Тәуелсіздіктің ең алғашқы үні телеарнада қалай хабарланды?

16 Желтоқсан 2023, 15:00 6229

Бүгін еліміздің тәуелсіздік алғанына 32 жыл толды. Атаулы күнді еліміз жылда ерекше атап өтеді. Жыл өткен сайын архивтарды ақтарып, тарихқа көз жүгіртіп, өткенге шолу жасағанды жөн көреміз. Әр жылы бір ерекше, тың ақпараттармен танысамыз. Тарихқа алтын әріппен жазылған тәуелсіздікті халқымыз қалай қабылдады? Қандай әсерде болды?  Тәуелсіздік бұқаралық ақпарат құралдарында қалай хабарланды? Сол кездері телеарнада жұмыс істеген журналист Гүлмира Дайрабаймен тілдесіп сұрап көрдік.  

Гүлмира Дайрабай еліміз тәуелсіздігін алған тұста  телеарнаға енді қадам басып жатқан жас маман еді. Тәуелсіздік туралы іс-шаралардың тізгінін ұстап, телеарналардан ақпарат таратты. Кейіпкеріміз сол кездегі естеліктерімен бөлісіп, сыр шертті.

– Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста сіз телеарнада тележүргізуші қызметінде жүрдіңіз. Бір сәт артқа көз жүгіртіп, өткенге оралсақ. Еліміз тәуелсіздігін алғанда жұмысыңызда, ортаңызда қандай өзгерістер болды? Ерекше есіңізде қалған жәйттар бар ма? 

Әрине бүгінде артқа қарасам, өмірім өзіме бір алтын әріппен жазылған тарих секілді. Тәуелсіздік мен үшін ең қымбат мерекелердің бірі. 1992 жылы тізгінді қолға алған кез оңай кезең болды деп айта алмаймын. Менің телевизиялық мансабым  1992 жылы 14 желтоқсанда Таңшолпан бағдарламасымен басталды. Соның ішінде 1992 жыл  Қазақстанның тұңғыш рет тәуелсіздік ақиқатын сезіне отырып, жаңа жылдың табалдырығынан жаңа егемен ел ретінде аттаған жыл болды. Дәл осы тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарыда көз алдымда. Жап жас қазақ қызы Гүлмира үшін 1992 жыл ерекше орны бөлек тарихы бар қиындығы да, қызығы да қатар жүрген жылдар болды. Өйткені, тұтастығын сақтап қалуы үшін барын салуға тура келді деп айтсам артық емес. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі осы бір жылдың ауқымында Қазақстан бағындырған биік, түрлі саяси шешімдер, халықаралық аренадағы өзіндік беделін анықтау, айқындау барысы, өзге елдермен қарым-қатынас шеңберін межелеу кезеңі үсті-үстіне қабаттасып жатты.

Ең бірінші егеменді елдің наурызды тойлағаны әлі есімде. Дәл сол ең бірінші егеменді елдің тұңғыш наурызын жүргізу маған бұйырды. 17 елдің басшылары қатысқан шарада тұңғыш рет үш тілде сахнада сайрап тұрып өткен мейрам болды. Өзімді  сол сәтте  бақытты сезіндім. Неге дейсіз ғой?! Ешқашан сахнада жүргізуші болу ойымда болмаған. Бірақ 17 жасымда тұңғыш тәуелсіздік туымен өткен наурызды тікелей эфирде миллиондаған қазақ халқы көргені, менің ата анамның сол сәттегі бақытты сәттері, бәрі мен үшін қымбат.

Тағы бір айта кетерлігі, 1992-1998 жылдары елімізде жұмыссыздық белең алды. Тіпті, көшеде сырғаңды құлағыңнан жұлып алып кететін «бандитский» заман болды. 1993 жылы жазда қасыма екі адам (үлкен апа ұлымен бірге – ред.) келіп, алтын сырғамды шешіп алып кеткен еді. Бір қыздың қыста лама пальтосын және аппақ етігін шешіп алып кеткен жағдайлар да болған. Сол кезде аялдамада қанша адам қарап тұрып, ешкім құтқармады. Осындай кезеңнен өттік. Телеарнада жұмыс істеп жүргенімде маған 1 жылдай жалақы төлеген жоқ.  Себебі жасым кәмелетке толмаған, оған қоса қазіргідей келісім шарт деген мүлде жоқ заман ғой. Солай бәріне шыдаған Гүлмира әлі күнге дейін кез келген қиындықтан қорықпайды. Керісінше «қиындық менен қорықсын» деп алға қарай ұмтылып келемін.

