"Таза Қазақстан": Шымкенттіктер акция аясында белсенділік танытты

"Таза Қазақстан": Шымкенттіктер акция аясында белсенділік танытты

Шымкенте экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қаланың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті, деп хабарлайды El.kz  интернет порталы.

Әкімдік мәліметінше, тазалық акциясына Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарының әкімдіктері, коммуналдық мекемелер, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлік субъектілері, еріктілер, аудан белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.

Абай ауданы аумағында тазалық жұмыстары Шымсити шағын ауданында жүргізілді. Әл-Фараби көшесі мен өзге де көшелерде жолдар, аяқжолдар, ирригациялық жүйелер тазартылып, шөптер орылды, газон қырқылып, өзге де санитарлық жұмыстар атқарылды. Сенбілікке 400-ге жуық адам қатысып, 18 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 34 тонна қоқыс шығарылды.

Әл-Фараби ауданында да осындай жұмыс түрлері атқарылды. Тазалық жұмыстарына 414 адам қатысып, 14 арнайы техника пайдаланылды. Жалпы, 32 тонна қоқыс шығарылып, полигонға жеткізілді.

Еңбекші ауданында жол жиектері тазаланып, қураған ағаштар мен бұтақтар кесілді, шөптер шабылып, аулалар мен қоғамдық аумақтарда санитарлық жұмыстар жүргізілді. Сенбілікке 1000-нан астам адам қатысып, 31 техника жұмылдырылды, 75 тонна қоқыс шығарылды.

Қаратау ауданында қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер мен еріктілер бірлесе отырып, көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартты. Жиналған қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды.

Тұран ауданында тазалық жұмыстары бір мезетте бес аймақта өтті. Сенбілікке 20-дан астам арнайы техника мен жүздеген қала тұрғыны қатысты.