Тәртіп бұзғандар қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін

17 Сәуір, 11:30 535

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы әкімшілік заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасын әділет министрі Азамат Есқараев оқыды. Заң жобасы бойынша енді тәртіп бұзғандар әкімшілік жаза аясында қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі әкімшілік жаза енгізіледі және оны орындау тетігі мен кодекстің ерекше бөлігінде осы жаза түрі қолданылатын құрамы айқындалады, - деді министр.

Қоғамдық жұмыстардың түрлерін және қоғамдық жұмыстар орындалуы тиіс ұйымдардың тізбесін әкімдіктер бекітеді.

Бұл тұста әкімдіктер:

- сот қаулысы келіп түскен сәттен бастап құқық бұзушыны шақырады, оның жеке деректерін толтырады, оған құқықтары мен міндеттерін, қоғамдық жұмыстарды орындау тәртібін түсіндіреді;

- қоғамдық жұмыстарды орындау үшін адамдарды оларға жіберу туралы ұйымға хабарлама жібереді;

қоғамдық жұмыстарды орындау кестесі мен кезеңділігін жасайды;

- құқық бұзушының қоғамдық жұмыстардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

- адамның қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарғаны туралы Ішкі істер органдарын хабардар етеді.

Өз кезегінде ұйымдар орындалған жұмыстардың актілерін жасайды, жұмыс істеген сағаттардың табелін жүргізеді; тоқсан сайын ЖАО-ға қоғамдық жұмыстардың орындалуы туралы есеп береді.

Сондай-ақ заң жобасында әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам себепсіз келмеген кезде күштеп әкелу тәртібі де көрсетілген. Оның жалпы мерзімі бір айдан аспауы керек.

Кодекс нормаларын талдаудан соң онда әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізудің ерекше тәртібі және соттың (лауазымды адамдардың) төтенше жағдай режимі кезінде істерді қарау мерзімдерін тоқтата тұру құқығы қарастырылмағаны анықталды. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін тиісті заңнамалық шаралар қабылданады, - деді министр.

Миражан Махан
Бөлісу: