Тарих беттерінен: Жайық қалашығы

12 Шілде 2018, 09:30 10204

Киелі Қазақстан

2001 жылы табылған Жайық қалашығы Орал қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 12 шақырым әрірек, Жайық өзенінің бойында орын тепкен. Көне қаланың 50 гектар, некропольдың 300 гектар аумағы аршылып алынды. Бір қабатты болып келетін Жайықтың өмір сүрген уақыты деп, ХІІІ – ХV ғасырдың бірінші бөлігі айтылады. Қалашықта жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде көптеген тарихи жәдігерлер табылған еді. Олардың қатарында кірпіш күйдіруге арналған пеш, шығыстық монша, үш үй-жай, кесенелер және т.б нысандар кіреді. Ал сәл берірек некропольда жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде қолдан жасалған айна мен күміс тиындар табылды.

Жайық қалашығының ашылуы көптеген тарихи деректерге өзгеріс енгізді. Себебі, ғалымдар Орал қаласының қашан құрылғандығы жөнінде сұраққа бас ауыртып жүрген болатын. Кей зерттеушілер Оралдың құрылған уақыты деп 1613 жылды көрсетсе, кейбірі 1598 жылды нұсқайды. 15 жылдың ары-бері жылжуына себеп құжат жалғыз-ақ. Бұл қаланы зерттеуде тарихи кемшіліктерге жол берілуі ғалымдардың араб зерттеушілері жазып қалдырған мағлұматтарына мән бермегендігінен болған. Өз кезегінде араб авторлары Алтын Орда тарихын басты назарда ұстап, солардың негізінде дәлме-дәл деректер қалдыра білген.  Алғаш боп Орал жерінде «бұрынырақ қалалықтар ғұмыр кешкен» деп болжам жасап, зерттеу жүргізе бастаған жергілікті ғалым Ғаяз Қошаев болды. Оның нұсқаған жері Орал өзені жағасындағы екі телімдік жер болатын. Ғалым Қошаевтың жүргізген жұмыстары өз нәтижесін беріп, қызықты тарихи жәдігерлер табылды, көптеген тың деректерге байыған едік. Ең бастысы, ежелгі қала болғаны жөніндегі пікірі нақты дәлелденген еді.

Осыған дейін жазылған ортағасырдағы авторлардың жазбалары, сол секілді Жайық өзенінің бойындағы қалалар жайында ХVІІІ–ХІХ ғ. келтірілген дәйектердің де барлығы дерлік шындыққа жанасады. Батыс Қазақстан өңірінен Жайық қалашығынан басқа тағы да екі қаланың орны табылды. Оның бірі – Өзен қалашығы болса, келесесі Қазталов ауданындағы қалашық. Олар да сол ХІІІ – ХІV ғасырға жатқызылады. Археологиялық жұмыстардан белгілі болғаны – Жайық қалашығының басқалармен салыстырғанда сәулеті мен мәдениетінің жоғарылығы. Мәселен, мұндағы тұрғын-жайлар мен кесенелер күйген кірпіштен салынған. Оларды жасап шығаратын арнайы пештің де ізін көруге болады. Тіпті, Жайық қалашығынан шығыс моншасы да табылып отыр. Қазба жұмыстары кезінде қала орнынан металдан жасалған бұйымдар, керамика мен әшекейленген тақта тастардың қалдықтары, әйнектен әзірленген моншақ, жануарлардың сүйектері, сол сияқты екі мыс тиын табылды. Оның бірінен «Capaйдa coғылғaн 737» деген жазудың ізін көруге болады. Xижpa жылы, біздіңше 1336-1337 жылдарға тиесілі. Яғни, Алтын Opдa дәуірінде соғылған тиын бізге жетіп отыр деген сөз. Ілгеріде айтып кеткен моншалар шығыс аймағында бүгінге дейін сақталған, ал кірпіштерді күйдіруге арналған пеш осы аймақтағы Алтын Орда қалаларына Opта Aзия мен Қазақстанның оңтүстік қалаларынан әкелінуі мүмкін. Ол заманда мұндай пештерімен Oтыpаp, Күйpiктөбe секілді қалалардың аты көпке тараған. Тағы бір айта кетерлігі, қалашықтан қазылып алынған мазарлардағы мүрделердің басы солтүстiк-бaтыcқа қаратылған және заттары ағаш табытта бірге жерленген. Біз мұндай дәстүрдің көшпелі мұсылмандарға тиесілі екенін аңғарамыз.

Үйлердің орнын тазалау кезінде оның ішкі құрылыстарын сипаттауға мүмкіндік туды. Тұрғын-жайлар адамдар тұруға арналған қос бөлмеден құралған. Олар бір-бірінен қалыңдығы 0,8 метрге дейін жететін қабырғамен бөлінеді. Сыртқа шығатын есік солтүстікте. Ортадағы қабырғаның бойынан орын тепкен есіктермен тұрғын бөлмелерге қарай өтуге болады. Адам тұратын бөлмелердің айналасына заттар қоятын шағын бөлмелер мен қоймалар салынған. Сол сияқты үйлердің өздеріне ыңғайланған ауласы болған. Қалашықтан сәл әрірек бір жарым шақырым жерден кесенелер табылды. Олардың екеуін басқалардан бөліп-жарып айтуға болады. Алғашқысы екі камералы болып келген жоғары тап өкіліне тиесілі болғанымен, «Кіші кесене» атауына ие болды. Оның құрылыс материалдары сол жерде өңделгендігі анықталып отыр. Ол ХІІІ – ХІV ғасырлардағы Алтын Орда кезеңіне жататын ескерткіштер секілді төрт бұрышты болып келеді, кірпіші күйдірілген.

2002-2003 жылдары келесісі – «Үлкен кесенеге» зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл кесене де кішісі секілді қос камералы. Оның төбесінде көлемдер бір-бірінен айырмашылығы бар күмбездері болған сыңайлы. Күмбездері көк жылтырайтын қаптамалармен қапталған. Ал алдыңғы жағы кең қуысталып келген монментальды портал сынды әзірленген. Ескерткіштің ішкі жағы алтын жалатылған көк түспен қапталған, полихромды жазбалармен безендірілген. Алдыңғы бөлменің көлемі 4,4х4,4 метр болып келеді. Ғалымдардың болжауынша ол жерде жиі Құран оқылған секілді. Негізгі бөлмеден 11 жерлеу орындары табылып отыр.

Еділ өзені мен Жайық бойындағы тұрғын-жайлардың жоспары Хорезмдік және Сырдария бойындағы қалалардың техникалық әдістеріне ұқсайтындығын байқау қиындық туғызбайды. Олардың үйлерінің пішіні ХІІІ – ХІV ғасырларға жатқызылатын Үргеніш, Отырар және Түркістан жайларымен өте ұқсас болып келеді. Айырмашылығы тек жылытатын жүйесі, құрылыс материалдары мен техникасында. Қазба жұмыстары Жайық қалашығының Aлтын Opда дәуіріндегі дамыған қала болғандығынан хабардар етеді. Қаланың ең гүлденген уақыты ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың бас кезі делінген мәліметтер бар. Десек те, шапқыншылық барысында қаланың кей бөліктері зақымданып, қайта қалпына келтірілген. Тіпті, жаңа қалашықтар мен ірі-ірі қоныстар бой көтерген. Ол Өзбек пен Жәнібек хандарының билік құрған уақытымен дәлме-дәл келеді. Алтын Орда хандығы Еділ, Днепр және Жайық бойындағы қалалардың өркендеуіне жақсы әсерін тигізген. Олардың арасындағы ең өркендегені деп, Жайық қалашығын айтуға әбден болады. Зерттеу кезінде ғалымдар шаршы пішінді кірпіштерді байқаған. Кейін келе, анықталғаны Жайықты басуға келген казактар өзінің құрылыстарына осы қаладағы кірпіштерді қолдану үшін, түгелдей қиратып кеткен. Соның кесірінен, Жайық тарихын көпке дейін сырын ішіне бүгіп жатты. Өткен жылғы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалашықты аспан астындағы ашық мұражай ету қолға алынған болатын. Негізгі мақсат – көненің көзі болған тарихи жерді толық зерттеп, сақтай отырып, көпшілікке таныстыру. Тағы бір себеп – саяхатшылардың назарын аудару. Ашық аспан астындағы мұражай ақпараттық әрі мәдени-білім жұмыстарын бірқалыпты жүргізіп, ғылыми институт ретінде қызмет ететін болады. Ол мұражайдың экспонаты ретінде осы жерден табылған археологиялық жәдігерлер мен сәулеттік, этнографиялық ескерткіштер кіргізу жоспарланып отыр.

Ғалымдардың айтуынша, Жайық қалашығы бүгінгі Оралдың арғы шыққан тегі болуы мүмкін. Бұл қалашықтың табылуы осы өңірде алыс Х ғасырдан бастап, қала мәдениетінің пайда болып, өркендеуін дәлелдей түсті. Бұл орынның тарихи маңызы жоғары. Себебі, Жайық қалашығы – біздің жерде Яйцк қаласынан да ежелгі қала болғандығын көрсетеді.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: