Тариф саясатын қайта қарастырмасақ, электр энергетикасы дағдарысқа ұшырайды - маман

14 Маусым 2023, 14:00 1030

Қазақстанның электр энергетика қауымдастығы салада қордаланып қалған мәселелер туралы айтты. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігі қауымдастықтың төрағасы Талғат Темірхановпен сұхбаттасқан еді.

El.kz:Талғат мырза, қазір энергетика саласындағы жалпы жағдай қандай?

Талғат Темірханов:Еліміздегі электр энергетикаға қатысы бар нысандарының көбі күрделі жөндеуді қажет ететіні айтпаса да түсінікті шығар. Себебі ондағы жабдықты жаңартып, тозған желілерді ауыстыру керек. Еліміз бойынша энергия объектілеріндегі соңғы техногенді сипаттағы авариялар энергетикада жинақталған проблемаларды шешу үшін шұғыл кешенді шаралар қабылдау қажеттігін анық көрсетті.

Сектордағы ірі инфрақұрылымдық мәселелер саланы жеткіліксіз қаржыландырудың салдарынан туындап отыр. Жалпы энергия объектілерінің өндірістік жабдықтарын жаңғырту бойынша нақты шешім электр энергиясына арналған жаңа тарифтер келісілген кезде пайда болады. Осы орайда еліміз бойынша қолданыстағы салалық инфрақұрылымның тозуы сын көтермейтін жағдайға жеткенін баса айтқым келеді.

Техногенді апаттар проблемалық мәселелердің үлкен спектрін ашып берді. Яғни салаға бөлінген қаржыдан бастап, кадр жетіспеушілігіне дейін мәселе бар. Біз мұның себебі 2018 жылдан бері қабылданған қате шешімдердің, атап айтқанда тарифтерді төмендетудің нәтижесі екенін анық түсінеміз. Жүйелі проблемалардың пайда болуында инфлияцияны да алар орны зор. Себебі әртүрлі дерек бойынша энергетика саласындағы жабдықтар 2022 жылы 50 пайызға дейін қымбаттады. Бұл өз кезегінде инфляцияның ресми деңгейінен әлдеқайда көп.

El.kz:Сонда мұндай қиын жағдайға не түрткі болды?

Талғат Темірханов:Бірінші кезектегі мәселе – саладағы жалақының төмен деңгейі. Соған байланысты энергетикада жұмыс істеп жатқан мамндар да басқа секторларға кетіп жатыр. Станциялардағы мамандардың жетіспеу деңгейі – 150-270 адам. Мысалы Екібастұз жылу электр станциясында орташа еңбекақы мөлшері 150-180 мың теңге арасында. Ал Атырау өңірінің орташа жалақы деңгейі 470-480 мың теңге болса, станция қызметкерлерінің жалақы деңгейі 280 мың теңгеге дейін барады.

Батыс өңіріндегі жұмысшылар мұнай-газ жобаларына кетіп жатқаны байқалады. Себебі онда айлық 200 мың теңгеге жоғары. Жылу және электр энергетикасының барлық кадр әлеуеті жоғалып бітті. Өйткені біз мұндай жалақымен бәсекеге түсе алмаймыз.

Екінші мәселе ретінде мемлекеттік органдардың келіспеушілігін, яғни бәріне ортақ реттеудің жоқтығын айтуға болады. Энергетика саласын дамытуға Энергетика министрлігі, тариф саясаты үшін Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК), қоршаған ортаға үшін Экология министрлігі, инфрақұрылым мен желілерді дамыту үшін Индустрия министрлігі жауапты. Тіпті, кейде аталған өкілетті органдардың энергия өндіретін объектілерге қоятын талаптары бір-біріне қайшы келеді.

El.kz:Тарифтің қымбатттауы сектор мен халықтың жағдайына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

Талғат Темірханов:Электр энергиясы тарифтері бүкіл Қазақстан бойынша өзгереді деп күтіліп отыр. Бұл саладағы компаниялар тарифтерді бекітуге өтінім беріп те үлгерді. Тарифтердің көтерілу деңгейі әр компания бойынша әртүрлі, дегенмен біздің бағалауымыз бойынша бекіту кезінде тарифтердің 25 пайызға дейін өсуі мүмкін.

Қазақстандағы проблеманы шешу үшін 2022 жылдың желтоқсан айында заң жобасына қол қойылды. Жобаға сәйкес жалақыны ұлғайту мақсатында тарифтерге түзету енгізуге мүмкіндік берілді. Қауымдастықтың болжамы бойынша, қабылданған түзетулер есебінен жылу және электр энергетикасы қызметкерлерінің табысы біртіндеп артып, өңірдегі орташа көрсеткіштерге жақындайтын болады.

Осыған қоса қазір әділ тарифті бекіту мәселесі тұр. Тарифті күрт өсіру тұтынушыға қатты әсер ететіні түсінікті, алайда бұл қажетті шара. Себебі энергетикада қаржыландырудың жалғыз көзі тариф екенін айта кетейін. Бізде қаржыландырудың өзге көзі жоқ.

Сонымен қатар секторда экология бойынша мәселелер бар. Келесі жылдың 1 шілдесінен бастап компаниялар қызметінің салдарын жоюға тиісті қаржыландыруды қамтамасыз етуге қатысты міндеттемелер де бар. Жоюға арналған қаражат көлемі 30 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ, қол жетімді ең жақсы техниканы (ҚЕТ) енгізу бойынша міндеттемелерде бар. Әрине, бұл да тарифке әсер етеді, себебі бұл іс-шаралардың барлығы  ірі мөлшердегі қаражатты қажет етеді.

Біздің тарапымыздаң, коммуналдық төлемдерді арттыру кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жүктемені азайту үшін салалық қауымдастыққа сараланған тарифтерді енгізу ұсынылған.

Электр энергиясын төлеу әдістемесі Мемлекет басшысы айтқан прогрессивті салық шкаласына ұқсас болуы мүмкін, яғни ақшасы барлар көбірек төлеуі керек. Дәл осындай бағдарламаны жүргізе отырып, қазірден бастап тарифтің өсуімен қатар халықтың осал топтарын қорғауды ойлау қажет.

Тарифтердің көтерілуімен бірге нарыққа қатысушылардың қаражатты қалай жұмсайтынына бақылау күшейе түседі. Қазіргі кезде елімізде Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің өкілеттігін күшейту бойынша жұмыс жүріп жатыр.

El.kz:Сонда бұл жағдайдан шығудың жолы қандай?

Талғат Темірханов:Тозуды төмендету бойынша ауқымды жобалар мен халық тұрмысына қажетті нысандар үшін жеңілдетілген несие беру бағдарламасын әзірлеу қажет. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына түсініктеме берген Қауымдастық басшысы оның 2009-2015 жылдар аралығында тиімді болғанын атап өтті. Сол кезде 1,8 мың МВт жаңа станция салынып, 1,6 мың МВт станция жөнделген еді.

Меніңше, жаздың аяғында не күздің басында бағдарламаның кейбір элементтері жұмыс істей бастайды. Жазда тариф белгілеудің ынталандырушы тетігін талқылауға кірісеміз деп үміттенемін.

Былай айтқанда энергетика саласын реттеудің жаңа моделіне көшу қажет. Ол үшін меншік иесі станцияға неғұрлым көп инвестиция салса, тариф те соғұрлым жоғары болуы тиіс.

Энергетика мәселелерін шешу үшін жылына 400 миллиард теңге қажет. Қазір компаниялар мемлекеттік органға ұсынылған сметамен келеді, бірақ олардың өтінімі инфляциялық дәлізге түспегендіктен, олардың құжаттары өтпеуі мүмкін. Нәтижесінде қаржыландыру жеткіліксіз болып, апат болуы мүмкін жағдайлардың қаупі еселене түсіп, жабдықтардың тозуы арта береді.

El.kz:Сіздің тараптан қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

Талғат Темірханов:Мысалы Экологиялық кодекске сәйкес қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ететін кәсіпорындар 2025 жылдан бастап модернизация мен қол жетімді ең жақсы технологияларды енгізуі қажет. Алайда төмен көміртекті даму стратегиясына сәйкес 2040 жылға қарай көмір өндірісін біртіндеп азайту жоспарланған.

Бұл генерация объектілері 1950-1960 жылдары салынған және қатты тозған. Оларды бір мезетте модернизациялау мүмкін емес. Сонда біз 15-20 жылдан кейін жабуға мәжбүр болатын өндіріс үшін тарифтер арқылы жиналған инвестициялардың үлкен көлемін салуымыз керек. Былай айтқанда, біз тұтынушылардың қаражатын болашақта істен шығатын станцияларға салуымыз қажет.

2024 жылғы 1 шілдеден бастап объектіні жою үшін қаржылық қамтамасыз етуді көздейтін Экологиялық кодекстің нормасы бар. Бұл қаражатты жаңғырту немесе жалақыны көтеру үшін пайдаланған дұрыс. Өйткені алдағы 10-15 жыл ішінде станциялардың жабылуы күтілмейді. Осыған байланысты энергетика саласының даму жолы мен тетіктерді айқындайтын стратегиялық құжат әзірлеу қажет.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша өңірлердегі электржелілік компаниялардың желілерінде амортизацияның орташа көрсеткіші – шамамен 67 пайыз. Энергетика министрлігі кейбір аймақтарда ескіру 80 пайыздан жоғары екенін айтады. Энергетика мәселелерін шешу үшін жылына 400 миллиард теңге қажет.

Қаржыландырудың жалғыз көзі тариф болғандықтан, барлық проблемалар бірден шешілмейді. Әйтпесе бұл тұтынушылар үшін генерация объектілері қызметтерінің қымбаттауына әкеледі. Барлық шараны біртіндеп, ең маңызды дегендерден бастау керек. Ал біз үшін ең маңыздысы: біріншіден, қызметкерлердің жалақысын көтеру, екіншіден, жабдықтардың тозуы мен апаттарды азайту. Бұған кем дегенде 3-4 жыл кетеді. Осы міндеттерді іске асырғаннан кейін экология туралы айтуға болады.

Ол апаттарды азайтып, жаңғырту жүргізу үшін жыл сайын шамамен 400 миллиард теңге инвестициялау қажет. ҚЭА есебі бойынша Қазақстандағы тарифті кемінде 20 пайызға көтеру қажет. Мұндай қадам станциялардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет.

El.kz:Жағдайдан шығу үшін болашаққа қандай жоспар бар?

Талғат Темірханов:Мәселен біздің қауымдастық Алматыда «Жаңа сын-қатерлер жағдайында энергетика саласы үшін кадрлар даярлау жөніндегі алғашқы энергетикалық форум» өтті. Ол жерде энергетика саласын одан әрі дамыту, кадрлардың кетуін қысқарту және жас мамандарды тарту бойынша ұсыныстар айтылды.

Форумға Қазақстанның энергетикалық компанияларының өкілдері, әкімшілік, Satbayev University және Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студенттері қатысты. Жыл сайын Алматының жоғары оқу орындарынан энергетика саласы бойынша 400-ден астам маман түлеп шығады.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауларының бірінде елге техникалық білімі бар адамдар қажет екенін айтқан еді. Мен президентпен толық келісемін. Энергетика секторын, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін бізге жоғары білікті мамандар қажет. Энергетика саласына жас мамандарды тарту үшін біз мамандықтың беделін көтеруіміз керек. Біз қауымдастық ретінде сапалы кадрларды даярлау мәселелері энергетика секторы үшін өте маңызды екенін түсінеміз. Бұл жерде жоғары оқу орындары мен энергетикалық кәсіпорындар арасында тығыз ынтымақтастық қажет.

Осы бағыттағы алғашқы қадам осы форумда жасалды. Себебі оның барысында Қазақстанның ең ірі «Alageum Electric» электротехникалық компаниясы мен Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, сондай-ақ Қазақстандық электр энергетикалық қауымдастығы мен Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды.

Форумға қатысушылар жақын арада саланың белсенді дамуына байланысты жаңа мамандықтар құру перспективалары ашылатынына сенімді. Қазіргі кезде Қазақстанда атом электр станциясы мен жаңартылатын энергия көздерін салу сияқты жаңа энергетикалық жобалар енгізілуде. Сондықтан электр энергетикасы саласында жоғары білікті кадрларға сұраныс жыл сайын артып келеді.

El.kz:Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Айдар Қалиев
Бөлісу: