20 Қазан 2016, 06:56
Бүгін елордадағы Көрме орталығында «Beauty Expo Astana 2016» халықаралық мамандандырылған көрмесі басталды.
Көрмеге қатысушы сұлулық әлемінің кәсіби шеберлері түрлі өнімдерінен тыс, қызмет көрсету саласының алуан әдістерін ұсынумен ерекшеленді. Тіпті кейбір косметологиялық орталықтар тұтынушыларға ақысыз негізде бет күтіміне байланысты қызмет түрлерін көрсетсе, кәсіби шаштараздар шаш үлгісін жасау арқылы шеберлік сыныптарын өткізді.
Көрме залын аралау барасында сөрелерге жайғасқан қазақстандық «Айсәуле» табиғи косметика өнімдері назар аудартпай қоймады. Отандық өнімнің ерекшелігі – оңтүстік Қазақстан облысында өсетін табиғи таза емдік шөптерден жасалуында.
«Айсәуле» табиғи косметика өнімдерінің авторы Сәуле Мұсаева, химия ғылымдарының кандидаты:
Жасым қырыққа келгенде барлық әйел затын толғандыратын сұрақ мені де мазалай бастады. Ғылыми жұмыспен айналыса жүріп, осы мәселені зерттей бастадым. Біздің оңтүстік Қазақстан облысы дәрілік қасиетке бай, емдік шөптерге өте бай. Әр шөптің пайдасы, емдік қасиеті туралы мәліметтерді зерттеп, жиыстыра бастадым. Дәнді дақылдарды да зерттеп, бетке арналған формула әзірледім. 2009 жылдың қаңтар айынан 2011 жылға дейін эксперимент жасадым. Косметологиялық залдан орын алып, дайын болған формуланы тұтынушылардың бетіне жағып, тәжірибе жүзінде сынадық. Терінің түрлі типтеріне жағып көру арқылы нәтижесін білдік. 2011 жылдың сәуір айында формула толық дайын болды. 2012 жылы патенттедім. 2013 жылы маусым айында терінің барлық түрлеріне жағуға жарамды деген инновациялық патенттің иесі атандым. Алдымен Кәсіпкерлер палатасына барып, отандық өнім өндіруге ниетті екенімді айтып, ақыл-кеңес сұрадым. Олар маған бағыт көрсетіп, «Даму» бағдарламасына жол сілтеді.
Патент иесі осылайша кәсіпкерлер арасында ұйымдастырылған байқауға қатысып, 3 млн грант жеңіп алыпты. Сол қаражатты шағын кәсібін дөңгелетіп, қыз-келіншектерге арналған табиғи косметика түрлерін өркендетуге жұмсауда.
Сәуле ханымның айтуынша, қазір өндірістік цех толықтай арнайы құрал-жабдықпен жабдықталған. Цехта 16 түрлі өнім өндіріледі. Бәрі де бет терісінің күтіміне арналған өнімдер.
«Айсәуле» брендінің ерекшелігі – биологиялық белсенді қоспалардан айрықша үйлесіммен жасалғандығында, консервантсыз, экологиялық жағынан таза, 100 пайыз нәрлендіретін, ылғалданыратын қасиетінде. Тұтынушылар үшін бағасы да қолжетімді екенін айта кеткен жөн.
Көрме 21 қазанға дейін жалғасады.
Айша КЕРЕЙ
Суреттердің авторы Нұрбек Әлманбетов