Тәуелсіздік жылдары спортта жеткен жетістіктеріміз

24 Желтоқсан 2016, 19:00 5802

1991 жылдан бастап Қазақстан әлемдік деңгейдегі жарыстарға Тәуелсіз мемлекет ретінде қатыса бастады. 

1991 жылдан бастап Қазақстан әлемдік деңгейдегі жарыстарға Тәуелсіз мемлекет ретінде қатыса бастады. Ал ең алғаш Олимпиада ойындарына ұлттық құрама 1994 жылы өз спортшыларын алып барды. Бұл Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындары еді. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толу қарсаңында, el.kz сайтының редакциясы назарларыңызға осы 25 жыл ішінде Қазақстанның спорттан жеткен маңызды жетістіктерін ұсынады.

Ел қоржынындағы медальдардың көбі қай жарыста бұйырғанын өзіңіз де жақсы білетін боларсыз? Ол әрине жазғы Олимпиада ойындары. 1996 - 2016 жылдар аралығында Тәуелсіз Қазақстан жазғы Олимпиада ойындарында жалпы саны 69 медальға қол жеткізді. Олардың — 19-ы алтын, 22-сі күміс, 28-і қола медаль. (Айта кету керек, 2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті бірнеше спортшымыздың медальдарын допинг дауына байланысты қайтарып алды.)

Қазақстанда №1 спорт түрі — бокс екені бәрімізге аян. Медальдар саны жағынан да былғары қолғап шеберлері алда тұр. Олардың қанжығасында 7 алтын, 7 күміс, 8 қола медаль.

Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан 1994 жылдан бастап қатыса бастады. Өкінішке қарай, қысқы спорт түрлерінен медальдар саны көп емес. Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан — 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль иеленген.

Тұңғыш алтын алған қазақстандық спортшы

Владимир Смирнов тарихта — Тәуелсіз Қазақстан атынан алтын алған тұңғыш спортшы ретінде қалды. Ол 1994 жылы қысқы Олимпиада ойындарында шаңғымен жарыста үздік атанды.    

GGG

Тек қана Қазақстанның ғана емес, әлем спортының тарихында ойып орын алатын кәсіпқой боксшы — Геннадий Головкин. Бүгінде ол WBA, IBF, IBO, WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы.

Астана арландары

2010 жылы елімізде тұңғыш кәсіпқой бокс клубы құрылды. Олар өздерін — «ASTANA ARLANS» деп атады. Құрылған жылы-ақ олар әлем біріншілігінде 2-орын иеленіп, келесі маусымдарда екі дүркін чемпион атанды. Бүгінде астаналық арландар әлемнің ең үздік кәсіпқой спорт клубтарының қатарына кіреді. Клубқа — Олимпиада чемпионы, Вэла Баркер кубогының иегері — Серік Сәпиев басшылық етеді.

Жетігеннен шыққан Назым

2014 жылы қазақ спортының тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға орын алды. Алматы облысы, Жетіген ауылында дүниеге келген Назым Қызайбай есімді қазақ қызы бокстан Әлем чемпионы атанды. Бүгінде Назым — үш дүркін Қазақстан чемпионы және екі дүркін Әлем чемпионы.

«Астана» велошабандоздары

2006 жылы испандық «Либерти Сегурос — Вюрт» велокомандасы допинг дауына ілігіп, команданың демеушілері қаржыландырудан бас тартты. Қазақстандық Александр Винокуров, Андрей Кашечкин өнер көрсететін бұл топқа мемлекет демеу көрсетіп, «Astana Pro Team» деген жаңа атпен клуб қайта жасақталды. Осы уақыт аралығында велошабандоздар үшін ең ірі жарыс саналатын «Джиро д’Италия», «Тур де Франс» жарыстарын үш реттен жеңіп алды.

Тағы да — Астана!

Бұл жолы «Астана» футбол командасы жайлы айтпақпыз. Бір қызығы «Астана» футбол клубы екі алматылық команданың бірігуінен пайда болған. 2009 жылдан бастап өнер көрсететін команда бүгінде үш дүркін Қазақстан чемпионы және Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне жолдама алған жалғыз команда.  

Азияда!

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан 6 Азияда ойындарына қатысып, 138 алтын, 141 күміс және 200 қола медальға қол жеткізген. Сондай-ақ, қысқы Олимпиада ойындарында еліміз 69 алтын, 51 күміс және 44 қола медаль иеленді. Айтпақшы, қысқы Азияда ойындары 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өткен болатын.

Қорытындылай келе, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 125-тен аса кәсіби спорт клубы құрылған. Елімізде төрт миллионнан астам адам күнделікті спортпен айналысады.    

Рүстем Әлпи
Бөлісу: