Соңғы жылдары қоғамда баланың сөйлеу және психикалық дамуының кешеуілдеуі жиілеп барады. Мамандардың айтуынша, бүгінде әр он баланың сегізінде түрлі деңгейдегі даму кідірісі байқалады. Бұл құбылыстың себебі неде? Ерте белгілері қандай? Қай кезде дабыл қағу керек? Осы сұрақтарға жалпы тәжірибелі дәрігер, невропатолог және остеопат, терапевт маман Ботагөз Түгелтай жауап берді.
Маманның айтуынша, бала дамуындағы кідірістің негізгі себебі – орталық жүйке жүйесінің толыққанды жұмыс істемеуі.
Менің жалпы еңбек өтілім 15 жылға жуық болса, ерекше балалармен жұмыс істеп жүргеніме екі жылдан асты. Осы уақыт ішінде өзімнің авторлық әдістемемді қалыптастырдым. Бұл «құйымшақ техникасы» деп аталады. Бұл әдіс құйымшақ пен мидың өзара байланысын қалпына келтіруге негізделген, – дейді дәрігер.
Оның сөзінше, жұлын омыртқа өзегінде орналасады және ол құйымшаққа тіреледі. Егер осы аймақта қысылу немесе ауытқу болса, миға баратын сигнал мен қан айналымы бұзылады. Соның салдарынан бала дамуы тежеледі.
Қазіргі таңда неврологиялық аурулар өте көбейіп кетті. Бізге тек ЗПР, ЗРР ғана емес, сонымен қатар сколиоз, түрлі жүйке жүйесі бұзылыстарымен келетін балалар да жиі жүгінеді. Яғни мәселе тек сөйлеуде емес, бүкіл ағзаның, әсіресе жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуінде, – дейді маман.
Оның айтуынша, бала дамуындағы кідіріс көбіне ми мен жұлын арасындағы байланыстың бұзылуынан туындайды. Әсіресе омыртқа, мойын және құйымшақ аймағындағы қысылулар үлкен рөл атқарады.
Өз тәжірибесінде кешенді тәсілді қолданатынын айтады.
Біз тек бір бағытпен жұмыс істемейміз. Ми мен жұлын байланысын қалпына келтіру, қан айналымын жақсарту, бұлшықет тонусын реттеу – бәрі бірге жүруі керек. Сонда ғана нәтиже болады, – дейді ол.
Жаңа туған сәбидегі алғашқы белгілер
Ботагөз Түгелтай нәрестенің кейбір белгілеріне ерекше назар аудару керегін айтады.
Кей балаларда туғаннан кейін сарғаю ұзақ сақталады. Бұл – ағзадағы уыттардың белгісі. Егер ол уақытында шықпаса, миға да әсер етуі мүмкін. Сондықтан бала өмірінің алғашқы айларынан бастап оның жағдайын бақылау маңызды, – дейді ол.
Ботагөз Түгелтай бала дамуының кешеуілдеуіне әсер ететін бірнеше негізгі себепті атап өтті:
Қазіргі балалардың көпшілігі таза ауада аз жүреді, телефонға тәуелді. Оттегі жетіспейді, күн сәулесін жеткілікті мөлшерде алмайды. Мұның барлығы ми қызметіне әсер етеді. Сондай-ақ ананың дұрыс тамақтанбауы, тар киім кию (құрсақты қысып тұру), қозғалыстың аздығы, таза ауа жетіспеушілігі де себеп. Көп әйелдер жүктілік кезінде «жату керек» деп ойлайды. Бірақ қозғалыс аз болса, балаға оттегі жетіспейді. Соның салдарынан гипоксия пайда болады, – дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, ата-аналардың ең үлкен қателігі – баланың сөйлеуін ғана басты мәселе деп қабылдау.
Көп жағдайда ата-аналар баласы сөйлемесе, бірден логопедке апарады. Бірақ ең маңыздысы – сөйлеу емес, баланың түсіну қабілеті. Егер бала түсінбесе, ол сөзді тек қайталайды, бірақ саналы түрде қолданбайды, – дейді ол.
Сондықтан маман алдымен невропатолог пен психиатрға қаралу қажет екенін айтады. Тек толық тексерістен кейін ғана педагогикалық көмекке жүгінген дұрыс.
Дәрігер тәжірибесінде ата-аналардың әртүрлі мамандарға барып, уақыт жоғалтып келетін жағдайлары жиі кездеседі.
Көп ата-ана «10-15 рет бардық, нәтиже болмады» деп келеді. Ал кейбір жағдайда дұрыс бағыт таңдалмағандықтан ғана нәтиже болмай жатады. Уақыт – ең маңызды ресурс. Балаға көмекті кешіктіріп алу – ең үлкен қауіп, – дейді маман.
Маман ата-аналарға баланың дамуын ерте жастан бақылауға кеңес береді. Ерекше назар аудару қажет белгілер:
Бала дамуын бір жасқа дейін мұқият бақылау керек. Ал бес жасқа дейін медициналық тұрғыда түзетуге мүмкіндік өте жоғары – шамамен 80%. Кейін бұл көрсеткіш төмендейді, – дейді дәрігер.
Ботагөз Түгелтайдың айтуынша, олардың орталығында емдеу дәрі-дәрмексіз жүргізіледі.
Біз массаж, кинезиология және арнайы әдістер арқылы жұлынды босатып, ми мен дене арасындағы байланысты қалпына келтіреміз. Қажет болған жағдайда ғана дәрумендер тағайындалады, – дейді ол.
Оның айтуынша, алғашқы нәтижелер 10-15 күн ішінде байқала бастайды. Ал толық курс өткеннен кейін балада түсіну қабілеті қалыптасып, сөйлеу біртіндеп дамиды. Маман қазіргі балалардың денсаулығына тамақтану мәдениеті де кері әсер етіп отырғанын айтады.
Осындай жағдайдың алдын алу ең алдымен анадан басталады. Жүктілік кезінде дұрыс тамақтанбау, газдалған сусындар, фастфуд, қозғалыстың аздығы – бәрі балаға әсер етеді, – дейді дәрігер.
Ішек дұрыс жұмыс істемесе, бүкіл ағзаға әсер етеді. Қазіргі балаларда паразит көп, өт қоюланып кеткен. Бұл да дамуға әсер ететін факторлардың бірі, – дейді дәрігер.
Дәрігер қазақтың дәстүрлі тәжірибесінің де ғылыми негізі бар екенін атап өтті.
Бұрын балаларды бесікке бөлеген, күн сайын уқалап, созып отырған. Бұл қан айналымын жақсартып, бұлшықет тонусын реттейді. Ал қазір бала қозғалыссыз, төрт қабырға ішінде өсіп жатыр, – дейді ол.
Маман ата-аналарға баланы остеопатқа апарар алдында міндетті түрде оның медициналық білімі бар-жоғын тексеруге кеңес береді. Өйткені кейінгі жылдары остеопатия кең таралғанымен, бұл салада алаңдатарлық жағдайлар да бар.
Қазір остеопатия трендке айналып кетті. Үш күндік курс оқып алып, өзін «остеопатпын» деп жүргендер өте көп. Бір сеанс бағасы 20 мыңнан бастап, тіпті 200 мың теңгеге дейін барады. Бірақ ең маңыздысы – баға емес, маманның білімі. Біз миымен жұмыс істеп отырмыз. Бұл жай ғана массаж емес. Мидың қай бөлігі, қандай жүйке жолы әсер етіп тұрғанын тек анатомияны білетін дәрігер ғана түсінеді. Сондықтан мүмкіндігінше невропатолог-остеопат маманға жүгінген дұрыс, – дейді ол.
Ата-аналарға кеңес
Маманның айтуынша, ең бастысы – дұрыс бағыт таңдау.
Баланың дамуы кешеуілдесе, ең алдымен медициналық тексерістен өтіңіздер. Маманды дұрыс таңдаңыздар. Уақытты жоғалтпаңыздар. Себебі бес жасқа дейін түзету мүмкіндігі өте жоғары, – деді невропатолог дәрігер Ботагөз Түгелтай.