30.01.2026
09:45
1061
Тарихта тұңғыш рет: Заңғар Нұрланұлы Australian Open жартылай финалына шықты

Тарихта тұңғыш рет: Заңғар Нұрланұлы Australian Open жартылай финалына шықты

Мельбурн төрінде өтіп жатқан Australian Open турнирінде жасөспірімдер арасындағы жекелей сында тарихи нәтиже тіркелді.

Қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы жарыстың жартылай финалына шығып, отандық спорт шежіресінің жаңа парағын ашты.

Әлемдік жасөспірімдер рейтингінде 12-сатыда тұрған Заңғар ширек финалда Гонконг өкілі, ITF Juniors рейтингінің 48-нөмірлі ойыншысы Кай Томпсонмен кортта жолықты. Екі сағат елу минутқа созылған тартысты кездесуде қазақстандық спортшы мінез танытып, камбэк жасады. Алғашқы сетте есе жібергенімен, кейін ойын тізгінін қолға алып, матчты 3:6, 7:6 (7:4), 6:4 есебімен өз пайдасына шешті.

Оқи отырыңыз:

Осылайша, Заңғар Нұрланұлы Australian Open турнирінің жасөспірімдер арасындағы жекелей сынында жартылай финалға шыққан Қазақстан тарихындағы тұңғыш теннисші атанды. Былтыр ол US Open жасөспірімдер додасында да жартылай финалға дейін жетіп, өз мүмкіндігін дәлелдеген еді.

Матчтан кейінгі сұхбатында жас спортшы командасына, ата-анасына, жанкүйерлерге және Қазақстан теннис федерациясына ризашылығын білдірді.

Заңғар Алматы қаласында дүниеге келген. Теннистегі алғашқы қадамын алты жасында Талдықорғанда жасаған. Ал 14 жасында Tennis Europe Tour нұсқасы бойынша «Жылдың үздік шетелдік ойыншысы» атағын иеленіп, 2022 жылғы маусымда жасөспірімдер рейтингінде үздік ондыққа енді.

Кумирі – Новак Джокович. Он екі жасында US Open ересектер турнирінің жартылай финалын тамашалап, аңыз теннисшімен естелік суретке түскен.

Қазір қазақстандық теннисші Словакиядағы Доминика Цибулкова академиясында жаттығып, техникасы мен физикалық дайындығын шыңдап жүр. Осылайша, ол қазақстандық теннис мектебінің жаңа деңгейге шыққанын дәлелдеп келеді.

Енді Заңғар финал жолдамасын америкалық Китан Ганс пен Қытай Тайбэйінің өкілі Куан Чоу Чен арасындағы матчтың жеңімпазымен сарапқа салады.

Бұдан бөлек отандық жанкүйерлер жекелей сында Елена Рыбакина мен жұптық сында Анна Данилинаның өнерін тамашалайды. Екеуі де финалға шыққан. Ал шешуші сын 31 қаңтарда өтеді.