Ташкентте өткен балалар сурет байқауында қостанайлық Анна Залажук Гран-приді жеңіп алды

29 Наурыз 2019, 06:41 2052

Бүгін Өзбекстанның Қазақстандағы Елшілігі Халықаралық сурет байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады.

Ташкент қаласында өткен «Ташкент қуанышы» Халықаралық балалар суретінің байқауына әр елден бас-аяғы алты мың баланың жұмысы қабылданып, соның ішінде Қазақстаннан қатысқан балалардың суреті жоғары бағаға ие болып отыр.

Жеңімпаздарды Өзбекстанның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Саидикрам Ниязходжаев марапаттады.

«Екі ел де аз уақытта тәуелсіз мемлекет құруда және рухани құндылықтарды орнықтыруда жоғары жетістіктерге жетті. Өзбекстанда балалардың көркемсурет шығармашылығын қолдау мақсатында халықаралық деңгейде өзара келісім мен ынтымақтастық орныққан. Жас дарынды анықтау негізінде Өзбекстанда жыл сайын дәстүрлі халықаралық балалар көркемсурет байқауы өткізіліп отырады», – деді Елші.

Фестивальға қатысқан балалар жас ерекшеліктеріне қарай бес-жеті, сегіз-он екі, он екі-он бес деп бөлініп, жас жеткіншектердің жұмысын бағалауға беделді өнер өкілдері қатысқан. Олардың тарапынан қазақстандықтардың өнер туындылары үлкен қызығушылық тудырды.

Жиын барысында он тоғыз балаға арнайы сертификаттар тапсырылып, байқаудың естелік төсбелгісімен Айымжан Мұхтабаева, Дана Өтенова марапатталды. Ал екінші орынды иеленген Нұргүл Ермағанбетоваға күміс алқа тапсырылды.

Жоғарыда атап өткендей, әлемнің түкпір-түкпірінен келіп түскен алты мың жұмыстың арасынан Анна Залажук ерекшеленіп, Гран-приді иеленді.

Анна Залажук Қостанай қаласындағы академиялық лицейдің 6 сынып оқушысы.

«Мен үшін бұл ерекше оқиға болды. Суретім қаншама жұмыстың ішінде үздік болып танылады деп ойламаған едім. Бұған дейін көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрдім, бірақ бұл марапаттың орны айрықша», – деп қуанышымен бөлісті Анна.

Елшіліктің бірінші хатшысы Ойдин Маннопованың айтуынша, фестиваль жетінші рет өткізіліп отыр.

«Қазақ пен өзбек халқының рухы бір, тарихы егіз. Мұны балалар да жандүниесімен түсінетін сияқты. Сол себепті де суреттерінің қанық бояуымен ғана емес, сыршылдығымен сыншыл жюридің көңілінен шықты деп ойлаймын», – деді Ойдин Маннопова.

Хатшы мұндай халықаралық байқаулардың өтетіні туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне хабарлайтындықтарын атап өтті. Сол арқылы еліміздің аймақтарына таратылған ақпараттың нәтижесінде балалардың шығармашылығымен айналысатын мекемелер байқауларға қатысып отырады.

Бұл жолы Қазақстанның әр қаласынан бірнеше жұмыстар жіберілді. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай қалаларынан қатысқан жұмыстың қарасы көп болды. Барлығы жүзден асады.

Тағы бір айта кетер жайт – бұл фестивальға Қазақстан бірінші рет қатысып отырған жоқ, 2017 жылы да жасөспірімдеріміз жүлделі орындардан көрінген.

Бұл тұрғыда Елші: «Өткен жылы Алматылықтар жүлделі болса, биыл Қостанай қаласындағы көркемсурет мектебі барлығынан ерекшеленіп тұр. Олар жоғары көрсеткіш көрсетуде. Гран-приді және барлық сертификатты сол өңірдің балаларына табыстадық. Бұдан біз Қазақстанда балалардың шығармашылығын дамыту үшін оңтайлы жағдай жасалып отырғанын байқаймыз», – деді.

Оқи отырыңыздар: 

САИДИКРАМ НИЯЗХОДЖАЕВ: ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДА «ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫН» ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТАМЫЗ

АСТАНАДА ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

Нұргүл ШАТЕКОВА 

ФОТОСУРЕТТЕР ЕЛШІЛІКТЕН АЛЫНДЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: