«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды

8 Сәуір, 16:34 2009

8 сәуір күні республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Науқан бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Науқанның алғашқы күнінен 13 сәуірге дейін созылатын бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Бастапқы жеті күн ішінде елдімекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалайды.

Фото: gov.kz

20 сәуірге дейін жалғасатын екінші аптаға «Киелі мекен» аты беріледі. Бұл күндері тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. 27 сәуірге дейінгі үшінші аптаға «Жасыл аймақ» тақырыбы қойылып, бұл апталықта ағаш көшеттері отырғызылады және ағаштар әктеледі. «Өнегелі ұрпақ» деп аталған келесі апталық 4 мамырға дейін жалғасады. Айтылған күндері ардагерлер мен қарттардың аулалары тазаланып, оларды абаттандыруға көмек беріледі. «Мөлдір бұлақ» аты берілген соңғы, бесінші аптада су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.

Фото: gov.kz

Акцияға еліміздің өңірлері қосылуда. Мысалы, республикалық акция Алматы қаласында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» жалпықалалық науқаны аясында өтеді.

Оның мақсаты:

- қала тұрғындары арасында қоғамдық мәдениет деңгейін арттыру;

- қалалық мүлікке ұқыпты қарауға үйрету;

- қоғамдық орындардағы дөрекілік пен қоғамға жат теріс мінез-құлыққа тосқауыл қою;

- вандализмге қарсы қоғамдық сана тәрбиелеу;

  Игі бастама аясында қазақстандықтар ынтымақ пен өзара көмекке үйрететін, жақсы қасиеттерді насихаттайтын қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өтеді. 

Фото: gov.kz

Мегаполисте 8 сәуірінен 8 мамырына дейін өтетін «Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында коммуналдық қызметтер мен мердігерлік ұйымдар бағдаршам объектілерін, аялдама павильондарын, жол белгілері мен қаланың көше-жол желісінің басқа да инфрақұрылымын тазалау, жуу мен жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Осылайша бір ай ішінде Алматы Қалалық мобильділік басқармасы мен аудан әкімдіктері 480 бағдаршам, 1 765 аялдама павильонын ретке келтіріп, 300 мың шаршы метр жолға жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Қала құрылысын бақылау және құрылыс басқармалары объектілерді құрылыс алаңдарының нормаларына сәйкес келтіру, атап айтқанда абаттандыру қағидалары мен санитарлық нормаларды сақтау бөлігінде жұмыс жүргізетін болады.

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны туралы барлық ақпарат аlmaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналастырылған. Сондай-ақ, веб-сайтқа қала бойынша баннерлерде, плакаттарда арнайы орналастырылған QR-код арқылы да кіруге болады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: