2025 жылғы 10–18 сәуір аралығында еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде «Түлектердің ағаш егуі» атты экологиялық акция өтті. Бұл шараға 1623 мектептің 9 және 11-сынып түлектері – жалпы саны 85 977 оқушы қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Акция аясында 55 787 жеміс ағашының көшеті – алма, алмұрт, өрік, шие, сондай-ақ гүлдер отырғызылды.
Аталған іс-шара түлектердің қоршаған ортаға деген жанашырлығы мен туған жерге алғысын білдіретін игі дәстүрге айналды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы Жазира Жақанованың айтуынша:
«Бүгінгі күнге дейін «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпы саны 20 экологиялық іс-шара өткізілді. Оның ішінде:
5 аумақты тазалау акциясы,
5 ағаш отырғызу шарасы,
2 су айдындары мен бастау көздерін тазалау іс-шарасы,
6 экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған білім беру және халықаралық іс-шаралар қамтылды.
Бұл шараларға 350 мыңнан астам адам, соның ішінде 43 мың волонтер қатысты. Нәтижесінде 18 тоннаға жуық қоқыс жиналып, 390 мың гектар аумақ тазартылып, 137 мыңнан астам көшет отырғызылды», – деді сарапшы.