Тараздық батыр ана: 21 баладан 56 немерем, 11 шөберем бар

14 Қыркүйек 2022, 09:08 3012

Ауыз толтырып айтарлықтай көмек бар дей алмаймын.

Елімізде ең көп баланы тәрбиелеп отырған 75 жастағы кейуана тұрады.  Сапура Ержанова 14 баланы асырап алып, өзінің туған 7 баласымен қосқанда 21 баланы тәрбиелеп өсірген жалғыз басты ана. Қазіргі таңда Тараз қаласында тұрады. Батыр анаға тән қасиеттерімен танылған Сапура Ержанованың бала тәрбиесіндегі ұстанымы және өмірлік қағидасы туралы сұхбаттасқан едік.  

– Сапура ханым, бала асырап алу туралы ой қайдан келді?

– Мен Орал қаласында көпбалалы отбасында туып-өстім. Үйімізде 14 бала болды. Оның 3-еуі қыз, 11-і ер бала. Мен отбасымыздың тұңғышы болдым. Әкем әрдайым жетімдерге, жесірлерге көмектесіп, қол ұшын беріп жүретін жан еді. Әкемнің дәл осы қасиеті менің де бойыма дарыған деп ойлаймын. Әкемнің адамдарға деген қамқорлығын, жақсылығын көріп өскен соң, менің де жақсылыққа жаным құмар болды.  

– Балаларыңыз туралы айтып берсеңіз...

– Мен Орал қаласындағы пединститутта оқып, бастауыш пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмәмдадым. Кейін Ақтөбе қаласында мұғалім болып жұмыс істедім. Сол қалада жолдасымды кездестіріп, отбасын құрдық. Жолдасым да мұғалім еді. Ақтөбеде тұрғанымызда 6 баламыз болды. Ата-енем қайтыс болған соң, туыстарымызға жақын болу үшін Таразға көштік. «Тараздан бірнеше шақырым жердегі Шөлдала деген ауылда үй салып жатыр, сонда жұмыс істегендерге үй береді» дегенді естіп бардық. Біраз уақыт осында жұмыс істеп Шөлдаладан 4 бөлмелі пәтердің кілтін алдық. 1988 жылы Таразда «Ленин» атындағы балалар үйі болатын. Бұл Қазақстандағы алғашқы балалар үйінің бірі.  Содан кейін Шымкент, Алматы және басқа қалаларда ашылған еді. Бастапқыда балалар үйінен 4 баланы асырап алдық. Ол кезде олардың ең үлкені 3,5 жаста, кішісі 8 айлық егіз қыздар болды. Ал ортаншысы 1 жасар ұл бала болатын.

Сол кездері кеңес үкіметі құлап, Қазақстан енді аяғынан нық тұрып жатқан шақ еді. Біз секілді ол кездегі халықтың барлығы қиындық көрді. 1993 жылы жолдасымнан айырылып қалдым. Ол кезде жасым 44-те болатын. Балалар мектепке бара алмай, ауылға қатынайтын жалғыз автобус тоқтап қалған соң қалаға көштік. Қалада да жағдай мәз болмады. Сөйтіп, жүргенде балалар үйінен «балаларға опекун боласын ба?» деген ұсыныс түсті. Ол кездегі балалар үйінде жағдай болмады. Су, жарық, тіпті жылу болған жоқ, балаларға қажетті жағдай жасалмады. Сондықтан көп ойланбай 1999 жылы  тағы 4 кішкентай баланы асырап алдым. Олардың екеуінің денсаулығында мәселесі болған еді. Араға бір жыл салып 2000 жылы анасынан айырылған 2 жетім баланы бауырыма бастым. Ол кезде біреуінің жасы 11-де, екіншісі 13 жаста болды.  Кейін тағы 3 балаға опекун болдым. Ең соңғы рет 2006 жылы 4 жасар баланы асырап алдым. Сөйтіп, 7 ұл, 7 қызды бауырыма бастып. Қазіргі таңда барлығын қосқанда 21 балам бар. Баларымның ең үлкені 54 жаста, кеңжесі 23 жаста. Кеңже ұлымнан басқасының барлығы отбасы құрып, бала тәрбиелеп отыр.  Шүкір, қазір 56 немерем, 11 шөберем бар. 


– 21 бала тәрбиелеп отырған батыр ана ретінде сізге қандай да бір көмек, қолдау көрсетілді ме?

– Кеңес үкіметі кезінде арнайы ұйым болды. Олар бізді өз қамқорлығына алып, бақылап отыратын. Апта сайын қажетті азық-түлікті жеткізіп беретін. Әр колхоз, совхоз сойған малдың етімен бөлісетін. Кейін мереке қарсаңында балаларға тәттілер беріп отырды. Қамқорлық күндері апталықтарында арнайы мекеме, ұйымдар жиналып тоңазытқыш сыйлағаны есімде. Дегенмен, ауыз толтырып айтарлықтай көмек бар дей алмаймын. 

– Жақында Тараз қаласында өткен «Мерейлі отбасы – 2022» байқауының жеңімпазы атандыңыздар. Осындай байқауларға жиі қатысып тұрасыз ба?  

– Жоқ, бұған дейін байқауларға мүлде қатысып көрмеппін. Тараз қаласының әкімшілігінен ұсыныс түсіп «Мерейлі отбасы – 2022» байқауына қатыстық.  Байқауға көпшілікке үлгі болып, өнеге көрсетіп жүрген әр отбасыдан 10 адамнан қатысты. Бұл байқауда өмірлік ұстанымымыз, жетістігіміздің арқасында жеңімпаз болдық деп ойлаймын. 


Қазіргі таңда 38 жастағы Артур деген ұлым осы менің бастаған ісімді жалғастырып, өзінің 7 баласының үстіне 4 бала алып өсіріп отыр. Осындай қамқорлықпен айналысып жүрген азаматтар қоғамда кемде кем. Сондықтан оларға үкімет тарапынан болсын, ұйымыдар мен жеке мекемелер тарапынан болсын қолдау мен көмек көрсетілу керек деп ойлаймын. Себебі, бұның барлығы бір адамның арқасына кәдімгідей ауыртпашылық пен жүк салады. 


Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Миражан Махан
Бөлісу: