Жыл басынен бері көлік полицейлері әуе кемелерінің бортында түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 349 жолаушыны акт бойынша рейстен түсірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ұшақтан түсірілген жолаушылардың ішінде 200-і алкогольдік ішімдік ішкені және қоғамдық орындарға масаң күйінде келген. Ал 96-сы ұшақ бортында темекі шеккен және тағы басқа тәртіп бұзғандар. Мәселен, 3 тамызда Астана қаласының халықаралық әуежайына «Франкфурт – Астана» бағытындағы әуе рейсі келіп қонғаннан кейін желілік полиция бөлімінің қызметкерлері 46 жастағы Германия азаматын ұстады. Тексеру нәтижесінде шетелдік жолаушының ұшу барысында әуе кемесінің дәретханасында белгіленген талаптарға қарамастан темекі шеккені анықталған. Бұл әрекеті арқылы ол қоғамдық тәртіп пен ұшу қауіпсіздігі ережелерін өрескел түрде бұзды.
Осы ретте Көліктегі полиция департаменті әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтыну фактісі бойынша құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын, оларға 50 АЕК (196 600 теңге) көлемінде айыппұл салынатынын еске салады. Ұшақ бортындағы тәртіп бұзушылықтар тек жауапкершілікке әкеп қана қоймай, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.