«Татарча диктант» акциясы өтеді

7 Қазан 2019, 18:08 2103

19 қазан күні Қазақстан бойынша «Татарча диктант» халықаралық акциясы өтеді. Нұр-Сұлтан қаласында «Татарча диктант» акциясы 19 қазан күні сағат 13-00-де Достық үйінде (Бауыржан Момышұлы даңғылы, 24/9) ұйымдастырылады.

Жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналған диктант жазу дәрісінің Қазақстанда ұйымдастырылуына өңірлердегі татар-башқұрт мәдени орталықтары мұрындық болып келеді. 

«Татарлар мен башқұрттардың Қазақстан Конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, аталмыш акция татар ұлтының тілін, дәстүрін сақтауға, үйретуге және дамытуға бағытталған. Бұл акцияға кез-келген ниет білдіруші азамат қатыса алады. Оған тек татар ұлтының ұл-қыздары ғана қатысуы керек деген шектеу жоқ. Диктант әлем елдерінің бірнеше қаласында бір мезгілде өтетін болады. Бұл шара әлем бойынша 2016 жылдан бастап жалпы көпшілік сипат алған.

Жалпы халықаралық акцияның ұйымдастырушылары – Бүкіләлемдік татар Конгресі, Татарстан Республикасының жастар ісі жөніндегі Министрлігі, Қазан федералды университеті, Л.Толстой атындағы филология және мәдениетаралық коммуникация институты, «Каюм Насри атындағы институт» ғылыми-білім беру орталығы болып табылады.

Өткен жылы татар тіліндегі сауаттылықты тексеруге арналған «Татарча диктант» акциясына әлемнің 25 елі және Ресейдің 60 өңірі қатысты. Қазақстандықтар бұл шараға биыл үшінші жыл үн қосып келеді.

Жалпы әлем елдерінде бүгінде 6,8 млн татар ұлтының өкілдері тарыдай шашылып жүр. Оның ішінде бір ғана Қазақстан аумағында 204 мың татар тұрады.

Татарлар да қазақтар секілді түркі тілдес ұлыстың ұрпағы, оның үстіне Ресей құрамындағы байырғы халық болып саналады

«Татарча диктанттың» халықаралық деңгейде өткізілуінің де өзіндік себебі осында. Татар диаспорасының Орталық Азия аймағында ғана емес, Батыс Еуропа елдерін де мекендеуі тарихи ақиқат. Тарих шежіресіне көз жүгіртер болсақ, 13 ғасырдың екінші жартысында татарлар Еуропаға көш басын бұрды, 13-14 ғасырларда олардың шағын тобы Алтын Орда құрамындағы түркі халықтарына сіңісті. Қазақстан тарихында татарлар ноғай атауымен кездеседі. Ежелгі дәуірде ауылы аралас, қойы қоралас жатқан татарлар мен қазақтардың ұлттық фольклоры мен музыкасында ұқсастық бар. Татардың көне ауыз және жазба әдебиеттерінде де Батырлар жыры сақталған. Татар шеберлерінің қолынан шыққан ісмерлік дүниелер қазақ ауылдарында жоғары бағаланатын болған. Татарлардың ертеден-ақ қазақ халқымен етене араласып, мұсылманша сауат ашуға, бала оқыту ісіне араласқаны тарихтан белгілі. Мәселен, Абай шығармаларында татар тіліндегі сөздер жиі ұшырасады.

Қазақстандық татарлар 2017 жылы «Татарлар мен башқұрттардың Қазақстан Конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігін құрған болатын. Оған республика аумағынан барлығы 28 этномәдени орталықтар топтастырылған. Олардың жанында жексенбілік мектептер, татар өнер мектебі жұмыс жасайды. Сондай-ақ, Еуразия ұлттық университетінің негізінде «Каюм Насри институты» орталығы студенттерге білім беру ісіне үлес қосып келеді. Ол Қазан федералды университетінің бөлімшесі болып табылады. Мұндай білім беру орталықтары Алматы және Қарағанды қалаларында да ашылған. 2008 жылдан бастап екі ел арасындағы келісімге сәйкес, қазақстандық мектеп түлектеріне Татарстанның жоғары оқу орындарына жолдама беру үрдіс алды.

Әрбір мәдени орталықта музыкалық және хореографиялық ұжымдар жұмыс жасайды. Барлық облыс орталықтарында жыл сайын татарлардың дәстүрлі «Сабантой», «Чәк-чәк бәйраме» мейрамдары аталып өтіледі. Ал «Мұса Жәлел» шығармашылығына арналған әдеби халықаралық конкурсы қазақстандық әдебиетсүйер қауымның маңызды кештерінің біріне айналды.

Қазақстанның ақпарат кеңістігінде татар тілінде «Фикер», «Ақ барыс», «Жидепалат татарлары» мерзімді баспасөз басылымдары тұрақты шығарылып, «Татар авазы» интернет-радиосы хабар таратуда.

 

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша  none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: