Тарихи кино қайтсек тартымды болады?

23 Мамыр, 13:02 2204

Қазақ киносының тарихында осы жанрдағы ауыз толтырып айтарлықтай туындылар баршылық. Әсіресе, соңғы 20 жылда жақсы фильмдер мен сериалдар жарыққа шықты. Мамандар тарихи кино жасау жолында аянбай еңбек етті. Бірақ «біткен іске сыншы көп» дегендей, осы тақырыптағы кинотуындыларды қазір ерінбеген адам сынап жатыр. Бірінікі шын болса, бірінікі жәй әншейін сын.

Мінсіз де дей алмаймыз, әрине. Алайда біз мінді сырттан тон пішіп тізбелей бермей, қазақ кинематографының ішкі жағдайына үңілуді жөн санадық. 

Тарихи киноның тарихы

Егер әріден қозғасақ, біздің тарихи кино дегеніміз қазақ киносының өзінің тарихымен біте қайнасып жатыр. Кинотанушы Баубек Нөгербектің сөзі осы ойды қозғап тұр.

Ең бірінші Қазақстанның тақырыбында орыс режиссерлері түсірген фильмдерді алсақ, олар да революция туралы тарихи фильмдер болған. 1928 жылы түсірілген «Мятеж» деген фильм бар. Дмитрий Фурмановтың осы аттас романының желісімен түсірілген. Одан бөлек, алғашқы дыбыстық фильм, жалпы тұңғыш қазақ кинодраматургиясының жемісі – «Амангелді» де тарих тақырыбын қозғайды. Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов және Всеволод Ивановтың сценариі бойынша «Ленфильм» киностудиясы түсірген, 1916 жылғы оқиғаларды қамтыған бұл туынды 1938 жылы жарық көрді. Ал ұлттық кинорежиссураның алғашқы туындысы – «Махаббат туралы аңыз әлде Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды» тарихи-фольклорлық фильмге жатқызуға болады. Оны 1954 жылы Мәскеуден маман тартпай-ақ, Алматы студиясында, яғни қазіргі «Қазақфильмнің» базасында өзіміздің Шәкен Айманов өзіміздің Ғабит Мүсіреповтің сценариімен түсірген. Оған дейін режиссерлер тек орталықтан келетін, – дейді Баубек Нөгербек.

Негізі, тарихи көркем кино десе көз алдымызға бірден хандар мен мен билер, аттандаған жауынгерлер елестейтіні жасырын емес. Ол дұрыс, әрине. Бірақ біз басқа кезеңдерді, сондағы ұлы тұлғалар мен қарапайым адамдарды да ұмытпауымыз керек. Мысалы, кинотанушылар 80-90-шы жылдарды да енді тарихқа жатқызуға болатынын айтады. Баубек Нөгербек бұл тұрғыда «Рэкетир», «Районы» фильмдерін атап өтті.

Тарихи тақырыпты қозғағанда, тек хандық, жаугершілік дәуірін төңіректей беруге болмайтынын киносыншы, өнертану PhD докторы Гүлзат Көбек те қостап отыр. Сондай-ақ ол мықты тарихи тұлғаларды, олардың отаншылдығы мен жанкештілігін, еңбекқорлығын өскелең ұрпаққа осы өнер арқылы үлгі ете беруіміз керектігін айтады.

Бір-ақ фильм арқылы әлеуметтің санасын жаппай сілкіп, рухын оятып алуға болады. Біздің отандық тарихи тұлғалар адамзаттың өркендеуі жолында интеллектісімен қандай масштабты үлес қосты деген сауал өзекті. Мысалға, әлемдік киноөндірісте Альберт Эйнштейн, Никола Тесла, Исаак Ньютон, Леонардо до Винчи,  Роберт Оппенгеймер, Стив Джобс сияқты масштабты тұлғалардың өмірлік жолын мақсатты түрде насихаттайды. Жастарды соғысуға емес, ілімнің күшімен мойындатуға бағыттауымыз керек. Біздегі тарихи фильмдердің көбі жаугершілік, кеңестік саясатқа тәуелділік тақырыптарының кезеңінде қалып қойған. Оның өзі әлемдік прокатқа шыға алған жоқ. Мықты тарихшылармен біріге отырып, әр саладағы тарихи маңызды қадамдар жасаған тұлғалардың жүйелі тізімін жасап, кино түсіруді танысы емес, шеберлігі ең мықты деген режиссерға ғана жүктеу керек, – дейді Гүлзат Көбек.  

Қазақ тілі әлі де мазақ болып жатыр

Тарихи киноға тағылатын міннің бірі сценарий төңірегінде айтылады. «Тілі жұтаң», «тарихи шындыққа сәйкес келмейді» деп жатады кейбір кинотуындылар туралы. Біз осы жанрдағы туындыларға сценарий жазып жүрген Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубайдың пікірін білдік. Оның ойынша, бұл жерде мәселе сценаристің тіл байлығына, біліміне келіп тіреледі.  

Тарихты жазғаннан кейін қазақтың көшпелі өмірін білетін адам жазуы керек. Және қазақтың тілін білетін адам жазуы керек. Көбінесе мынадай жағдай болады: біздің мемлекеттік тапсырыс беретін мемлекеттік кино орталығы (Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы – ред.) дейтін бар ғой. Ол жерде биыл да питчинг, яғни іріктеу болып жатыр. Соған, мысалы, 100 шақты сценарий түссе, соның бір-екеуі ғана қазақша жазылады екен. Сол бір-екеудің бірінің авторы – осы сөйлесіп отырған ағаңыз. Ылғи да сол жерге қазақша сценарий жазып береді. Мінекей, осындай трагедиямыз бар. Қазақтың өз тілін өзі ұмытып қалған заман болды. Соның зардабын әлі тартып жатырмыз. Соның зардабын біз тұрмақ, сонау бізден бес ғасыр бұрынғы хандар, батырлар тартып жатыр. Солардың аузына қазақтың соры қайнаған жаман тілін салып қоямыз білмегендіктен. Немесе орысшадан аударма жасаймыз. Сөйтіп, оларды да сорлатып жатырмыз. Тіл білмегеннің зардабын біз ғана шегіп жатқан жоқпыз, әруақтар да зардабын шегіп жатыр. Оларды сөйтіп күлкілі деңгейге түсіреміз, – дейді жазушы.

Тым арық бюджет

Тағы бір мін – киімдердің, адамдардың тұратын жерінің (декорация) жұпынылығы. Кейде тарихи фильмдерде әсем табиғатымызды, ерте замандарда да қазақтардың сән-салтанатпен киініп, әдемі баспаналарда тұрғанын көрсетудің орнына картина бірыңғай сұрланып кететіні жасырын емес. Киногерлердің айтуынша, бұл жерде әңгіме көбіне түсірілімге бөлінген ақшаға келіп тіреледі. «Оян, қазақпен» күллі қазақтың жүрегіне жол тапқан талантты режиссер Мұрат Есжан уәжін біз тамсана беретін Корея, Қытай сияқты елдердің тарихи фильм немесе сериалдарының бюджетімен салыстыра отырып айтты.

Голливудты айтпай-ақ қояйық, кәрістің «Паразиттер» деген фильмі бар. Екі үйдің, яғни кедей мен байдың үйлерінің ішінде ғана өтеді. Айналдырған 5-6 актердің арасындағы ойын. Ол жерде үлкен шайқас көріністері жоқ. Қазақстанда соңғы кездегі қымбат фильмдердің бірі – «Томирис». Сол «Томирисіңіздің» жаңағы «Паразиттерден» бюджеті екі есе аз. «Паразиттер» 11 миллион долларға, ал «Томирис» 5 миллион долларға түсірілген. Анау шет елдегі төмен бюджетті фильм болса, мынау Қазақстандағы ең қымбат фильмдердің бірі. Бұны салыстыру үшін айтып отырмын... «Оппенгеймер» деген фильм шықты. Өткен жылдың хиты болған. Немесе Тарантиноның «Однажды в Голливуде» деген фильмі бар. Сол фильмдерден біздің сериалдардың бюджеті 500 есе аз екен. Яғни сол фильмдердің ақшасына осындай 500 сериал түсірсе болады деген сөз. Енді «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалын (режиссері Мұрат Есжан – ред.) алайық. Оның бюджеті ресейлік «Адмирал Колчак» фильміне бөлінген қаржыдан тура 100 есе аз болып шықты, – дейді Мұрат Есжан.

Режиссердің бұл сөзін кинодраматург те қолдап отыр.

Түрік сериалдары қазір әлемнің 77 елін жаулап алған. Олар түрік экономикасына үлкен пайда келтіріп отыр. Тек экономика емес, түрік тарихын, жалпы түрік әлемін насихаттап жатқан әдебиет емес, түріктің киносы, оның ішінде сериалдары. Олардың деңгейі өте жоғары. Өйткені сериалды жасайтын жекеменшік компаниялар ақшаны аямайды. Ертең нарыққа шыққан кезде ол ақша табуы керек қой, орнын толтыруы керек. Мінекей, сондықтан олар сапалы етіп жасау үшін ақшаны аямайды. Ал бізде сериалдарға, шынын айтқанда, ақша дұрыс бөлінбейді. Ақшасыз түсіріп жатыр деуге болады. Телевизиядағы сериалдардың қаржысын айтса, тіпті шошисыңдар. Мысалы үшін бір серияға 5-6 миллион теңге ғана жұмсайды екен. Ол түкке тұрмайтын нәрсе ғой. Ол обал. Сөйтіп, сериалдардың абыройын түсіріп жатырмыз. Ол жерде талантты режиссерлер бар. Америкада оқу бітіріп келген Мұрат Есжан деген жігіт бар. Сол жігіт жанын салып істейді. Кезінде Мұхтар Әуезов туралы түсіргенде маған сценариін берген «Аға, оқып шығып, пікір айтыңызшы» деп. Пікір айттым. Сол – талантты бала. Талантты режиссерлер ұятты нәрсені шығармауға тырысады ғой. Оларға да обал. Олардың да қаржысын мен шамалап біліп отырмын. Сондықтан бізге телевизиядағы сериалдардың қаржысын қайта қарау керек. Түрік сериалдарының деңгейіне жету үшін қайта қарау қажет. Олардың сериалдарымен салыстырсаңыздар, біздікілердің қаражаты, ең құрығанда, 10-20 есе төмен деп ойлаймын. Содан сапасы да соншалықты төмен болып шығады, – дейді Смағұл Елубай.

Мәселе ақшада ғана емес

Бұл жерде «мәселе ақшада ғана ма?» деген заңды сұрақ туады. Солай дейін десең, бізде тарихи киноға қаржыны аямай бөлген кездер де болған. Ал ақша жүрген жер қазақ ортасында үнемі айғай-шу тудырады. Мысалы, кезінде түсіріліміне 34 миллион доллар бөлінген (Wikipedia-дағы мәлімет бойынша) «Көшпенділер» фильмінің қандай ырың-жырыңмен жасалғаны естеріңізде болар. Фильм жақсы. Бірақ бюджетіне сай керемет деп айта алмайсыз.

Мамандар осы ойымызды толықтыра түскендей. Яғни түйткіл басқа жағынан да жеткілікті.

Ең бірінші идея мен оқиғаны ширататын драматург мықты болуы керек. Сценарийді ақын, жазушы емес, кәсіби драматург жазуы керек. Киносценарийдің өзіндік ішкі заңдылықтары бар. Әлемдік кинематографтың бүгінгі тенденцияларын түсінетін заманауи мамандар жетпейді.Режиссерлар да тапсырыс үшін емес, таңдалған тарихи тақырыпқа жеке ізденісі мен қызығушылығы болса ғана келісім беруі керек. Шеберліктері жетпей тұрса, шетелдік әріптестермен бірлесіп түсіру тәжірибесі әлемде жолға қойылған. Бізде мемлекеттен тарихи фильмдерге уақытында көп қолдау болды. Қаржы да бөлінді. Әлемдік деңгейдегі жұлдыз жасап жіберетіндей ерекше типаждағы актерларымыз да бар. Меніңше, киногерлерге шынайы патриоттық сезім, мекеме басшылары мен продюсерлерге өз елінің әрбір ісіне жанашырлықпен қарау, мүдделес болу, қаржыны сауатты игеру жауапкершілігі жетпеген сияқты, – дейді киносыншы Гүлзат Көбек.

Мәселе ақшада ғана еместігін киногерлердің өздері де мойындайды.

Әрине, оны жасайтын адамның қарым-қабілеті, деңгейі – ол да ескермей өтіп кететін фактор емес. Яғни «біз бәріміз керемет болып тұрмыз, тек ақша ғана жетіспей тұр, ақша болса, бәрін қыратын едік» деген ойдан аулақпын. Біздің кейде ізденбейтініміз, қысқа уақыттың ішінде жоспарлы түрде «биыл мынау бітуі керек, мына айда мынау шығуы керек» деген сияқты принциппен жұмыс істейтініміз бар. Кішкене тарихи ізденіс жағына келген кезде өзімбілермендікке салынып кетеміз. Осы сияқты факторлар жаңағыларға қосылған кезде сіз айтып отырған жұпынылық, кей жерлерде дұрыс таңдалмау деген сияқты мәселелер туады. Сондықтан мен ол кемшіліктерді мойындаймын және біржақты кінә деп есептемеймін. Оған объективті түрде баға берілуі керек, – дейді режиссер Мұрат Есжан.

Тағы бір фактор бар. Ол – елімізде тарихи кино түсіретін орындардың тапшылығы. Локация – осы жанрдағы фильм немесе сериал үшін аса маңызды нәрсе. Режиссердің сөзі де осыған ойысып тұр.

Еуропа қалаларында әлде де ескі заманды түсіре алатын болсаңыз, Қазақстанда ондай қала түгіл көше, көше түгіл ғимарат табу қиын. Мысалы, 20-шы ғасырдың басын, жалпы 90-шы жылдардан ары қарайғы уақытты немесе көне қалаларды көрсетететін көріністер жоқ. Көп ғимараттар қиратылған. Сақталғандарының өзі пластик терезе салынып, Қытайдың шипыры қойылып, сыртының бәрі пластикпен қапталып, адам танымастай болып өзгеріп кеткен. Олар ескі заманға икемдеуге мүлдем келмейді. Сондықтан кейбір кезеңдерді далада киіз үй тігіп қана түсіресің. Ал Қытайдағыдай, Голливудтағыдай тұтас қалашықтар салып тастау үшін бізге әлі де ұзақ жылдар және тағы сол қаржы керек, – дейді ол.

Түйін

Міне, «Мәселе ақшада ғана емес» десек те, айналып келгенде, көп нәрсе бәрібір қаржыға келіп тіреліп тұр. Әйтпесе, бізде талантты сценаристер, режиссерлер, актерлер, тағы басқа мамандар баршылық. Әсіресе, режиссерлерден Ақан Сатаев, Рүстем Әбдіраш, Мұрат Есжан, Сәбит Құрманбеков ерекше аталады. Олардың отаншылдығы, ұлтжандылығы, өнерге деген адалдығы шеберлігін шыңдай түсіп жатыр деп есептейміз. «Ақыл жастан» дегендей, олардың ізбасарларының да өсіп келе жатқанына шүбәміз жоқ. Сондықтан ауызды қу шөппен сүрте беру де жөн емес. Біздің қытай, жапон, корей фильмдеріне сүйсінгеніміздей, әлемді сүйсінтер киношедевр қазақтан да туар деген үлкен үмітіміз бар.  

Оразәлі Баймұрат
Бөлісу: