Тасқын суларды игілікке дарытудың орнына жыл сайын онымен күресіп әлек боламыз – депутат

11 Қазан 2023, 12:20 951

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов көктемде болатын тасқын суларды игілікке дарытуды ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат Мәжіліс отырысында өз сауалын су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітовке жолдады.

«Судың да сұрауы бар» деген мақалды енді түсініп жатқан жайымыз бар сияқты. Қазір бұл еліміздегі ең күрделі сұрақтың бірі екені жасырын емес. Иә, бұл мәселелердің барлығы су мәселесіне сүлесоқ қарауымыздан туындап отыр. Біріншісі, жыл сайын көктемде су тасып, елді мекендер топан судың астында қалып жатады. Ал жаз келсе болды, сол жерлер судың жетіспеушілігінен кеуіп құрғап қалады. Жалпы, тасқын сулар біз пайдаланбай отырған үлкен ішкі резервіміз, оны игілікке дарытудың орнына жыл сайын онымен күресіп әлек боламыз, - деді депутат.

Депутаттың айтуынша, бұрын әр ауылда тасқын суды жинауға арналған бөгеттер мен су қоймалары болған. Жиналған сулар көктемде лиманды суаруға және басқа да техникалық қажеттіліктерге қолданылатын.

Енді осы тұста заңды сұрақ туындайды. Неге тасқын суларды пайдаланбаймыз? Тасқын суларды тиімді пайдалану үшін қандай шаралар жоспарыңызда бар? Келесі сұрақ – су шаруашылығы құрылыстарын жөндеу жобаларының ұзақ мерзімге созылуына байланысты. Мысалы, Атырау облысы Бақсай каналының күрделі жөндеу жобасын алып қарасақ, жобаның сметалық қоры бар болғаны 14 млрд теңге. Қаржыландыру жыл сайын 100-150 млн теңгеден үзіп берілгендіктен, іске асыру мерзімі оншақты жылға созылып, жоба қымбаттап, корректировка жасауға мәжбүр боламыз. Сондықтан осындай мәселелерді шешу үшін министрлік қандай жұмыс атқаруда? - деді Дүйсенбай Тұрғанов Мәжілістегі депутаттық сауалында.

Миражан Махан
Бөлісу: