«Таза Қазақстан»: Президент Іс басқармасының кәсіпорындары акцияға атсалысты

3 Қараша, 21:35 435

«Таза Қазақстан» акциясына  Президент Іс басқармасына қарасты кәсіпорындар белсенді қатысып жатыр. Бүгін «Almaty Resort» шипажайы қызметкерлері экологиялық іс-шараға қолдау білдіріп, сенбілікке шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, тазалық шарасына емдеу-сауықтыру кешенінің басшылығы, дәрігерлер, тамақтану бөлімі және шаруашылық бөлімі қызметкерлеріне дейін білек-сыбана кірісті. Шипажай аумағындағы шашылған жапырақ мен қураған ағаш бұтақтары, басқа да қоқыстар тазаланды.

Осындай қоғамдық жұмыстарды жиі ұйымдастыру керек. Бұл  экологиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді, халық қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсінеді. Сонымен қатар, үлкен тату ұжымда корпоративтік рух нығая түседі,- дейді инженерлік-шаруашылық қызметінің басшысы Евгений Чудин.  

Экологиялық акция аясында шипажай аумағынан 2 жүк көлігіне тиелген қоқыс шығарылды.

Айта кетейік, медорталыққа қарасты Ұлттық госпиталь ұжымы да экологиялық акцияларға үнемі атсалысып келеді. Мекеменің аула тазалығына жауапты қызметкері Әбдіжапар Байзақов осында 9 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Көктем шыққалы бірнеше сенбілікке қатыстық. Біздің ұжымның мүшелері өте еңбекқор, мәдениетті, кішіпейіл. Сенбілік сайын жұмысқа қажетті заттарын алып, құлшынып шығады,- дейді ол.

Бұл күні Іс басқармасына қарасты «ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» кәсіпорнының ұжымы да экологиялық акциядан тыс қалмады. Жыл басынан бері үшінші рет сенбілікке шыққан қызметкерлер елордадағы Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан гүлзарда тазалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 6 мың гектарға жуық жерді алып жатқан гүлзар аумағы тазаланды. Одан бөлек, мекеменің инженерлік корпусындағы сорғылар тазартылды. 

(Фото: Президент Іс басқармасы)

(Фото: Президент Іс басқармасы)

Перизат Саденова
Бөлісу: