Тарихқа үңілсек, Боралдай өзенінің жоғарғы ағысындағы жартас бетіндегі суреттер жайлы алғашқы хабарлама «Туркестанские ведомости» газетінде 1905 жылы жарияланды.
1924 жылы бұл петроглифтерді Петр Иванович Комаров зерттеген. «Тас бетіндегі жазулар» туралы ақпаратты ол жергілікті тұрғын Молда-Темірден білді. Петр Комаров суреттерді Ф.С. Шпотин мырзамен бірге зерттеді. Ол оған суреттер мен таңбалардың көшірмесін жасауға көмектесті.
Жергілікті тұрғындар бұл суреттер мен таңбалар қалмақтардан қалған деп есептеп келген. Бір қызығы, Комаров бұл жорамалды үзілді-кесілді қабылдаған жоқ. Түркістандағы археология әуесқойлары үйірмесіне жазған хатында ол былай деп жазды: «Тастардың қазіргі қалпына қарағанымда, олар маған кем дегенде мың жыл өмір сүргендей болып көрінді. Менің пікірімше, таңбалар қалмақтарға емес, басқа бір халыққа тән, ал ол қай халық – мәселе сонда жатыр» деп жазған. Күн әсерінен пайда болатын патинаны п.И. Комаров адам қолымен жасалған деп топшылаған. 1904 жылы Комаров пен Шпотин Боралдай өзеніне құятын екі кішігірім өзеннің ортасында орналасқан шоқыдадағы ғибадатхананың негізгі суреттерін зерттеді.
Боралдай петроглифтерінің шоғырын 80 жылдары М.Қ Қадырбаев пен А.Н. Марьяшев зерттеді. Ал, 1986 жылы Боралдай петроглифтерін А.С. Мырзабеков зерттеді. Қаратау петроглифтерінің тосыған дейінгі зерттеушілерінің тәжірибесіне сүйене отырып, негізгі хронологиялық межелерді бөлді, ежелгі суреттер семантикасының кейбір сұрақтарын қарастырды. 1995 және 1997 жылдары петроглифтерді «Ордабасы» тарихи-мәдени қорығының, Оңтүстік қазақстан тарихи-өлкетанушылық музейі мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қызметкерлері зерттеді. 2002 жылы «Оңтүстік Қазақстанның мәдени мұрасы» жинағында А. Мырзабаев пен Д. Әбесеметованың Боралдай өзенінің жоғарғы ағысындағы петроглифтер жайлы хабарламасы жарияланды. Хабараламаға сюжеттердің жүйеленуі қоса беріліп, қазақ таңбалары қарастырылып, олардың қай руға жататындығы да анықталды.
1989-2005 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет комитетінің ескерткіштерді қорғау жөніндегі бас маманы А.Н. Грищенко Боралдай өзенінің бас жағындағы петроглифтерді анағұрлым толығырақ зерттеп, фотосуретке түсірді. Ол өзеннің оң жағасынан петроглифтердің тағы біпренеше шоғырын тапты. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2007 жылы Боралдай петроглифтерін Қазақстан республикасы БҒМ Археология Институты мен М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірлескен экпедициясы зерттеді.
Боралдай өзенінің жоғарғы тұсындағы петроглифтер Теректі шатқалының беткейлері мен шоқы ұштарындағы беттері тегіс жартастарда орналасқан. Боралдайдың сол жағасында басқа да археологиялық нысандар табылды. Жылға маңынан табылған тегіс әрі үлкен жартас шығысында қашалған құрбандық шұңқырлары ерекше қызығушылық тудырады. Мұнддай шұңқырлар жын-перілердің көңілін аулауға және үй жануарларын қорғауға бағышталған салтқа орай ойылған екен. Мұндай салт алғаш рет қола дәуірінде тіркелген, бірақ оның ең кең таралуы ерте темір ғасырында мал шаруашылығының көшпелі түрге өтуімен байланысытырылады. Ежелгі көшпенділер Теректі шатқалын жетік игергенін обалы қорымдар растайды. Эколог әрі өлкетанушы Қ.Ағабеков тапқан тас мүсін кездесоқ табылған олжа болып саналады. Тас мүсіннің дене бітімі жоғары шеберлікпен өңделгендігі таң қалдырмай қоймайды. Тарихшылардың пайымынша, мүсіннің аталмыш бөлігі Тянь-Шаньда, Жетісуда сондай-ақ Еуразияның далалық аймақтарының басқа да аудандарында өз уақытында кең тараған көнетүркі мүсіндерге жатады. Я.А. Шер ұсынған классификация бойынша ол мүсіндер біздің заманымыздың VI-VII ғасырларда қашалған бірінші типіне жатады.
Археологиялық қазба жұмыстары барасында табылған тағы бір көне жәдігер – ортағасырлық құмыра ыдыс. Ол жер бетінен шамамен бір метр тереңдікте, кірпіш қалағының ортасында сынған күйінде, бүйірімен жатқан екен. Ыдыстың доғал дене бітімінің диаметрдегі өлшемі 30 см. Құмыраның биіктігі 40 см. Бүйірінде жетіұшты жұлдыз түрінде өрнектелген үш жапсырмалы медальон бар. Олар бұйым шикі кезінде жапсырылған деген болжам бар. Мадальондар шүмек түбінің деңгейімен симметриялы орналастырылған және соған қосылып біртұтас композициялық жүйе құрып тұр.
Осы кездейсоқ табылған заттар мен осы күнге дейін қастерленіп келе жатқан бұлақтар тау табанының маңындағы жердің ұзақ уақыт бойы қасиетті болып келгенін дәлелдейді. Мұны қола дәуірі, ерте темір ғасыры, ортағасырлар мен жаңа заман сынды тарихи кезеңдерге жататын Боралдай петроглифтері де растайды.
Бірінші және үшінші топ петроглифтері арасында қола дәуірі суреттерінің саны басым. Жартас суреттерінің хронологиясын анықтау әдістемесі қазіргі уақытта жақсы дамыған. Түрлі тарихи кезеңдердің суреттері бейнелеудің стилі мен сюжеттеріне, патина мен қашалу мінезіне кешенді сараптама жасау негізінде жіктеледі. Кейіннен жасалған өңдеу жұмыстарының салдарынан кейбір көрінестердің уақытын анықтау қиынға соғып отыр. Көне суреттердің үстінен кейінгі тарихи кезеңдерде жаңа бейнелер салынған күрделі әрі көпденелі композициялар жиі кездеседі. Бірақ, петроглифтер жайлы ғылымның қазіргі кездегі даму деңгейі олардың салынған уақыттарын сенімді түрде анықтауға береді. Әрбір дәуір ішіндегі кезеңдерді ажырату бұдан анағұрлым қиын. Ол үшін суреттерді арнайы құралмен үлкейтіп көреді. Осы жерден табылған археологиялық олжалар анықталып отырған тарихи кезеңдердің шынайылығын растайды. Археологтар көне обалар мен үйлердің іргетастарынан петроглифтері бар тастарды жиі тауып отырған. Обалар мен қоныстардың, керамикалық ыдыстар мен сүйектердің жасы радиокөміртекті сараптама негізінде сенімді түрде анықталған. А.Н. Марьяшевтің енгізген петроглифтердің тарихи кезеңдестірілу жүйесінің дұрыс екені осылайша дәлелденген.
Қола дәуірі петроглифтеріне бірінші кезекте ежелгі заманда ең мықты соғыс құралы болған екі доңғалақты күйме арбалары жатады. Аталмыш қола дәуірі обаларының көне жәдігерлеріне жататын екі доңғалақты күйме арбаларына атты оқ ағаш арқылы жегу тәсілі болған екен. Соғыс арбаларының суреттерінде адамдар мен жануарлар бейнеленген. Олардың қашалу стилі мен сипатына қарап қола дәуірі петроглифтерінің бүкіл қабатын ажыратуға болады. Бейнелер көп жағдайда тұрпайы салынғанымен жануарлардың төрт аяғы түгел көрсетілген. Ал, өгіз, арқар, ешкілердің қос мүйізі де анық көрінеді. Ежелгі суретшілер қару-жараққа да үлкен көңіл бөлген. Мысалы, суретттерге қарап садақ құрылысының ерекшеліктерін анықтауға болады. Қола дәуірінде қарапайым садақтар қолданылса, ерте темір ғасырынан бастап анағұрлым мықты, пішіні басқаша келген құрамы күрделі садақтар қолданыла бастаған. Бұл өз кезегінде көптеген көріністер мен жекелеген бейнелердің салынған уақытын анықтауға мүмкіндік береді. Десе де Боралдай петроглифтері арасында мән-мағынасы бізге әлі түсініксіз қола дәуірінің басқа да таңбалары табылған. Бір ықызығы, Қаратаудың оңтүстік бөлігіндегі Арпаөзен, Қойбағар, Қошқарата сынды ғибадатханаларға қарағанда мұнда мұнда зерттеушілер «көзілдірік тәрізді» деп атап кеткен таңба мүлде кездеспейді деуге болады. Сондай-ақ Қаратаудың басқа ғибадатханаларынан кездесетін «торша» бейнелері де кездеспейді.
Алайда, Боралдай петроглифтері арасында қола дәуіріне тән салт-жоралғылық жекпе-жектер кең тараған. Тас мүсіндерде бейнеленген суреттерге қарап, шайқасып немесе қарама-қарсы тұрған жұптың бейнелері қола дәуірі ғибадатханаларындағы петроглифтері арасында көптеп кездеседі. Жекпе-жектерде қарудың алуан түрлері қолданылғаны аңғарылады.
Басқа да антропоморфты бейнелер де қызығушылық туғызады. Мысалы, бір көріністе екі адам бейнеленген, олардың біреуінің аяғы аспанға көтеріліп тұр. Археологтардың пайымынша, олардың біреуі екіншісін ауада көтеріп тұрған шығар. Қалай болғанда да бұл сирек кездесетін сюжеттің мән-мағынасы түсініксіз. Бұл сюжеттің қайсыбір түсініктермен немесе жоралғылармен қандай байланысы бар екенін бүгінгі күнге дейін анықталмай отыр.
Боралдай петроглифтері арасында түйені жетектеген немесе алдына салған адамдар бейнеленген сюжет бірнеше рет қайталанады. Қашалудың сипаты мен бейнелердің стилі бұл сюжеттердің басым көпшілігін қола дәуіріне жатқызуға мүмкіндік береді. Түйе бейнесі Қаратау петроглифтері арасында кең таралған, бұл осы өңірдің қуаңшылық жағдайындағы түйенің шаруашылықта үлкен мәні болғанын аңғартса керек. Түйе өсіру қола дәуірінің өзінде-ақ адамның шаруашылық қызметінде маңызды рөл ойнайды. Ал, түйенің өзі қастерлей нысанына айналған.
Бір қызығы, жартас беттерінде адамның қолына үйретілмеген көптеген жабайы хайуандар бейнеленген. Алайда бұл тізімге жылқы, түйе, иттің бейнесі кірмейді. Сол дәуірде адамдардың иттерді аңға сала білгенін петроглифтер де растайды. Иттерді аңға салу көріністері Боралдайда қола дәуірінде де, ерте темір ғасырында да кездеседі.
Боралдай жартастарындағы қола дәуірі және ерте темір ғасыры жануарлары арасында ешкілер мен арқаралардың бейнелері басым. Ежелгі заманда көптеген халықтарда ешкі молшылықтың нышаны саналған. Тағы бір жартаста жылан мен ешкінің біріккен бейнесі бейнеленген. Ежелден жылан бейнесі мәңгі өмір, даналық пен жер асты әлемімен тылсым байланысты білдірсе керек. Енді осы моолшылықтың символы болған ешкі мен жыланның қатар бейнеленуі өте қызық. Нышандардың бұлай қосылуымен құрбандық шалу немсе өмір мен өлімнің алма-кезектігі идеясы жатуы мүмкін.
Қаратау мен Жетісудың басқа да ғибадатханаларынан белгілі сюжет – сүзіскен арқарлар мен текелердің бейнелері өзіне назар аудартпай қоймайды. Бұл сюжет кейінгі тарихи кезеңдерде де сақталып қалды. Ерте темір ғасырында ол бұдан да кең тарайды. Петроглифтер арасында сүзіскен арқарлар не текелердің кең таралуы қандай түсініктермен байланысты екендігі әлі түсініксіз болып отыр.
Қашалған жазбалары бар бұл тастар шырайлы Шымкент шаһарының солтүстігінде 70 шақырым қашықтықта орналасқан табиғаты көркем Боралдай өзенінің бойында орын тепкен. Бұл суреттер көркемөнер құндылығы ретінде бағалы.