Тазы тұқымдас 50 итті тегін медициналық тексеруден өткізіп жатыр

23 Ақпан, 17:22 728

Қазақ тазыларын халықаралық дәрежеде таныту үшін тексере бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда қазақ тазысы тұқымын халықаралық дәрежеде таныту шарасына дайындық аясында осы тұқымға жататын 50 итті тегін медициналық тексеруден өткізіп жатыр.

Бүгінде ұлттық мұра – қазақ тазысы тұқымын сақтау және оның ежелден қазақы тұқым екенін халықаралық деңгейде таныту бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Қазақстан 2023 жылы Халықаралық кинология федерациясының (FCI) толыққанды мүшесі болды. Қазақ тазысы тұқымын халықаралық дәрежеде таныту үшін FCI-дың міндетті талаптарының бірі иттерді тексеріп, шыққан еліндегі тұқымның жай-күйі мен даму болашағын зерделеу керек.

Ендігі маңызды мәселе, Қазақстанды Халықаралық кинологиялық федерацияда (FCI) осы тұқымдардың шыққан елі ретінде бекіту, - деді Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Одақ мәліметінше, биылғы мамырда Астанада халықаралық көрме өткізу жоспарланып отыр, соның аясында арнайы халықаралық комиссия қазақ тазысы тұқымды иттерді тексереді.

Тексеріс нәтижелері бойынша комиссия өз қорытындысын шығарады, ол Халықаралық кинология федерациясы Бас комитетінің қазақ тазысын халықаралық дәрежеде тану және «Kazakh Tazy» брендін Қазақстанға бекітіп беру туралы шешіміне негіз болады.

Қазақ тазыларын тегін медициналық тексеруден өткізуді Қазақстан кинологтар одағы ұйымдастырды. Бұл тексеру Халықаралық кинология федерациясының жаңа тұқымды тануға қоятын талаптарының бірі. Иттер мынадай аурулар бойынша тексеріледі: жамбас және шынтақ буындарының дисплазиясы, көру органдарының тұқым қуалайтын патологиялары, жүрек-тамыр жүйесі аурулары, сондай-ақ, кереңдік, пателла люксациясы және тағы басқа

Айта кетейік, биыл қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрсету бағдарламасы аясында тазы жарыстары жоспарланған.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: