Ташкентте азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

7 Қыркүйек, 14:09 361

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Ташкентте өткен «Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдердің азық-түлік қауіпсіздігі және тұрақты даму мақсаттары» атты халықаралық форумда Қазақстанды таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

АШМ мәліметінше, іс-шараға БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цуй Дунъюй, теңізге шығу мүмкіндігі жоқ 32 дамушы елдің, халықаралық ұйымдардың және шетелдік мемлекеттердің өкілдері қатысты.

Форумның басты мақсаты - теңізге шығу мүмкіндігі жоқ елдердегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы, азық-түлік қауіпсіздігі және логистикамен байланысты мәселелерді шешу, азық-түлік қауіпсіздігі туралы хабардарлықты арттыру және негізгі аймақтық және әлемдік мәселелерді шешу, - делінген мәліметте.

Форумда сөз сөйлеген Ермек Кенжеханұлы Қазақстанда 20 миллиард долларлық ауыл шаруашылығы өнімдері мен 6 миллиард долларлық өңдеу өнімдері өндірілетінін атап өтті. Азық-түлік қауіпсіздігі барлық негізгі азық-түлік түрлері бойынша қамтамасыз етілген. Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігінің орташа жылдық өсу қарқыны 20% құрайды.

Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі екі есеге өсіп, 5,4 миллиард долларға жетті. Келесі 5 жылда оны 10 миллиард долларға жеткізу мақсаты қойылған. Бұл жетістіктер ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу, суаруды дамыту және цифрландырумен байланысты. Заманауи сүт фермалары мен ет агрокешендері құрылып жатыр. Бұл - саланы жыл сайын қолдауды арттыруды қоса алғанда, мемлекеттің ұзақ мерзімді ауыл шаруашылығы саясатының нәтижесі.

5 жылда ауыл шаруашылығына инвестиция екі есеге дерлік өсіп, 2023 жылы 2,2 миллиард долларға жетті. Бұл сектордың инвесторлар үшін тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Глобализация және азық-түлік сұранысының өсуі жағдайында Қазақстанның азық-түлік саласы халықаралық нарықтағы маңызды ойыншы болуы мүмкін, - деді вице-министр.

Ол сонымен қатар Қазақстанның Орталық Азияда 2030 жылға дейін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Стратегиялық жоспарды әзірлеуді бастағанын және «жасыл экономика» принциптерін енгізу үстінде екенін қоса кетті.

Форум аясында тақырыптық сессиялар өтіп, өзара тиімді келісімдерге қол қойылды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: