Ташкентте ұлы Абайға арналған көрме ашылды

20 Желтоқсан 2022, 00:31 1733

Көрме «Абай. Бауырлас халықтардың мұрасы» деп аталған

Ташкентте Абай Құнанбайұлына арналған көрме ашылды, деп хабарлайды El.kz  Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлішер Науаи мен Абайдың шығармашылығы – жалпы адамзат құндылықтарының қалыптасу үлгісін бейнелейтін ұлы мұра. Екі ойшыл әртүрлі уақытта өмір сүрсе де, оларды гуманизмге деген ұмтылыс пен поэзиядағы реформаторлық рух біріктіреді. Екеуі де бауырлас халықтың рухани тірегі, – деді көрменің ашылуында министр Дәурен Абаев.

Өз кезегінде Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары, Туризм және мәдени мұра министрі Әзиз Әбдіхақымов қазіргі уақытта түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау және қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыстартар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Қазақтың ұлы жазушысы Абайдың шығармашылығына арналған көрменің ашылуы – Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достықтың нығайып келе жатқанын айғақтайды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа «Өзбекстанға қош келдіңіз» деп айтқым келеді. Бүгін ашылған көрме Ұлы ойшыл Әлішер Науаидің гуманистік дәстүрлерін сақтаған Абай шығармашылығын жақсы түсінуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Оның шығыс пен батыстың бірлігі туралы, әлемдік мұраны игеру қажеттілігі, энциклопедизмге ұмтылу, адам табиғатын жетілдіру туралы идеялары қазіргі кезеңде де өзектілігін жоғалтқан жоқ, – деді Әзиз Әбдіхақымов.

Көрмеде қазақтың дәстүрлі тұрмысы, сәндік-қолданбалы өнері, кескіндеме, графика, Абай туралы басылымдар, оның шығармалары ұсынылған.

«Абай. Бауырлас халықтардың мұрасы» көрмесі Ташкентте 30 желтоқсанға дейін жалғасады. 

EL.KZ
Бөлісу: