Тайландтан "ірімшік" әкелдім деп есірткі тасымалдаған Алматы тұрғынына сот үкімі шықты. Қылмыстық іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен қаралды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бас көлік прокуратурасының ақпаратына сүйенсек, сотталушы аса ірі көлемде есірткі заттарын контрабандалық жолмен өткізу және сату қылмыстары үшін кінәлі деп танылды.
Тергеу және сот процесі барысында оның есірткі және психотроптық заттарды кедендік шекара арқылы заңсыз өткізіп, оларды халықаралық пошталық сәлемдеме ішінде жасырғаны анықталған. Тыйым салынған заттар Таиланд Корольдігінен «Cheddar» ірімшігі түрінде жеткізілген. Алушы сәлемдеме ішіндегі заттарды үшінші тұлғаларға беруді жоспарлаған.
Құқық қорғау және кеден органдарының үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде қылмыстық әрекет сату сатысына жетпей тұрып әшкереленді. Мемлекеттік айыптаушы ауыр жаза тағайындаудың қажеттілігін негіздеп, сот бұл уәжбен келісіп, сотталушыны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ,-делінген ведомство мәліметінде.