– Қателеспесем, еліміздің тәуелсіздік алғанын алғаш телеарнада Таңшолпан бағдарламасында өзіңіз хабарлаған едіңіз. Сол кезде бұл жаңалықты қалай хабарладыңыз? Қандай әсерде болдыңыз?

Ол кезде цензура қатаң болатын. Бекітілген текстке ешқандай импровизация, эмоция, реакция білдіруге болмайтын. Қатып қалған форматта оқып жеткізу ең басты талап болды.  Ол кезде әлі баламын ғой. Үлкендер секілді сезбесемде, бақыт құшағында болғаным анық. Үндемей қуанатын заман еді. Тыныш жүру, нан табу, білімді болуға ұмтылу деген мақсаттармен өмір жалғасты. Шүкір, өміріме ризамын. Тағдырыма, жолымда кездескен замандас аға-апаларымнан үйренерім көп болды. Шыдамдылық пен еңбекқорлықтың арқасында қалыптастым. 90-шы жылдардың маған берген байлығы осы болды. Бүгінде арамызда жоқ халық жазушысы Шерхан Мұртазаның өткір көзімен телеарнадан бір-ақ шықтым. Мен Шерағаның соңғы телевизиялық шәкірті болдым. Бұл мен үшін бөлек награда іспетті. Сол жылдары менімен бірге болған барлық үлкен-кіші әріптестеріме алғысым шексіз. Тағдыр өзі сені іздеп табады дегендей, телеарна өзі мені іздеп тауып арнаға шығарды. Бас иемін.  

– Жалпы 1990-91 жылдары еліміздің тәуелсіздігі туралы жаңалықтар, ақпараттар БАҚ-та қалай жарияланды? Халық бұл жаңалықтарды қалай қабылдады?

Тарихи сәт ерекше есімде. Менің байқағаным халық ерекше қуанды. Әрине, басында қиын болады. Бірақ өз жеріміз, шекарамыз, мемлекеттің қаржысын жасақтау қадамдары, өз алтынымыз бен алмасымызды өндіруге кірісу, өзге елдердің Қазақстандағы елшіліктерінің ашылуы іспетті үлкен қадамдар жасалды.  Оған қоса көк аспанда желбіреген көк туымызды көтердік, елтаңбаны таңбалап, әнұранды паш еттік. Ұлттың басына түскен тағдыр талайының табанын тоздырды. Сол кезде Алматының төрінде тарыдай шашыраған қазақтың басын қосып, дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткен еді. Талай сахнаның төрінде шаралардың тізгінін ұстап, халықтың қуанышына көзайым болдым. Тәуелсіз ел екенімізді сөзбен ғана емес,  іспен дәлелдеу үшін де, түрлі қиындықтарға қарсы тұруға тура келген жыл да осы 90-шы жылдар…

– Жалпы тәуелсіздік деген кезде ең алдымен нені еске аласыз?

1990 жылдардан бастап телеарна журналисі ретінде   шетелдегі қандастарды іздей бастадым. Бір күні, Лондон қазақтарын іздеп 78-ге келген қарияның 60-тан аса әулет мүшелерімен бірге басын қосып, отбасылық бағдарлама түсіргенмін. Мен келеді деп ол кісі тығылып жүріп мал сойғанын үйіне кіргенде бір-ақ білдік. Осы жерде айта кетейін, Ұлыбритания заңы бойынша сол қойды сойғаны үшін сотталып кетуі мүмкін еді. Сонда мен «ойбу, ата неге әуре болдыңыз, қанша шығын шығарып» дегенімде, «қарағым қаршадай қыз болсаң да  Қазақстаннан сізді іздеп келдім, сізді  ұрпағыңызбен бағдарламаға түсіріп, ұлттық арнадан миллиондаған қазақ халқы көрсін деп едім деген бір ауыз сөзіңнен», - деді.  Ақсақалдың ұрпағының алдындағы абыройын бір көтергеніме, оған қоса «соңғы 50 жыл Ұлыбританияда тұрып жатырмын, ешкім мені Қазақстаннанмын, телеарнаға түсіреміз, тіпті жәй кездесейік аға» деп айтпаған екен. Сол кездегі ақсақалдың жылап тұрып берген жауабы жүрегімде мәңгі шегеленіп қалды. «Бұл тәуелсіздіктің арқасы ғой көкем» деп мені құшақтап сұхбат бергені өте әсерлі болды. Сыртта жүрген қандастар егемендікті ерекше сезіммен қадірлейтіні байқалды. Тәуелсіз елдің ұрпағы жасай берсін!

Миражан Махан
Бөлісу: