Тау бөктерін жоталарымен қоса алған. 900 гектар жер кімге өтіп кеткені анықталды

24 Тамыз 2023, 13:15 12059

Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде депутат, жер мәселесі бойынша машықтанған заңгер Бақытжан Базарбек Ерменсайдағы 860 га жердің жеке меншікке өтіп кеткенін айтып, дабыл қақты. Сөйтсек, бұл тау бөктелеріндегі жоталарға қорғаныс саласының генерал-мойоры Павел Новиков иелік етеді екен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше,  Алматы қаласының Бостандык ауданындағы «Іле Алатауы» ұлттық саябағымен шекаралас «Ерменсай» ықшам ауданының тау бөктерінде орналасқан 18 кадастрлік номерлі жер жеке меншікке өтіп кеткен.

Ең сорақысы, осы аталған жерлердің бір ғана иесі бар және жердің жалпы көлемі 1 мың шаршы метрден асып кеткен. Жалпы 18 жер учаскесінің аумағы таудың 14, 6 шаршы километрін құрайды. Басқаша айтқанда, Алматы қаласының Бостандык ауданының жалпы жер көлемінің 5/1 бөлігін қалыптастырады, - деді Базарбек.

Оның айтуынша, тау бөктеріндегі жер 2016 жылы қаңтарда Бауыржан Байбек әкім болып тұрғанда жеке меншікке өтіп кеткен.

Бас прокуратура бұған мән бермеген соң, депутат "Жер аманаты" республикалық жер комиссиясы аясында депутаттармен бірге өзі барды.

Әріптестерім Ерлан Стамбеков, Сергей Пономарев және Алматы қаласы жер ресурстарын басқару департамент басшысы Ержан Ташпенбетовпен, «Аманат»  партиясы өкілдерімен, барып қайттық. Аталған тау бөктері мен орманмен қамтылған 860 гектар жердің иесі белгілі қорғаныс генералы-майоры Павел Максимович Новиков болып шықты, - дейді ол.

Бұл жер телімі Ерменсай деп аталатын тау бөктерінде орналасқан.  2004 жылы Қарасай ауданының әкімдігі бұл жердің бәрін жеке меншікке өткізіп жіберген. 2015 жылы Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болған кезде бұл жер 18 кадастрлық нөмірге бөлінген. Депутаттың айтуынша, генерал П.М.Новиковтың жерін айналып өту үшін жарты сағат уақыт кетеді екен. Тау бөктерін жоталарымен қоса алған генералдың жері қоршалып, шлагбаумдар қойылған.

Депутаттарған барғанда меншік иесі генерал Новиков та келген. Видеода депутаттың генералмен сөйлескен сөзі көрсетіледі. Новиков жерді қайтаруда өз позициясын айтады. 800 гектардан астам жердің өртеніп кетпеуіне, жабайы ағаштарына, жануарлар әлеміне жауапты екенін түсіндірмек болады.

Генерал бұл жер оған байып кетуі үшін берілмеген, керісінше ол бұл жердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырмын деді.

Бақытжан Базарбек өз сұрағына жауап таппағанын айтып, болашақта бұл іспен тағы айналысатынын және барлық құжатты алған соң, Парламент мінберінде мәселені қайта көтеретінін жеткізді.

Арада бір апта өткенде Алматы қаласының прокуратурасы заңсыз алынған жер учаскесін мемлекетке қайтарды. Яғни, Новиковтың иелегіндегі  7 миллиард теңгенің жер телімдері мемлекетке қайтарылды.

Алматы облысы Қарасай ауданындағы 30,9 га жер учаскесін «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС-і (құрылтайшысы генерал-майор Павел Новиков) қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін алған. Алайда жер учаскесінің кадастрлық құнын төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындамаған, – дейді прокурорлар.

Павел Новиков 1948 жылы дүниеге келген. Алматының бірнеше жоғары оқу орнын бітірген. Спортшы. 1972 жылдан қарулы күштерде жаттықтырушы болып еңбек еткен.  Орта Азия әскери округінің армия спорт клубының бастығы болған. Тәуелсіздік жылдары Қорғаныс министрлігінің спорт комитетін басқарды. 1996 жылы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті болып тағайындалды. Бірнеше жыл Алматының әкімдеріне спорт жөнінде кеңесші қызметін де атқарды.

Болат Өтемұратовқа дейін  1992 жылдан 2007 жылға дейін ол ҚР теннис федерациясының тізгінін ұстады. Қазір Алматыдағы ең қымбат корттарға иелік етеді.

Алмас Абылай
Бөлісу: