Тарихи кино, телесериал түсіруге үлкен тәжірибе керек – продюсер, режиссер Алмас Әлімжан

16 Маусым 2023, 18:07 8661

Продюсер, режиссер, «DOSFILM» медиа продакшн директоры Алмас Әлімжанмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

El.kz: Алмас Болатұлы, бүгінгі сұхбатымызды еліміздегі телехикаялар өндірісінен бастасақ. Осы салада еңбек етіп жүрген кәсіби маман ретінде Қазақстандағы телехикаялар өндірісінің бүгінгі аяқ алысына қандай баға берер едіңіз?

Алмас Болатұлы: Еліміздегі телехикаялар өндірісі қарқынды дамып келе жатыр десем артық айтпағаным болар. Себебі бұрынғымен салыстырғанда қазір отандық телеарналар жыл сайын жақсы туындыларды жарыққа шығарып жатыр. Әрине бұл қуантарлық жағдай. Сонымен қатар сол телесериалдарды түсіретін аутсорсинг компаниялар да көбейді. Бәсеке бар жерде сапаның да артатыны белгілі. Сол үшін елімізде жыл сайын жақсы туындылар дүниеге келіп жатыр деп нақты айтуға болады. Телеарналармен қоса интернет кеңістігіндегі YouTube желісіне арнап WEB-сериалдардың көптеп түсірілуі және олардың көбінің сапасы мемлекет тапсырысымен түсірілген өнімдерге бәсеке бола алуы, өндірушілер үшін үлкен жауапкершілік тудыруда. Сондықтан да дүниеге келетін туындылардың мазмұны мен сапасы әлі де арта түсетініне сенімдімін.

El.kz: Кезінде «Тоғысқан тағдырлар» («Перекресток») атты алғашқы отандық телесериал түсірілгенін білеміз. 90-жылдардағы сериалдар мен бүгінгі телехикаялардың айырмашылығы неде?

Алмас Болатұлы: Қазіргі кезде техника мен технологияның күн сайын жылдам дамуы кино саласына да біршама әсерін тигізді. Алғаш түсірілген телехикаялар «Тоғысқан тағдырлар» («Перекресток»), «Айналайын», «Қарашаңырақ», «Ағайындылар» тағы да басқа керемет туындылар сол кезде өз көрермендерін қуантқаны белгілі. Қазіргі кезде түсіріліп жатқан туындылардың да өзіндік ерекшеліктері және көрермендері бар. Сол үшін нақты осындай айырмашылықтары бар деп айту қате пікір болады деп ойлаймын. Түрлі ыңғайлы әрі тиімді техникалардың пайда болуына байланысты түсірілім жағынан көп жұмыстың жеңілдегені анық.

El.kz: Қазір әрбір мемлекеттік телекорпорация сериал түсіру үшін аутсорсинг компаниялар арасында байқау жариялайды. Сондағы Көркемдік кеңес мүшелерінің жұмысына көңіліңіз тола ма?

Алмас Болатұлы: Менің ойымша кез келген мемлекет қаражатына істелетін жұмыс, қатаң тексерулер мен іріктеулерден өтуі тиіс. Бұл кино және сериал өндірісіне де қатысты. Сондықтан Көркемдік кеңестің болғаны дұрыс бірақ атына заты сай болса деймін.

Қазіргі таңда мемлекеттік телеарналар аутсорсинг компаниялар арасында жыл сайын жобалардың байқауын ұйымдастырады. Ол жерде тек түсіретін компанияның біліктілігі мен тәжірибиесіне ғана қарап қоймай, ұсынған жобаның тақырыбы мен мазмұнына және өзектілігіне қатаң мән беріледі. Сол үшін менің жеке пікірім, бағы мен бабы қатар келген компания ел мүддесі үшін жақсы туынды шығарып жатса шын қуанамын.

El.kz: Шетелдік кейбір телесериалдарда демеушінің кім екендігін анықтау қиынға соқпайды. Біздің нарықта сериалға демеуші табу жағы қалай?

Алмас Болатұлы: Қазіргі таңда телеөнімдерге демеуші боламын дегендер көп деп айта алмаймын. Дегенмен мүлде жоқ деп айтуға да келмейді. Арасында демеушілер кездесіп тұрады. Әр телеканалдың өзінің шарттарына сай демеушілер көмегімен түсірілетін өнімдер болады.

El.kz: Түрік, үнді, қытай, кәріс телесериалдарын қарап отырсаңыз, түрлі локацияларда түсірілетіндіктен көрерменді жалықтырмайды. Ал, бізде түсірілім жасайтын жерді таңдау мәселесі қаншалықты өзекті?

Алмас Болатұлы: Біздің елдің табиғаты, тауы-тасы, суы мен шөлі айтарлықтай жеткілікті. Дегенмен сол байлықты дұрыс пайдалана алмай жатырмыз. Ащы болса да айтайын, кино және сериал өндірісінде де осы өзекті мәселе болып қалып келеді.

Локацияның көптігі, еліміздің көптеген жеріне барып түсірілім жасау біраз қаражатты талап ететіндігін бәрі жақсы біледі. Сол себепті бұл мәселе жыл сайын менің әріптестеріммен өзекті мәселе болып көтеріліп келеді. Осы ретте тапсырыс беруші телеканалдар тарапынан да белгілі шаралар қолданылып жатыр. Жақында оң нәтиже болып қалады деген сенімдемін.

El.kz: Өзіңіз қандай жерлерде түсірілім жасап үлгердіңіз?

Алмас Болатұлы: Біз енді осы уақытқа дейін еліміздің біраз жерлерін түсіріп, насихаттап келеміз. Мәселен, «Телепорт» телехикаясын түсіру арқылы Бурабай, Шарын шатқалы, Алтынемелдегі Айғай құм, Қапшағай көлі сияқты локацияларда түсірілімдер жасадық.

«Арманға 20 қадам» телехикаясында Алматы мен Астана қалаларын толығымен түсірдік десек болады. «Ұлы дала ұлағаты» деректі фильмдер топтамасын түсіру барысында Қазақстанның барлық қалаларын қамтыдық десем артық айтпаған болар едім.

 El.kz: Соңғы жылдары тарихи сериалдар түсіру белең алды. Оған не түрткі болды, шетел сериалдарын көптеп көрсетуден кейінгі көрерменнің талабынан соң ба?

Алмас Болатұлы: Алыс-жақын шетелдік телесериалдардың көптеп көрсетілуі, тарихи туындылардың түсірілуіне себепкер болды деген қате ұғым деп ойлаймын. Еліміздің тарихы тереңде екенін ескерсек, біз үшін жылына жүз тарихи телехикая түсірсек те артық болмас еді.

Дегенмен, өздеріңіз білесіздер, тарихи туынды жасау үлкен тәжірибе мен біліктілікті және үлкен қаражатты талап ететіні анық. Сценарийінен бастап, сол замандағы әр заттың түпнұсқасын дұрыс көрсете білу үлкен біліктілікті қажет етеді. Өкінішке қарай қазіргі түсірілген көптеген (барлығы емес) тарихи туындыларда қателіктердің, әттеген-айлардың көптігі өкіндіреді.

El.kz: Мұның себебі неде, режиссерлер мен сценарий авторларының тарихты дұрыс зерттемегенінен емес пе?

Алмас Болатұлы: Оның тікелей себебі уақыттың тығыздығы мен қаражаттың жеткіліксіз болуынан деп ойлаймын. Сол үшін тарихи тақырыптарды тек сан үшін түсіру қате тірлік. Өйткені ол тақырып жақын онжылдықта қайталап түсірілмейтіні анық. Бұл мәселені мен жүрген жерімде ашық айтып отырамын. Дегенмен соңғы уақытта жақсы туындылар да жарық көріп жатқанын мойындауымыз қажет.

El.kz: Кастинг өткізіп, актер таңдау жұмысына келейікші, қандай рөлге актер таңдау қиынға түседі. Кейбір режиссерлер белгілі бір актермен бірнеше жобаны атқарады. Сіздің тәжірибеде ондай жағдай болып тұра ма?

Алмас Болатұлы: Кез келген туындыға дұрыс актер таңдау, сол туындының сәтті шығуына белгілі рөл атқаратыны анық. Сол үшін әр жобаның ерекшелігіне байланысты актер таңдауда көптеген қиындықтар кездесіп тұрады.

Әрине, белгілі актерлермен бірнеше жоба атқарған кездер бізде де болды. Оқыған, тәжірибелі актермен жұмыс істеген әлдеқайда жеңіл екенін бәріміз білеміз. Бірақ оның кері әсері де бар екенін ұмытпауымыз керек. Бір актер бірнеше фильмде немесе телехикаяда ойнаса көрерменін жалықтырып алатыны сөзсіз. Сол үшін мейлінше жаңа есімдер мен жаңа бейнелерді жарыққа шығару әр режиссердің міндеті деп білемін.

El.kz: Толықметражды көркем фильм мен телесериалды түсіруде қандай да бір өзгешеліктер бар ма?

Алмас Болатұлы: Әрине. Толықметражды көркем фильм мен телехикаяны салыстыруға мүлдем келмейді. Көркем фильмнің түсірілу технологиясынан бастап стилистикасына дейін телехикаядан мүлдем бөлек. Бір ғана мысал келтіре кетуге болады. Толықметражды көркем фильмде бір күнде 3-4 сахна ғана түсірілсе, телехикаяда 15-20 сахна түсіріледі. Яғни, телехикая ол конвейер.

El.kz: Дубляж саласы бойынша біраз тәжірибеңіз барын білеміз. Еліміздің киноөндірісіндегі дубляж  қалай дамып жатыр?

Алмас Болатұлы: Әрине дубляж саласы мен үшін де өте қызықты сала. Олай дейтінім, көптеген шетелдік фильмдердің қазақшаға аударылып дубляждалуына тікелей атсалыстым. Менің қатысуымен 30-дан аса фильмдер мен анимациялық фильмдер қазақша дубляждалып үлкен экранға жол тартты.

Қазіргі таңда фильмдерді қазақшаға аудару, яғни дубляж жасау өндірісі кино саласындағы өзекті мәселе болып келе жатыр. Аударып дыбыстаудың бірнеше түрі бар екенін ескеретін болсақ, жергілікті телеарналар өз өнімдерін қазақ тіліне аудару мәселесін екі немесе үш дауыспен кадр сыртында дыбыстаумен шектелуде. Тек «Qazaqstan» ұлттық арнасы ғана кәсіби түрде фильмдерді жоғары деңгейде аударатынын білемін. Ал қазір үлкен экранға жол тартқан шетелдік және ішкі өнімдер тек субтитр берумен тілдік балансты сақтадық деп алдарқатуда. 

Мемлекет тарапынан барлық фильмдерді кәсіби дубляждауға тиісті заңдар қабылдап, киноөндірушілерді міндеттейтін болса, қазақ тілінің даму аясы кеңейе түсетіні анық.

2011 жылдан бастап қазақша дубляждау жаңаша қарқын алып, шетелдік 40-қа жуық туындылардың қазақ тіліне аударылып дыбысталғанын ескерсек, жылына еліміздегі үлкен экранға жол тартатын 200-ден астам фильмдердің ішінде «теңізге тамған тамшыдай» көрінетіні сөзсіз.

Қазақша дыбысталған шетелдік блокбастерлердің қазақша нұсқасына «көрермен аз келеді» деген жай ғана сылтау. Бүгінгі таңда түсіріліп жатқан отандық киноөндірушілердің фильмдерінің көбісі қазақ тілінде. Олардың касса жинау жағы кейбір шетелдік блокбастерлерден асып түсуде. Сол үшін қазақ тіліндегі фильмдердің көремені жоқ деген, белгілі бір адамдардың жеке ойынан туындаған пікір деп ойлаймын.

Барлық фильмдерді толықтай қазақшаға аударып, дубляж жасауды міндеттейтін уақыт жетті. Бұл біздің өз тілімізді қорғау арқылы қазақ тілінің, ділінің жоғалып кетпеуіне кепілдік. Сонымен қатар дубляж саласының кәсіби мамандарын дайындауды да қолға алу керек. Өйткені қазіргі таңда дубляж мамандары саусақпен санарлық. Әрине болашақта қазақ тілінде керемет туындылардың көп болатынана мен сенемін. Қазақша сөйлейік, қазақша көрейік!

El.kz: Прокат мәселесін айтпай кетсек болмас, бүгінде отандық телехикаялар мен фильмдерді шетелдік телеарналар сатып алып жатыр екен...

Алмас Болатұлы: Иә, бұл туралы тапсырыс беруші телеарналар нақты айта алатын шығар. Дегенмен көптеген отандық туындыларды алыс-жақын шетелден сатып алушылар көбейді дегенді естігенім бар. Бұл дегеніміз біздің отандық өнімдер сұранысқа ие болуда. Бұл әрине қуанарлық жағдай.

El.kz: Сіз тек телехикаялар ғана түсіріп қоясыз ба, әлде оқырмандар білмейтін құпия ермегіңіз бар ма. Өзіңізді қалай күтесіз, дене шынықтырумен шұғылданасыз ба? Жалпы қазір немен айналысып жүрсіз?

Алмас Болатұлы: Соңғы сұрағыңыздан бастап жауап берейін. Әрине, тек өнердегі емес, кез келген адам мүмкіндігінше әдемі болып жүруі шарт.

Спорт - денсаулық кепілі. Сол үшін спорт мен үшін де бірінші орында. Жай ғана кешке немесе таңертең жаяу жүрудің өзі адам денсаулығына үлкен пайдасы бар екені айтпасам да түсінікті.

Жалпы «жігітке жеті өнерде аз» деп жатады ғой, шамам келгенше кез келген нәрсені өз қолыммен істегенді ұнатамын. Көлік жөндеу, құрылыс саласы болсын, жазу, сызу т.б. Дәл қазіргі таңда отандық телеарналардың біріне түсірілетін телехикаяның сценарийін жазып жатқан жайымыз бар. Алла қаласа алдағы уақытта көріп, бағасын бере жатарсыздар.

El.kz: Біз арқылы елге айтар тілегіңіз бар болса, жеткізейік!

Алмас Болатұлы: Елдің игілігі үшін атқарып жатқан істеріңізге тек сәттілік! Ақпарат тарату саласында тек алда болыңыздар. Елім дейтін кейіпкерлеріңіз көп болсын.

El.kz: Көп рахмет, өзіңізге де шығармашылық шабыт тілейміз!

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: