16.12.2025
09:26
666
«Тәттінің өзін бөліп жедік»: Тәуелсіздік құрдастары қалай өсті?

«Тәттінің өзін бөліп жедік»: Тәуелсіздік құрдастары қалай өсті?

Қазақстан тәуелсіздігімен қатар дүниеге келген буын – тарихтың кездейсоқ куәгері емес, оның тікелей жалғасы. Сол күні туған сәбилер «тәуелсіздік құрдасы» атанып жүр. Тоқыраудың соңын көріп, бүгінгі мүмкіндіктің қадірін білген буын тәттінің өзін бөліп жеген кезеңді де, цифрлық заманда еркін білім алып жүрген күннің де бағасын жақсы біледі.

Өзін бақытты ұрпақ санайды

Бүгінде балабақшада бүлдіршіндерге патриоттық ән үйретіп жүрген Бердігүл Аясханқызы – тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Оның өмір жолы да, таңдаған мамандығы да егемен елдің қалыптасу кезеңімен қатар өрбіді.

Еліміз егемендігін жариялап, жаңа болашаққа сеніммен қадам басқан сәтте жарық дүние есігін ашқан Бердігүл өзін әрқашан «елмен бірге өскен ұрпақтың» өкілі санайды. Ол үшін 16 желтоқсан әрі жеке мереке, әрі елдік қуаныш саналады. Дегенмен, ол бұл күнді ерекше дабырасыз, қарапайым және отбасымен бірге қарсы алуды жөн көреді.

16 желтоқсанды арнайы атап өтетін бір дәстүрім жоқ. Бұл күні отбасыммен бірге қарсы алып, шағын ғана мерекелік ас ішеміз. Біз үшін бастысы – өзара жылы сөз, шынайы көңіл, елдің тыныштығына деген тілек, – дейді ол.

Тәуелсіздік құрдасының айтуынша, туған күн мен мейрамның қатар келуі, әр жыл сайын егемен елдің жетістігін бағамдау, өткенге құрметпен қарау, болашаққа сеніммен қадам басу.

жеке мұрағат 

Бұл күн – жай мереке емес. Ол оның өмірінен бастау алып, жеке тағдырының ажырамас бір бөлігіне айналды.

Мен үшін осы күні дүние есігін ашқаным – үлкен абырой. Өйткені еліміз еркіндіктің нышанын орнатып, жаңа дәуірге аяқ басқан тұста менде өмірге келдім. Өзімді нағыз бақытты ұрпақпын деп санаймын, – дейді ол.

Айтуынша, өмірінде кездескен адамдар оның туған күнін естігенде ерекше әсерленіп, жиі жылы лебіздерін білдіретін көрінеді.

Туған күнімді естіген жандар: «Қандай бақыттысыз, елдің тәуелсіздігімен бірге өмірге келдіңіз», деп жиі айтады. Бұл сөздер менің бойыма жауапкершілік пен мақтаныш сыйлайды, – дейді тәуелсіздіктің төл құрдасы.

Ол тәуелсіздіктің қадірін терең сезінеді. Азаттық үшін күрескен, сол жолда ғұмырын қиған аға буынның ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлкен аманат екенін айтады.

Қаншама боздақтар біздей жастық шағында ел мен жердің болашақ ұрпақтың қамы үшін қыршынынан қиылды. Сол ерлердің еңбегінің арқасында біз бүгін «тәуелсіз елдің» перзенті болып отырмыз. Бұл – бәріміз үшін үлкен жауапкершілік, – деді ол тебіреніп.

Тоқыраудың соңын көрген

Жас мұғалім өткен өмірін, балалық шағын еске алғанда қазіргі уақытпен салыстырмай қоймайды. Оның айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел еңсесін тіктеп жатқан кезең еді, сондықтан қазіргідей еркіндік те, қолжетімділік те бола бермейтін.

Сонау балалық шағым әлі есімде. Анамның тығып қойған кәмпиттерін тауып алып жейтінбіз. Сол кезде тәттінің өзі құнды, қадірлі болатын. Тоқыраудың соңын көрдік, бүгінде мүмкіндігі мол заманда өмір сүріп жатырмыз. Қазір шүкір, бәрі бар және қолжетімді», – деп еске алды.

Бердігүл Аясханқызы өз буынының ерекшелігін ерекше жылы сезіммен сипаттайды. Оның айтуынша, тоқыраудың соңын көріп, бүгінгі мүмкіндіктермен қатар өсіп келе жатқан тәуелсіздік құрдастары – екі дәуірдің дәмін татқан ұрпақ.

Біз сол буынның балаларымыз ғой. Өзімізді әр нәрсенің қадірін білетін ұрпақ ретінде санаймыз. Бұл сөздің астарында үлкен ой жатыр. Бұрынғы тапшылық пен қазіргі молшылықты қатар сезінген буынның өмірге көзқарасы да ерекше. Олар үшін еңбектің, білімнің, мүмкіндікке жетудің бағасы жоғары. Әр жетістік үшін еңбек етуді, барды бағалауды үйрендік, – дейді ол.

Ол өткен шаққа өкпе артпайды, керісінше, оның әр сәтін қымбат тәжірибе деп бағалайды. Өйткені сол кезеңде ел жаңа жүйеге бейімделіп, нарыққа өтудің қиын тұстарын бастан өткерді. Ал қазір бәрі өзгергенін айтады.

Білім саласы да, құрылыс саласы да, басқа бағыттардың бәрі дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Жаңа технологиялар алға озды. Мүмкіндіктің бәрі бар. Тек ақылмен, біліммен еңбек етіп, жалқау болмасаң болды, – дейді ол.

Егемен елдің төл құрдасы болғандықтан, ол бұл өзгерістерге қуанады. Ол бұл жауапкершілікті өз жұмысымен, өз ісімен дәлелдеуді маңызды санайды. Ұстаздық жолды таңдауы да бекер емес.

Ұстаздық жолға келуім кездейсоқтық емес. Тәуелсіз елдің төл құрдасы ретінде және елімнің ертеңі үшін саналы, білімді, өз отанын шынайы сүйетін ұрпақ тәрбиелеу – мен үшін үлкен абырой. Менің тәуелсіздікке қосар үлесім әлі де көп, – дейді.

Тәуелсіз елдің ұрпағын тәрбиелеуде

Тәуелсіздіктің төл құрдасы бүгінде қоғамның ең нәзік, ең жауапты салаларының бірінде еңбек етіп жүр. Ақсу қаласындағы №24 сәбилер бақшасында музыка жетекшісі болып жұмыс істейді. Бұған дейін мектеп қабырғасында да ұстаздық қызмет атқарған ол, қай ортада жүрсе де балаларға тәрбие мен білім беруді өзінің басты миссиясы деп біледі.

Алғашында журналист болуды армандаған, алайда өмір жолы оны басқа арнаға бұрды. Уақыт өте келе ұстаздық жолына түсіп, шәкірт тәрбиелеу ісіне ден қойған сәттен бастап жүрегі дәл осы саланың өзіне арналғанын сезген.

Жұмыс істей бастағаннан кейін мамандығымның қаншалықты қызықты екенін, өзіме ұнайтынын түсіндім. Мамандық таңдауда қателеспегенімді кейін толық сезіндім, – дейді ол.

Бүгінде Бердігүл үшін ұстаздық жай жұмыс емес, сауапты іс, қоғамға қосқан үлес, тәуелсіз елдің болашағына бағытталған шынайы еңбек.

жеке мұрағат 

Үлкендермен салыстырғанда бүлдіршіндердің ұлттық сана мен тәрбиені толық түсіне бермейтіні анық. Бірақ Бердігүл үшін ең бастысы – сол құндылықтың алғашқы дәнін себу.

Кішкентай бүлдіршіндер бәрін толық түсінеді деп айта алмаймын. Дегенмен қазіргі таңда «Адал азамат», «Біртұтас тәрбие» бағдарламалары арқылы балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, үлкендерге құрмет, отанға сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді қалыптастыруға барымызды салудамыз, – дейді.

Оның пікірінше, бүгінгі балалардың ақпараттық ортасы мүлде бөлек. Бердігүл өзінің буыны мен қазіргі буынды салыстыра отырып, білім алудың тәсілі ғана емес, дүниетаным қалыптастыратын ақпарат көздерінің де түбегейлі өзгергенін айтады.

Біздің кезеңімізде оқушылардың негізгі ақпарат көзі мектеп, мұғалім, теледидар, кітап болатын. Біз ақпаратты дайын, сүзілген күйде алдық. Ал бүгінгі оқушының ақпарат әлемі тым кең, әрі шексіз. Бұл – бір жағынан мүмкіндік, екінші жағынан тәуелсіз ойды қалыптастыруда үлкен сын, – дейді ол.

Айтуынша, қазіргі балалар интернеттен, Tikтoк-тан, небір ойындардан, блогерлерден ақпарат алады. Көзқарас әр түрлі, кейде тіпті қарама-қайшы дүниелерге сүйенеді. Сол себепті Бердігүл үшін қазіргі педагогтің міндеті бұрынғыдан да күрделі. Өйткені ақпараттың арасынан баланы адастырмай, сөйлеу мәдениетін, ұлттық құндылықты, ел тарихын шынайы жеткізе білу – бүгінгі ұстаздың басты миссиясы.

Музыка жетекшісі ретінде Бердігүл Аясханқызы бүлдіршіндерге патриоттық тәрбие беруді ең алғашқы баспалдақтан бастау керек деп есептейді. Ол үшін арнайы әдістер, ұлттық ойындар мен көрнекілік құралдарын қолданады.

Мен бүлдіршіндермен міндетті түрде патриоттық әндер жаттатамын. Сонымен қатар дидактикалық ойындар, оның ішінде ұлттық ойындар өткіземін. Сабақ барысында слайдтар, видео көрнекіліктер қолданамын, – дейді ол.

Патриоттық әндер арқылы балалар ұлттық ырғақты, қазақы әуенді естіп өседі. Ұлттық ойындар –  оларды ұйымшылдыққа, дәстүрге, салтқа жақындатады. Ал көрнекілік құралдары – бүлдіршіндердің қызығушылығын оятып, ақпаратты қабылдауын жеңілдетеді.

Музыка жетекшісі ретінде ол ұлттық әуен, қазақы ырғақ, салт-дәстүрге қатысты ойындар арқылы бүлдіршіндердің бойына ұлттық рухты ерте сіңіруді мақсат етеді. Өйткені тәрбиенің бастау бұлағы – балабақша.

Ол бүгінгі оқушылар мен өзінің өскен дәуірін салыстыра отырып, буындар арасындағы айырмашылықты терең сезінеді. Оның айтуынша, тәуелсіздіктің қадірін түсіну – әр буынның тарихи тәжірибесіне байланысты қалыптасатын түсінік.

Тоқыраудан кейінгі кезеңді көрген буындар, олар үшін тәуелсіздік кітаптағы ұғым ғана емес, ересектердің күйбең тіршілігінен, елдегі экономикалық қиындықтарға дейін сезілген шынайы түсінік. Біздің кезеңіміздегі оқушылар тәуелсіздіктің бағасын терең сезінді деп ойлаймын, – дейді.

Сол себепті Бердігүл мен оның құрдастары тәуелсіздікті тек мереке ретінде емес, қайсарлықпен алынған, оңай келмеген құндылық деп түсінеді. Ол үшін ең маңызды міндет – сол егемендіктің тарихын, оның қалай, не үшін келгенін жас буынға дұрыс жеткізу.

Бүгінде егемен елдің азаматы үшін таңдау еркіндігі кеңейгенін жеткізді.

  • шетелде білім алу;
  • онлайн оқу арқылы кез келген ақпаратқа қол жеткізу;
  • еркін саяхаттау;
  • цифрлық кәсіппен айналысу;
  • жеке пікірін ашық айту.

Тәуелсіздік қазіргі ұрпаққа еркіндік пен мүмкіндік кеңістігін ашып берді. Осы мүмкіндіктерді бағалай білу, оны ел игілігіне дұрыс жарату әр азаматтың саналы таңдауына байланысты екенін айтады.

Егемендікпен бірге келген 

Тәуелсіздік – бір күннің, бір жылдың ғана еншісі емес. Осы ұғымды жүрегімен сезініп өскен тәуелсіздіктің келесі бір төл құрдасы – Егемен Бақыт. Ол өзін тәуелсіздік құрдасы ретінде мақтанышпен атайды әрі бұл мәртебені үлкен жауапкершілік деп санайды.

1991 жылдың 16 желтоқсан күні Қазақстан өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізіп, мемлекет ретінде әлемге танылып жатқан тарихи сәтте, алыстағы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Егемен Бақыт дүниеге келеді. Ол бұл сәтті тағдырдың айрықша сыйы деп біледі.

Тәуелсіздік құрдасы болу мен үшін – әрі мақтаныш, әрі жауапкершілік, – дейді ол.

Егемен есімі де жай қойылмаған. Ел тәуелсіздігін жариялаған сәтте радиодан естіген жаңалықтан кейін әкесінің ағасы Самек Әлен «Егемен» деп атауды ұсынған.

жеке мұрағат 

Бұл есім маған елдің тәуелсіздігін, егемендігін еске салып тұратын үлкен аманат секілді, – дейді ол.

1992 жылы Бақыттың отбасы Қазақстанға қоныс аударып, Ақтоғай ауданына көшіп келеді. Алғашқы білім жолын 1997 жылы Ақтоғай ауданындағы Абай атындағы мектептен бастайды. Кейін 2005 жылы Павлодар қаласындағы №19 мектепке ауысып, оқуын сол жерде жалғастырады.

Мектеп қабырғасында жүріп, ол тек оқумен ғана шектелмей, спорттық және әскери жарыстарға белсенді қатысып, жүлделі орындардан көрінеді. Бұл – оның бойындағы тәртіп пен қайсарлықтың ерте қалыптасқанының белгісі.

Білім мен ізденіс жолы

2009 жылы Егемен Бақыт С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне түсіп, «машина жасау» мамандығын игереді. Университет қабырғасында жүріп, мәдени іс-шараларға, жайдарман ойындарына қатысып, қалалық финалға дейін жетеді.

2013-2016 жылдары білімін жалғастыру үшін Түркияның Стамбул қаласындағы «Айдын» университетіне оқуға аттанады.

Шет елде жүріп туған жердің қадірін ерекше сезінеді екенсің. «Маған туған жердің бір уыс топырағы да қымбат» деген сөздің мәнін сол кезде терең түсіндім, – дейді ол.

Қызығы, Қазақстанда сирек кездесетін «Егемен» есімін ол Түркияда жиі ұшырастырған. Бұл оған ерекше әсер сыйлаған.

жеке мұрағат 

2016-2017 жылдары елге оралған соң, Павлодар қаласындағы «Мұрагер» қайырымдылық мекемесінде тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарады. Кейін 2017-2019 жылдары Өскемен қаласындағы «Алтай» қайырымдылық мекемесінде, ал 2020-2021 жылдары Екібастұздағы «Ертіс Баян» мекемесінде осы бағыттағы жұмысын жалғастырады.

Мұхтар Әуезовтің «Ұл тәрбиелей отырып халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып ұлт тәрбиелейміз» деген сөзі мен үшін әрдайым бағдар болды, – дейді Егемен.

Балалармен жұмыс істеу оған үлкен тәжірибе мен жауапкершілік жүктеді.

Елге қызмет – өмірлік мақсаты

2020 жылы Егемен Бақыт отбасын құрып, бүгінде Сүлеймен мен Сардар есімді екі ұлдың әкесі атанды. 2021 жылы Ақтоғай ауданына оралып, жеке кәсіппен айналысады. Айтуынша, мемлекеттік бағдарламамен грант алып, ет дүкенін ашады.

Желтоқсан айы жақындағанда, Егеменнің жүрегін екі бірдей қуаныш кернейді.

Бірі – халық болып тойлайтын Тәуелсіздік, екіншісі – менің дүниеге келген күнім. Бұл кезеңде түрлі мекемелерден, радио арқылы құттықтаулар алып жатамын, – дейді ол.

Егемен Бақыт үшін тәуелсіздік – тек мәртебе емес, елге қызмет етуге шақыратын ұстаным.

Тәуелсіздікпен түйдей құрдас болуды маңдайыма жазған Аллаға мың да бір шүкір айтамын. Жастар жалындап жанбасақ, елдің ертеңі не болмақ? – дейді.

Ол Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген өсиетін өмірлік қағида еткен Егемен алдағы уақытта да ел мен жерге адал қызмет етуді мақсат тұтады.

Атыма да, туған жылыма да лайық болғым келеді, – деп түйіндеді ол.

Елмен бірге есейген

Қазақстан тәуелсіздігімен қатар есейген буын – ел тарихындағы ең жауапты әрі өтпелі кезеңнің куәсі. Егемендікпен қатар дүниеге келген келесі буын өкілі – Армангүл Нұрсұлтан. Ол өзін «тәуелсіздік құрдасы» деп атау ең алдымен қуаныштан бұрын үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтады.

Тәуелсіздік құрдасы болу қуаныш сезімінен бөлек, ең алдымен жауапкершілік сезімін көбірек сезіндіреді. Себебі еліміздің еркіндігі бізге оңай келген жоқ, – дейді ол.

Оның өмір жолы Қазақстанның даму кезеңдерімен қатар өрбіді. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар, елдің еңсесін тіктеу жолындағы күрделі кезеңдер – оның балалық шағының бір бөлігі.

Тәуелсіз мемлекетпен бірге өсіп жатқан өмірімнің әрбір кезеңі мен үшін айрықша маңызды. Мемлекетіміздің тәуелсіздік алған күннен бүгінге дейінгі жетістіктері тәуелсіздік құрдастарының да өсіп-жетілуімен бірге жүргендей әсер қалдырады, – дейді ол.

Оның айтуынша, алғашқы жылдардағы елдің экономикалық жағдайы, білім мен медицина саласындағы мүмкіндіктер қазіргі деңгеймен мүлде салыстыруға келмейді.

Менің балалық шағымда жоқ көптеген дүниелер мен мүмкіндіктер бүгінгі өскелең ұрпаққа жеткілікті. Бұл – тәуелсіздіктің нақты жемісі, – дейді Армангүл.

Патриоттық сананың негізі – тарих

Ол бұл күнді міндетті түрде отбасымен бірге атап өтетінін айтады.

Бұл – еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі. Сондықтан Тәуелсіздік күнін отбасымызбен бірге атап өтуді дәстүрге айналдырғанбыз, – дейді ол.

Бүгінде Армангүл Нұрсұлтан Павлодар облысы, Ақсу қаласына қарасты мектепте физика пәнінен сабақ береді. Мұғалім ретінде ол тәуелсіз елдің азаматтарын тәрбиелеу өте үлкен жауапкершілік екенін жеткізді.

жеке мұрағат 

Тәуелсіз мемлекеттің ұрпақтарына сабақ беру – бір жағынан үлкен бақыт, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Бүгінде білім саласында мүмкіндіктер көп. Мұның барлығы – тәуелсіздіктің арқасы, – деді.

Оның пікірінше, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуында ұстаздар қауымының еңбегі орасан. Тәуелсіздік тақырыбында сабақ бергенде ең алдымен балаларға бейбіт өмірдің құнын сезіндіруге тырысады.

Оқушыларға ең бірінші бейбіт заманда алаңсыз білім алып жүргендерінің өзі үлкен бақыт екенін түсіндіремін, – дейді ұстаз.

Жастардың патриоттық санасын қалыптастыру үшін, оның ойынша, ең алдымен тарихты ұмытпау қажет.

Тәуелсіздік жолында еліміз қандай қиындықтардан өтті, қанша зиялы қауым құрбан болды, мұның барлығы ұмытылмауы тиіс. Сонымен қатар әлемде болып жатқан жағдайлармен еліміздің тыныш өмірін салыстырып отыру маңызды, – дейді.

Жас ұстаз тәуелсіз Қазақстанда қалыптасқан ең маңызды құндылықтың бірі білімге қолжетімділік екенін айтады.

Қазіргі таңда мемлекет білім алуға барлық жағдайды жасап отыр. Бұл – тәуелсіз елдің үлкен жетістігі, – дейді ол.

Әр мүмкіндіктің қадірін біледі

Оның пікірінше, 1991 жылғы буын – өткен кезеңнің қиындығын көрген, сондықтан әр мүмкіндіктің қадірін білетін ұрпақ.

Біз XX ғасырды көрдік, белгілі бір қиыншылықты бастан өткердік. Сондықтан бүгінгі жайлылыққа үйренген ұрпаққа ештеңенің оңай келмейтінін түсіндіру – біздің міндетіміз, – дейді ол.

Елдің дамуы үшін жастар бойында ең алдымен жауапкершілік пен тәртіп болуы қажет екенін айтады. Ал жас мұғалімнің басты міндеті – сапалы білім беріп, дұрыс жол сілтеу.

Қазіргі балалардың мүмкіндіктері біздің балалық шағымызбен салыстырғанда әлдеқайда көп. Қазақстан даму үстінде, барлық жағдай жасалып отыр, – дейді Армангүл.

Олар тоқыраудың соңын көріп, дамудың дәмін татты. Еркіндіктің қандай еңбекпен келгенін сезініп өскендіктен, бүгінгі мүмкіндіктің бағасын жақсы біледі.

Бердігүл, Егемен, Армангүл сынды тәуелсіздік құрдастары үшін егемендік – жай ғана мереке емес. Елмен бірге есейген бұл буынның басты миссиясы – тәуелсіздікті ұранмен емес, іспен дәлелдеу. Ал сол істердің жалғасы – саналы ұрпақ, берік мемлекет, баянды болашақ.