13.09.2025
06:31
752
"Таза Қазақстан": Астанада алғашқы Эко-Хаб ашылды

"Таза Қазақстан": Астанада алғашқы Эко-Хаб ашылды

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акция аясында алғашқы Эко-Хаб өз жұмысын бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жоба тұрғындарға қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу үдерістері туралы жан-жақты ақпарат беріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді. 

Эко-Хабта пластик, алюминий құтылар, қағаз және өзге қалдықтарды бөлек қабылдайды. Сонымен бірге келушілер қайта өңделген материалдардан бұйымдар жасауды үйреніп, арнайы шеберлік сабақтарына қатыса алады. Жоба жетекшілері қалдықтардың жаңа өмірге қалай айналатынын тәжірибе жүзінде көрсетуді мақсат етеді.

ECO Network ұйымының бастамасымен іске асқан хаб балалар мен жастарға ерекше көңіл бөледі. Қалдықтарды қабылдау пунктімен қатар фандоматтар орнатылып, әрбір өткізілген бөтелке немесе құты үшін 2 теңге беріледі. Сонымен қатар «экокоин» жүйесі енгізіліп, экологиялық жауапкершілікке ынталандыру тетіктері қарастырылған.

Ұйымдастырушылар елордада кемінде алты Эко-Хаб ашуды жоспарлап отыр. Олар тұрғын үй алаптары мен оқу орындарының жанында орналасып, экологиялық мәдениетті кеңінен насихаттауға бағытталмақ.