Адам іс-әрекетінен артық табиғаттың жай-күйіне әсер ететін ешқандай табиғи апат жоқ. Улы қалдықтардың шығарындылары су, ауа, жер қыртысын улап қана қоймай, тұтастай экожүйенің бұзылуына әкеледі. Қоқыс – жақын күндері қайтарымсыз процесске айналатын жаһандық экологиялық проблема. Бұл мәселе жылдар бойы жиналып, жүйелі экодағдарысқа айналуы ықтимал. Осыған орай El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жасыл желектер егіп, су ағатын арық пен каналдардың көзін ашқан отандастарымыздың игі ісін ұлықтап, республика бойынша тазалық науқанының өткізілу барысына шолу жасады.
Елімізде 8 сәуірде «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы бастауын алды. Акция 5 аптаға созылып, әрқайсысы белгілі бір тақырыпты қамтыды.
Бірінші апта 13 сәуірге дейін жалғасып, «Таза өлке» атауымен өтті. Осы апталықта тұрғындар, қоғам, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері жақын маңдағы аумақтардың территориясын тазалады. «Киелі мекен» апталығы 20 сәуірге дейін жалғасып, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағы абаттандырылды. Келесі жеті күні 27 сәуірге дейін созылып, «Жасыл аймақ» тақырыбында өтті. Аты айтып тұрғандай, ағаш көшеттерін отырғызу мақсатында ұйымдастырылды. 4 мамырға дейін «Өнегелі ұрпақ» апталығы өтіп, ардагерлер мен қарт кісілердің үй аумақтары тазартылды. Соңғы «Мөлдір бұлақ» атты апта өзен-көлдердің айналасындағы қоқыстарды жинаумен ерекшеленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдап, жалпықалалық сенбілікке қатысқан болатын. Сенбілік барысында Президент елордадағы «Ұлытау» аллеясында ағаш отырғызып, қала тазалығына өз үлесін қосқан еді.
Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл - бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын, – деді ол.
Тазалық іс-шарасының барысында Президент жастармен тілдесіп, қоғам арасында экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты қорғау мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Заң мен тәртіпке бағыну қажеттілігі айтылып, вандализммен күресу маңыздылығы талқыланды.
Республика бойынша өткен науқанды қос қолдап, қатысуға ниет танытқандар қатары көбейді. Мәселен, аталмыш экологиялық акцияны Түркістан облысының белсенділері құп көріп, саябақтарға ағаш көшеттерін отырғызып, ауыл-аймақтың тазалығына баса назар аударды. «Таза өлке – Түркістан» лозунгысын ұстанған тұрғындар көше абаттандыруды қолға алды. Шараға танымал боксшы Сәкен Бибосынов қатысып, спорттағы үзенгілестерімен бірге көшет отырғызды. Осылайша, әлем чемпионы титулы бар спортшы туған өлкесінің көркеюіне үлес қосып, ерлік жасады.
Науқан барысында Түркістан облысында 146 шақырым аумақтағы өзен-каналдар тазартылып, 1 500 көше мен үй аулалары абаттандырылды.
Жамбыл облысының жанашыр тұрғындары да құр қол қарап қалмай, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы бастаған белсенділер тобымен бірлесіп, тазалық жұмыстарына ден қойды. Тазалық жұмыстары барысында ауданның орталық алаңындағы ағаштар әктеліп, демалыс орындары тазартылды. Мекеме ғимараттарының айналасы, арықтар толықтай тазаланды. Биыл ауданда 5 000 түп ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр. Аталмыш межеге жете қоймаса да, жалпы саны 3 257 ағаш егілді. Оның 350-і - арша, 350-і туя, 1800-і қарағаш және 227 түп қораз талдары бар. Акция аудандағы 42 елді мекенде жалғасын тапты. Шараға жастармен қатар аудан ардагерлерінің қатысуы ұрпақ сабақтастығының айқын дәлелі болды. Қолдарына тазартқыш құрал-саймандарын арқалап әкелген жастар қарт кісілердің үй-жайын, арық-атыздарды қоқыстан тазартты. Осылайша ақсақалдар мен жастар аула ішінде 50 түп жеміс және 50 сәндік ағаш көшеттерін отырғызып, ізгілік жолын жалғады.
Жалпыхалықтық экологиялық науқанға қостанайлықтар да белсенді атсалысты. Мәселен, аудандық жастар орталығының өкілдері «Менің ЕСО-іздерім» атты тақырыпта экологиялық квест-ойынын ұйымдастырды. Ауқымды іс-шараға Жітіқара ауданындағы жастар ресурстық орталығының 50-ге жуық мүшесі қатысты. Олар еңбек отрядындағы жастардың, колледж студенттерінің басын қосып, 5 командаға бөлінді. Квест ойынының шарты бойынша әр команда бір сағатта Шортанды өзенінің жағалауынан Жеңіс саябағына дейінгі территорияны толық тазартып шығуға міндеттелді. Осы уақыт аралығында ең көп қоқыс жинаған үздік командалар жүлделі орындарға ие болып, алғысхатпен марапатталды. Әр қатысушы Мемлекет басшысының бастамасын қолдауды жөн санап, осы тектес экологиялық кампанияларды өткізудің маңызыдылығын мойындады.
Осындай квест-ойынға алғаш рет қатысып тұрмын. Қоршаған ортаға титтей болса да үлесімді қостым деген ойдамын. Бұл идеяны қолдап, жүзеге асыруға көмектескен жандарға алғысым шексіз,- деді «Лидер» ЖҚБ еріктісі Айдана Жақыпова.
Қостанай жұртшылығы ауданда экологиялық іс-шаралар әлі де жалғасын табады деп отыр.
Ал Шым қала тұрғындары іргелес аумақтар мен межеленген аулаларды тазалап, көгалдандыруды әп-сәтте бастап кетті. Тазалық іс-шарасы #TazaShym лозунгысында өтті. Науқанға «Шымсити», «Тұран», «Асар» және өзге де іргелес шағын аудандарының жанашыр экобелсенділері қатысып, тазату жұмыстарына 20-ға жуық техника жұмылдырылды.
Талдықорған тұрғындары да «Таза Қазақстан» акциясы аясында ескерткіштердің аумағын жинастырды. Науқанға І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері атсалысып, көше тазалығын қамтамасыз етуге сеп болды. Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдығына орай шараға жиналғандар жазушы өміріндегі жарқын сәттерді баяндап, өлеңдерін жатқа айтып жарысты. Сон соң Шоқан Уәлиханов, Әбілхан Қастеев, Мұхаметжан Тынышбаев сынды қазақ зиялылары ескерткіштерінің айналасы қоқыстан тазартылды.
Астаналықтар тақырыпқа қатысты экомарафон жоспарлап, 4 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.
Марафонға қатысушылардың дені – жастар. Арасында ересектер мен қарттар да бар. Олар іргелес аумақтарды жиыстыруға көмектесуден аянып қалмады. Қарсыластарын басып озғандар Сарыарқа ауданының әкімі атынан сыйлық және дипломмен марапатталды.
Қарағандылықтар плоггинг арқылы игі істердің бастамасын қоштады. Жарысқа 100-ден астам тұрғын қатысып, Федоров су қоймасының аумағын тазалады. Нәтижесінде 150 қап қоқыс жиналды.
Плоггинг барысында спортпен шұғылданып қана қоймай, қаламызға пайда әкелдік. Бұл - керемет шара! Тұрғындардан көшеге қоқыс тастамай, табиғатты аялауды сұрағым келеді. Қала тазалығы – өз қолымызда, - деп түсіндірді экологиялық еріктілер қозғалысының жетекшісі Рахат Райымбеков.
Экоакцияға Қарағанды Жастар ресурстық орталығының еріктілері, Бейсенов атындағы ҚР ІІМ академиясының қызметкерлері мен курсанттары қатысты. Айта кету керек, іс-шара қала әкімдігінің қолдауымен өтті.
Павлодардағы тазалық науқанына 100 жеңіл көлік, 70 жүк көлігі, 30 тиегіш мәшине жұмылдырылды. Әкімдік ұйымдастырған шараны мемлекеттік мекемелер мен ұйым қызметкерлері, жанашыр павлодарлықтар қолдады.
Жасыл желектердің санын арттыру мақсаты еліміздегі ақ халатты абзал жандардың да басын біріктірді.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың денсаулық сақтау басқармалары медицина қызметкерлерімен бірлесіп, экологиялық ортаны жақсартуға тырысып бақты. Шара барысында 23 мыңнан астам көшет отырғызылып, желілік саябақтар гүлдене түсті. Мәселен, Жетісу облысының медицина қызметкерлері экобелсенділерге Қаратал өзенінің аумағын қоқыстан тазартуға көмектесіп, 165 жас ағаш отырғызды.
Ақтөбелік дәрігерлер қала маңын ретке келтіріліп, 1500 ағашты жаңартты.
Алматы облысындағылар 5 түрлі 4 мыңнан астам көшет отырғызып қуантты. Шымкент пен Маңғыстау облысының 3 мыңнан астам медицина қызметкері де акциядан тысқары қалмай, аумақты абаттандыру мен көгалдандыруды қолға алды.
Айта кетсек, «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына республика бойынша 40 мыңнан астам дәрігер қатысты.
Жанашыр алматылықтар ардагерлердің, жалғызбасты зейнеткерлердің ауласын жинап, жақсылық жасаумен жарысты. «Алматы – біздің ортақ үйіміз» тақырыбында жалғасын тапқан акция жалғызбасты зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар қарт адамдардың үйін, ауласын тазалауды мақсат етті. Осылайша, 866 ерікті 114 үйді ретке келтіріп, мұнтаздай қылып жинап берді.
Елорда тұрғындары науқанды ұйымдастыруда аса жауапкершілік танытты. Мәселен, Астана қаласының кәсіпорындарымен бірге Ақбұлақ арнасын қоқыстан тазартты. Ақбұлақ – астаналықтар демалатын және спортпен шұғылданатын орындардың бірі.
Ақылдаса келе, осы орынды таңдадық. Серуендеуге су арнасының айналасы таза болғанын қалаймыз. Сол себепті Ақбұлақ арнасының аумағын қоқыстан тазаладық, - деді кәсіпорын қызметкері Асыл Рыспаев.
Сондай-ақ, Астанада рұқсат етілмеген екі полигон жойылды. Елорда әкімдігінің ресми сайтына сенсек, 1500-ден астам студент пен елордалық мәслихат депутаттары «Нұра-Есіл» каналынан 200 тоннадан астам қоқыс жинады.
Астананың «Технодом», «Әсем», «Джафар», «Магнум», «Ажар» және «Тұлпар» сауда орталықтарының аумағында да ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар эконауқанның 1000-нан астам қатысушысы Сарыбұлақ өзенінің жағасынан 200 тоннадан астам қоқыс жинады. Ауқымды науқан аясында қаланы санитарлық тазарту, арық канализациясы, көшелерді, тротуарларды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Елорданы көгалдандыруға бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов, белгілі боксшылар Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымберген, Нұрбек Оралбай, Қамшыбек Қонқабаев атсалысты. Кезекті сенбілікке №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысып, 30-ға жуық жөке ағашын отырғызды.
Еуразия ұлттық университетінің эко-еріктілері науқан аясында Алматы ауданының тұрғындарына 400 көшетті тегін таратты. Тұрғындар өздерінің тұрғын алабына қарағаш, терек, сирень секілді ағаштарды отырғызды. Жоғарғы оқу орнының аумағында тазарту жүргізіліп, ректор, проректорлар, факультет декандары, оқытушылар мен студенттер көшет отырғызумен айналысты.
Астана көшелерін абаттандыруда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы да белсенділігімен көзге түсті. Тазалық жұмысына 100-ге жуық жауынгер қатысқан болатын.
Қарағандыда «Мәңгілік алау» мемориалды кешені тазаланды. Ұлы Отан соғысы батырларының ескерткіш тақтайшалары жуылып, мемориалды кешен маңындағы қосықтар сыпырылды. Осылайша қарағандылықтар туған қалаларын абаттандырып, көркейтуге бар күштерін салды.
Ақтөбе қаласында «Таза су айдыны» апталығы өткізілді. «Жасыл ел» жастар еңбек отряды, балық инспекциясының қызметкерлері, «Ақтөбе балықшылары» еріктілер қозғалысы және «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері Ақтөбе су қоймасын тазартты. Жарты күн ішінде еріктілер шамамен 40 тонна қалдықты аймақтан шығарды.
Еріктілер тарапынан Road-эстафеталар да өткізіле бастады. Мәселен, мұндай эко-керуен Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарын қамтыды.
Қоқыс тазалап қана қоймай, эстафетаға қатысушылар ірі елді мекендерде жастармен жүздесіп, қоғамдық қабылдау өткізді.
Road-эстафетадағы ең үлкен аймақ – Қарағанды облысы. Сол себепті белсенділердің қатары да көп. Жастарды қоқысты сұрыптауға ынталандырып, олармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу, аймақты қоқыстан тазарту тәрізді әр нүктеде жан-жақты жұмыс басталды. Жамбылдық рухтастарға сәттілік тілейміз!, - деді Ержан Хамитов.
Ұлытау облысында да тазалық акциялары өтті. Облыс әкімдігінің мәліметінше, ауқымды шара аумақтарды тазалаумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттілігіне назар аударту мақсатын көздеді. Қуантарлығы, қатысушылардың барлығы белсенділігімен көзге түсті. Акцияға барлығы 245 ұжымнан 2000-нан астам адам мен 68 арнайы техника жұмылдырылды. 70 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
«Таза жағалау» акциясы Атырау тұрғындарының назарынан тысқары өтпеді. Науқан тұрғындар тарапынан қолдау тауып, жастар мен экоеріктілердің басын біріктірді. Іс-шара барысында жастар мен өскелең ұрпаққа қоршаған ортаның тазалығына мән беру маңыздылығы көрсетілді.
Туризм төріне айналған Катонқарағайдың 200-ден астам тұрғыны бей-жай қалмай, аудан көшелері мен жылғаларды қажетсіз дүниелерден тазартты. Салдарынан 3 тонна қоқыс жиналып, қала сыртына шығарылды.
Абай облысының мыңдаған азаматы басты алаңға жиналып, көшелер мен саябақтарды сыпырып, тазалауға білек сыбана кірісті. Апта сайы сенбілік ұйымдастырып, халықтың экологиялық мәдениет деңгейін көтеруге тырысып бақты. Мәселен, Бесқарағай ауданын тазалау жұмыстарына шамамен 100-ге жуық тұрғын қатысты.
Апта сайын жиналып, көшелерімізді қоқыстан тазартып, шөптерді қиып тұрамыз. Осы тектес іс-шаралар арқылы Бесқарағайды көгалдандыруға септігіміз тисе, бізден асқан бақытты жан жоқ,-деп ағынан жарылды ауыл тұрғыны Елена Глазинская.
Жетісу облысының белсенді жастары тарапынан да эконауқан қолдау тапты. Облыс бойынша жалпыұлттық тазалық шарасына 160 мыңнан адам қатысты.
«Жинаquest» атты эко-квестке 16-35 жас аралығындағы 100 адам топтасты. Қоқыс шығарудан бәсекеге түскен командалар ойын барысында танымдық сұрақтарға жауап беріп, сан алуан кедергілерді еңсерді.
Осы тектес жалпыхалықтық экоакциялар тұрақты негізде жүргізілсе, айналамызды таза ұстау әдетке айналып, экожанашыр азаматтардың қатары еселенетіні айқын.