«Тарих өз бағасын береді»: Нұрсұлтан Назарбаевқа әлемде қанша ескерткіш қойылған

21 Қаңтар, 21:00 25302

Жақында Қорғаныс министрлігіне қарасты университеттің алдында тұрған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін алып тастағаны белгілі болды. Дегенмен, тұңғыш президентке арнайы қойылған ескерткіштердің саны мұнымен бітпейді. Әр қалада орналасқан ескерткіш тарихына шолу жасап көрдік. Сондай-ақ ескерткіштің бұзылуына қатысты Мәжіліс депутаттары пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астанада Тәуелсіздік сарайының жанында 2009 жылдың мамыр айында Қазақстан қала құрылысшылары одағының бастамасымен «Қазақ елі» монументі бой көтерді.

«Қазақ елі» монументінің сыртқы бөлігінде 28 колоннадан тұратын жалпы ұзындығы 120 метрлік доға пішіндес ақ колонна да орнатылған. Стеланың өзі осы ақ колоннаның қақ ортасында, қызыл граниттен жасалған төрт қырлы тұғырға отырғызылған. Оның төрт қырлы болған себебі – дүниенің төрт бұрышына да Қазақстанның құшағы ашық, көңілі адал дегенді айғақтайды.

Орталық барельеф – «Халық және Президент» деп аталады. Онда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның сыртында халықтың бейнесі көрінеді. Назарбаевтың алақаны ел Конституциясының үстінде тұр. «Бұл тәуелсіз елде заңның үстем болатынын меңзейді», - делінген ескерткіш сипаттамасында.

Назарбаевтың алғашқы ескерткіші 2011 жылы Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай орнатылған болатын. "Қазақстан" композициясы қоладан, граниттен және мәрмәрден жасалған. Композицияда Назарбаев мүсіні бүркіт символын білдірсе, ал екі қанаты Алматы мен Астананы меңзейді.

Елордада 2021 жылдың 3 шілдесінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Бөкейхан мен Керей, Жәнібек хандары көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақ аумағында Назарбаевтың 81 жылдығына орай жаңа ескерткіш ашты. Бұл ескерткіште Назарбаевтың орындықта отырғаны бейнеленген.

2021 жылы 6 шілдеде Түркістанда тұңғыш президентке арналған тағы бір ескерткіш бой көтерді. Ескерткіш Назарбаевтың егіс алқабында түскен фотосуретіне қарап жасалған.

Еңселі ескерткіштің биіктігі – 4 метр, тұтастай қоладан құйылған мүсіннің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш.

Ескерткіш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егіс алқабында түскен фотосуретіне қарап жасалған. Түркістандағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орнатылған мүсіннің композициясында "Ұлы Даланың Ұлы" атты Елбасы ескерткішінде қарт Қаратаудың сұлбасы бейнеленген. Автор Елбасының Қаратау жазығында шексіз далаға байыппен қараған сәтін суреттеген, - делінген хабарламада.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ескерткіш қою туралы бастаманы кәсіпкер Болатбек Алиев көтерген.

2016 жылдың 6 шілдесінде Талдықорған әкімдігінің алдында Назарбаевқа тағы бір ескерткіш орнатылды. Оны облыстың сол кездегі басшысы Амандық Баталов ашқан. Ал 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде жұртшылық ескерткішті құлатып, соден бері оны ешкім қайта тұрғызбады. Құлаған ескерткіштің орнына ұлы ақын Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіш қойылуы мүмкін. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың жергілікті тұрғындармен кездесуінде айтылды.

2022 жылдың қаңтар айында Астанадағы Ұлттық музей ғимаратының кіреберіс залында тұрған Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші алынып тасталды. Әлеуметтік желіде ескерткіштің орнынан алынғаны және өзге бөлмеде тұрғаны туралы ақпарат таралды.

Әлеуметтік желіде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің алдында тұрған ескерткішін алып тастағаны туралы ақпарат таралды. 

Ескерткіш 2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдығында университет алдына арнайы қойылған еді.

Қорғаныс министрінің бұйрығымен "ҚР тұңғыш президенті - елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің" атауы "ҚР Ұлттық қорғаныс университеті" болып өзгерді. Сондықтан Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында орналасқан ҚР тұңғыш президентінің ескерткішін ҚР Қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды. Қазір ескерткіш қорғаныс ведомствосының бір ғимаратында уақытша сақталып тұр. Дайындық шараларын өткізгеннен кейін орнату үшін ескерткіш мұражай ғимаратына көшіріледі, - делінген Қорғаныс министрлігінің ақпаратында.

 

Шетелдегі ескерткіштер

Тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де Нұрсұлтан Назарбаевқа бірнеше ескерткіштер мен бюсттер қойылды.

Қазақстанның бұрынғы президенті 17 жасында жергілікті кәсіптік-техникалық училищеге оқуға барған Украинаның Каменское қаласында (бұрынғы Днепродзержинск) 2005 жылы қола бюст орнатылды.

2010 жылы Түркияның астанасы Анкарада Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ескерткіші бой көтерді. Ескерткіш Түркияның сол кездегі президенті Абдулла Гүлдің бастамасымен тұрғызылды. Абдулла Гүл Назарбаевтың түркі әлеміне қосқан ерен еңбегі үшін ескерткіш қойдырғанын атап өткен еді. Сондай-ақ аталмыш мүсін Түркия жерінде шет елдік президентке арналып тұрғызылған тұңғыш ескерткіш.

Комрат қаласында Назарбаевтың тағы бір бюсті тұр. Бұл -  Молдова республикасының оңтүстігіндегі Ғағауыз автономиялық аумақтық бірлігінің астанасы. Ғағауыздар Осман империясының ұрпақтары саналады, сондықтан Комраттың Даңқ аллеясында 2007 жылдан бастап түркі мемлекеттері басшыларының бюсттері орнатыла бастады. 2012 жылдың желтоқсанында қойылған Назарбаевтың мүсіні бүгінге күнге дейін сақталған.

 

Депутаттар не дейді

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Нұрсұлтан Назарбаевты қолдан жасалған тұлға деп атап өтті.

Заңдылық қой. Біздің бала кезімізде көшелерде Лениннен басқа ешкім жоқ еді. Қазір іздеп таппайсың. Сол сияқты ғой. Қолдан жасалған тұлға мерзімі біткеннен кейін қолдан кетеді. Ол кісінің ескерткіші Анкарада да бар. Ол ескерткіштер қанша уақыт тұратынын бір Қдай біледі, - деп мәлім етті Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.

Ал Мақсат Толықбай әр оқиғаға тарих өзінше баға беретінін айтты.

Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш қоятын боп жатырмыз, ал біреудің ескерткішін алайын деп жатырмыз. Сондықтан біз мынау жаман, мынау жақсы деп сынауымыз мүмкін. Айналып келгенде бәрін көрсететін уақыт, бағасын беретін тарих. Осы нәрсе талайларға үлгі болса екен,  - дейді Мақсат Толықбай.

Мәжілісмен Ермұрат Бапи халықтың қарызға белшесінен батуына бұрынғы президент Назарбаевты айыптады.

Әлбетте, дүрыс. Біз университеттің ғана алдында емес, Қазақстанда әрбір қалада, әрбір көшеде, әрбір бұрышта Назарбаевтың ескерткіштері көп. Біз оны тірісінде Құдай қылып көкке көтерген жағдайымыз бар. Сондықтан біз қазір санамыз бен түйсігімізге ревизия жасап, не керегін түсіну керек. Өткеннің қайсысын алып-алмайтынымызды түсіну керек. ӘЛдебір тұлғаны көктетіп, Назарбаевқа ревизия жасап бермедік. Оған әлі иллюстрияация жасалмады. Қоғам қажет десе ескерткішін қоюға болады. Ал қазіргі жағдайда, халықтың 30 жылдан кейін  кедейшілікке, қайыршылыққа, қымбатшылыққа қамалғаны, елдің ұлттық және жер асты байлығы, қазынасының бәрі ұрланып-жырланғанынан кейін ол президентті қалай көкке көтеруіміз керек, - деп түйіндеді Ермұрат Бәпи.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: