлық өңірлеріне, ең шалғай жəне қолжетімсіз жерлерді қоса алғанда, кеңейуді жоспарлап отыр. Біз осы аймақтарда сапалы білім алуға қолжетімділіктің едəуір проблемалары бар екенін түсінеміз, сондықтан біздің мақсатымыз — барлық балаларға, олардың орналасқан жеріне қарамастан, тең мүмкіндіктер қамтамасыз ету.

El.kz: Жобаны еліміздің басқа аймақтарында немесе халықаралық деңгейде кеңейту жоспарда бар ма?

Гүлнар Салмен: Иə, біз жобаны Қазақстанның барлық өңірлеріне кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Жергілікті контексттің маңыздылығын түсіне отырып, біз бағдарламамызды еліміздегі əртүрлі аймақтардың қажеттіліктеріне бейімдеу үшін тек Қазақстанның ішінде дамытуға назар аударудамыз. Бұл арқылы көбірек балаға сапалы білім алуға мүмкіндік беруді мақсат етеміз.

Халықаралық деңгейге келетін болсақ, Teach for Qazaqstan, 2007 жылы құрылған Teach For All жаһандық ұйымының идеясымен шабыттанған. Бұл ұйым білімдегі теңдікті қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейтін 63 тəуелсіз серіктес ұйымды біріктіреді. 2023 жылы біз 61-серіктес ел болып қосылдық, жəне əр елдің өзіне тəн бағдарламалары бар. Бұл бізге тəжірибе алмасып, үздік тəжірибелерді өзіміздің елде қолдануға мүмкіндік береді.

El.kz: Жобаның Қазақстандағы білім беру жүйесіне əсерін арттырудың негізгі стратегиялық қадамдары қандай?

Гүлнар Салмен: Жобаның Қазақстандағы білім беру жүйесіне əсерін арттырудың негізгі стратегиялық қадамдары бірнеше маңызды бағыттарды қамтиды.

Біріншіден, білім берудегі теңсіздік мəселелерін белсенді түрде жариялау, оның танымалдығын арттырып, кең аудиторияның назарын аударуға мүмкіндік беру. Екіншіден, біздің құндылықтарымызды бөлісетін жəне білім беру дамуына үлес қосуға дайын қатысушыларды тарту.

Сонымен бірге, корпорациялар мен бизнес өкілдерін əлеуметтік жауапкершілікке тартылуы өте маңызды.

El.kz: Жобаның сəтті дамуы үшін қандай қолдау қажет? Мемлекеттік немесе жеке серіктестердің рөлі қаншалықты маңызды?

Гүлнар Салмен: Қазіргі уақытта жобаның екі үлкен қиындығы бар: біріншісі — сапалы қатысушыларды шақыру, екіншісі — донорларды іздеу. Бізге осы екі бағытта көмек қажет. Егер біздің жоба туралы көбірек адамдар білсе, бұл білім беруді дамытуға үлес қосуға дайын қатысушыларды тартуға əкеледі. Сонымен қатар, егер біздің жоба танымал бола бастаса, бұл білім беру жағдайын шынымен өзгертетін бастамаларды қолдауға мүдделі донорлардың назарын аударады. Донорлар дəлелденген тиімділігі бар жобаларға инвестиция салуға тырысады жəне қиын жағдайларда жұмыс істеуге дайын күшті қатысушылардың болуы оларды қолдау үшін қосымша дəлел болады. Осылайша, біздің жобаның көрінуін арттыру бойынша жұмыс қатысушылардың сапасын да, қаржыландыруды тарту мүмкіндігін де айтарлықтай жақсарта алады. Дарынды адамдарды тарту мен донорлардың қолдауы арасындағы синергия біздің миссиямызды жүзеге асыруға жəне білім беру саласында айтарлықтай нəтижелерге қол жеткізуге көмектеседі.

El.kz: Жобаны жүзеге асыруда еріктілер мен қолдаушылар қандай рөл атқарады?

Гүлнар Салмен: Волонтерлар мен қолдаушылар Teach for Qazaqstan жобасында маңызды рөл атқарады. Олардың үлесі бізге мақсатымызға жетуге көмектеседі. Бізде про боно қолдау көрсететін көптеген серіктестер бар, олардың арасында бағдарламаның сарапшылары мен достары, олар қатысушылар мен оқушылар үшін дəрістер, тренингтер жəне арнайы жобалар өткізеді. Сондай-ақ, СДУ жəне НУ студенттері белсенді түрде қатысып, шараларды ұйымдастыруға көмектеседі.

Бұл қолдау біздің қауымдастықты құруға жəне нығайтуға мүмкіндік береді. Біздің Қорға про боно қолдау көрсеткен барлық адамдарға алғысымызды білдіреміз, себебі олардың көмегі шын мəнінде оқушылардың өмірін өзгертіп, мақсаттарымызға жетуімізге ықпал етеді.

El.kz: Мұндай білім беру жобасын жасауға жеке өзіңіз не түрткі болды? Жұмысыңызда қандай принциптерді ұстанасыз?

Гүлнар Салмен: Баланың туған жері оның болашақ өмірін айқындайды. Егер бала ауылда немесе қаланың шетінде туса өмірлік траекториясы қаланың ортасында туған баладан өзгеше болатынын бəрімізге мəлім. Бұл білім саласындағы теңсіздіктің бір белгісі. Мен өзім ауылда туып, кейін Астана қаласының шетінде тұрып білім алдым. Теңсіздіктің бірəзін өмірде көрдім, дегенмен қасымда мықты ұстаздар болды. Сондықтан, Teach for Qazaqstan мен туралы, мен сияқты балаларға қолдау көрсету, сенім білдіру. Жұмыста əділдік, сенім, көшбасшылық, инклюзия мен əртүрлілік құндылықтарына сүйенемін.

El.kz: Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы білім беру жүйесін жетілдіру үшін қандай шаралар қабылдау керек?

Гүлнар Салмен: Жалпы дүниежүзі бойынша білім беру саласы күйзелісте. Өмірдің реті мен салты тез өзгеріп жатыр, оған білім беру саласы ере алмай жатыр. Қазақстанда, білім саласында бала тек қабылдаушы емес, білім беру жүйесінің белсенді қатысушысы деген өзгеріс керек. Оған біз, ересек адамдар біраз өзгеруіміз керек, оқуымыз керек. Баланың толыққанды дамуына жағдай жасай алуымыз керек. Біз үшінші ағынға өтінімдерді қабылдауды аштық, ол 2024 жылғы 31 қазанға дейін жалғасады. Өтінімдерді арнайы сайтта толтыруға болады. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: