523.86
544.34
5.11

Тауар биржалары микро және шағын бизнес санатынан шығарылады

parlam.kz
18 Қыркүйек, 11:15 453

Мәжіліс депутаттары бастамашы болған тауар биржалары мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасы мемлекет басшысының тауар биржаларының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленген. Тиісті заңнаманы жетілдіруге бағытталған түзетулер соңғы бес жылда үшінші рет әзірленіп отыр.

Заң жобасында мыналар ұсынылады:

- тауар биржаларын шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері ретінде алып тастау;
- стандартты аукционды және стандартталмаған тауарларды биржалық саудадан шығару;
- стандартталмаған тауарлармен сауданы электрондық сауда алаңдарына ауыстыру;
- тауар биржалары жұмысының қаржылық тұрақтылығы мен ашықтығына қойылатын талаптарды арттыру;
- тауар биржаларына қатысты мемлекеттік бақылауды кеңейту;
- биржалық сауда-саттыққа жосықсыз қатысушылардың тізілімін енгізу;
- брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау және оларды қаржы мониторингі субъектілері санатына қосу;
- биржалық боттардың қатысуымен жасалатын шарттарды елеусіз деп тану;
- әлеуметтік тауарлармен сауда жасайтын тауар биржаларына жоғары талаптарды енгізу.

Заң жобасы аясында сауда-саттықтың ашықтығын қамтамасыз ету үшін тауар биржалары қорытындыларды шығарғаннан кейін қатысушылар мен мәмілелер туралы ақпаратқа қатысты коммерциялық құпияны жария етуге міндетті болады. Бұл қазақстандық өндірушілердің ашық сауда құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді, - деді депутат Екатерина Смышляева.

Сонымен қатар олардың саудасы мамандандырылған электрондық сауда алаңдарына ауыстырылып, жер қойнауын пайдаланушылар ғана пайдаланатын стандартталмаған тауарлардың саудасы алынып тасталады. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алымды тауар биржалары арқылы айналып өту мүмкін болмай, отандық тауар өндірушілер сатып алымға кедергісіз қол жеткізе алады.

Тауар биржалары мәселелері бойынша түзетулер биржаларға қойылатын реттеуші талаптарды қатаңдатып, мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Осыған байланысты тауар биржаларын микро және шағын бизнес санатынан шығару, сондай-ақ брокерлер мен клиринг орталықтарын лицензиялауды енгізу ұсынылып отыр. Мемлекеттік бақылауды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де кеңейтеді: ол биржалық саудаға жосықсыз қатысушылардың тізілімін жүргізіп, тауар биржаларын лицензиядан айыруға және оларды тоқтатуға мүмкіндік алады, - деді депутат.

Сондай-ақ Үкімет конкурстық негізде әлеуметтік маңызы бар биржа тауарларының саудасы жүзеге асырылатын тауар биржаларының тізбесін айқындайды. Тауар биржаларының тізбесін Сауда және интеграция министрлігі бекітеді, оған көмір, бидай, мұнай және бірқатар азық-түлік өнімдері кіреді.

Миражан Махан
Бөлісу: