Тартысқа толы «Президент кубогы»

7 Маусым 2017, 17:35 6090

Жүлде қоры қомақты

Астанада Қазақстан Президенті кубогы үшін бокстан тартысты бәсеке өтіп жатыр. Жартылай финалдық жолдама үшін болған текетіресте 17 қазақстандық спортшы өнер көрсетті.

Жүлде қоры қомақты. Бірінші орын алған спортшы - 2 мың, екінші орынға – 1 мың, үшінші орынға – 500 АҚШ доллары тігілген.

Алмұрзақов Жұмабек, Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер:

— Біз бұл жарысқа Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжінен келдік. Бүгінгі жарысқа екі шәкіртім қатысып жатыр. Жарысқа дайындығымызды алдағы болатын жекпе-жек көрсетеді. Екі күн қатарынан филлипиндік боксшылармен жұдырықтасайын деп отырмыз. Филлипиндер бүгінде Азиядағы бокс мектебі дамыған ең мықты құрамалардың бірі деп есептеймін. Бүгінгі кездесуге бір ғана нұсқау бердім. Ол – жеңіске жету.  

Бұрымды аруларымыз  51, 60 және 75 келі салмақ сынға түсіп жатыр.

Алмұрзақов Жұмабек, Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер:

— Қазақстанның бокс деңгейі күн санап артып келеді. Көпшілік бізді көршілес өзбектермен салыстырып жатады. Өз басым, әйелдер боксы Өзбекстанға қарағанда әлдеқайда алда деп есептеймін. 2012 жылға дейін әйелдер үлкен жарыстарға қатыса алмайтын еді. Бүгінгі күні гендрлік теңдік мәселесіне әлем бойынша шындап кіріскеннің арқасында қыздарымыз бокс мектептеріне барып, осындай ірі жарыстарға қатыса бастады. Өзімнің екі қызым да спортпен айналысады. Кіші қызым тіпті бір жылдай бокспен айналысқаны бар.

Жарыстың бүгінгі күнін алғаш болып әйелдер бастады. Сегіз жұптың жетеуінде қазақстандық боксшыларымыз өнер көрсетті.

Үнді боксшысын айқын басымдықпен жеңген қазақстандық Волосенко Римма жарыстың келесі кезеңіне жолдама алды.

Екінші жекпе-жекте жоғарыда айтып өткен Жұмабек Шармұхамбетұлының шәкірті филиппиндік боксшыдан есе жіберіп алды.

Тартысты кездесу Ресей мен Украина боксшыларының арасында болды. Орхей Анна мен Орлова Людмила да жеңіске әбден лайықты еді. Алайда төрешілер жеңісті Ресей боксшысына берді.

Виолетта Книязева, Қарағанды облысының боксшысы:

— Жасым жиырмада. Бокспен айналысып келе жатқаныма алты жыл болды. Қарағандыдағы Серік  Сапиев атындағы бокс мектебінде жаттығамын. Біздің облыстан талай чемпиондар шыққанын білесіздер. Жақында Геннадий Головкин Майқұдықтан бокс мектебін ашпақшы. Бұл өте қуантарлық жағдай. Өйткені балалар үшін Майқұдықтан қалаға қатынау қиын еді. Қарсыласыма келер болсам, ол ресейлік Дарима Сандыкова деген боксшы қыз. Осыған дейін онымен кездесіп жеңіліп қалған болатынмын. Осы жолы кеткен есемді қайырамын деген үміттемін.

Осы ретте үнді былғары қолғап шеберлерінің де шеберлігін атап өткен жөн. Қазақстандық Ақбота Исағұловамен жұдырықтасқан үнді боксшысы Боргахаин Ловина жерлесімізді айқын ұтты.

Боргахаин Ловина, Үндістан боксшысы:

— Қарсыласым осал болған жоқ. Дегенмен айламды асырып, жеңіске жеттім. Ертең Олимпиада ойындарының қола жүлдегері қазақстандық Дариға Шакимовамен жұдырықтасамын. Жеңіс үшін бар күш-жігерімді салуға дайынмын.

Ерлер боксына келер болсақ, 69 келі салмақта нақты бір спортшының мысы басым деп айту қиын. Алайда осындай мықтылардың ішінде Қазақстан құрамасының ең жас боксшысы Садриддин Ахмедовты ерекше көзге түседі. Қарсыласын алғашқы раундта есеңгіретіп алған астаналық боксшы үш раундтың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанды.    

Нұрлан Асқар, Монғолия боксшысы:

— Мен 52 келі салмақта өнер көрсетемін. Жартылай финалға жолдама алдым. Бұл жарысқа тыңғылықты дайындықпен келгенімізді атап өткім келеді. Ертеңгі қарсыласым қазақстандық боксшы. Бұрын-соңды кездеспегеніммен мықты боксшы екенін естіп-көріп жүрмін. Жеңіске жетемін деген ойдамын.

Жарысқа қазақ спортшыларынан бөлек, Өзбекстан, Иран, Үндістан, Тәжікстан, Филиппин, Оңтүстік Корея, Украина, Ресей, Моңғолия және Қырғызстан елдерінің боксшылары қатысып жатыр.

Рүстем Әлпи
Бөлісу: