Тараздағы тарихи 10 орынға бардыңыз ба?

24 Мамыр 2017, 11:43 50047

Ежелгі тарих пен бүгінгі сәулет

Ежелгі қалалардың бірі болып саналатын Тараз жерінде көптеген сан ғасырлық өмірге куә тарихи ескерткіштер бар. Егер арнайы осы өлкені аралау үшін жолға шықсаңыз, сізді сәулетімен тамсандыратын бірнеше орындар күтіп тұр.

Қарахан кесенесі – XI ғасырға саяхат

Кесененің тарихы тым тереңде жатыр. Мемориалдық кешен Айша бибі мен Бабаджа қатын кесенесімен тікелей байланысты сонау қараханиттер дәуірінде бой көтерген. Тарихшылар кесененің сондай шеберлікпен, отыз түрлі кірпіштен салынғанын айтады. Егер Таразға жолыңыз түссе, қаланың орталығына Төле би және Байзақ батыр көшелерінің қиылысына соқпай кетпеңіз.

Сәулеті ерекше Бабаджа қатын кесенесі

XI-XII ғасырға жататын ерекше ескерткіштің екі қисық он алты қабырғалы шатыр төбесі бар. Мұндай шатырлы жабу орта ғасырлық, тіпті қазіргі сәулетті кесенелердің ешқайсысынан таппайсыз. Мұнда жерленген әйелдің кім екенін эпиграфиялық айшық көрсетіп тұр. Аңызға сүйенсек, Бабаджа қатын Айшаның күтушісі екен. Яғни, соңғы жолсапарында бастаушысы болған. Кейін бұл орын қасиетті мекенге айналып кетті.

Тектұрмаста жерленген хан

Талас өзенін бойлай, Тараз қаласының оңтүстік-шығысына, биік төбеге айналдыра салынған жер. Мұнда Махмуд хан жерленген екен. Кешеннің құрылысы сонау VІІІ-XI ғасырда қалана бастағанмен, 1935 жылы толықтай қиратылды. Қазір мұнда ортағасырлық үлгіні сақтап салынған жаңа кесене бар. Әлгінде айтлыған биік төбеден қаланы толықтай көруге болады. Осы жерде Х-ХІІІ ғасырларда керуеннің өтуін жүзеге асыратын тас көпір болған екен.

Айшықты – Айша бибі мазары

Есте жоқ ескі ғасырда елі мен жерін жаудан қорғаған Қарахан есімді хас батыр өмір сүріпті. Ол өзінің дұшпанының Айша есімді сұлу қызына қатты ғашық болып, әкесінің алдынан өтеді. Бұл сезімге көрікті арудың әкесі үзілді-кесілді қарсы шыққан екен. Бірақ, бұл қарсылық көңіл қосқан қос ғашыққа кедергі болмайды. Олар бақытты ғұмыр іздеп, елден қашып шығады. Мұны білген Айшаның әкесі өлтіруге бұйырып, артынан бір топ әскер жібереді. Ұзақ жол жүріп, шаршап шалдыққан ару Асу өзенінің бойында аяңдай тұруды өтінеді. Ал осы сәтте таяп қалған сарбаздар суға шомылуға кеткен қыздың сәукелесіне жылан салып қояды. Бақыттың құшағында жүрген қос ғашық бұл қитұрқы әрекетті байқамай қалады. Осылай сәукелесін кимек болған Айшаны жылан шағып, ажалдың аузында жатады. Сүйгенінің өлім мен өмір арасында жатқанына қатты қайғырған Қарахан жақын жердегі молдаға барып, некесін қидырып үлгереді. Санаулы минут қана некелі болған Айша осылай өмірмен қош айтысады. Ал Қарахан жары дүние салған жерге кесене салдыруды жөн санайды. Кесене неше дәуір өтіп, мүжіліп, кірпіштері еріп кеткен соң, қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Төрткүл керуен сарайы

ХІ-ХІІІ ғасырға жататын қаланың батыс бөлігінде орын тепкен сарай. Тарихи орын тік төртбұрышты болып келеді, көлемі 80х80 метрді құрайды. Ал оны қоршап тұрған жалдың ені шамамен алты метрдей, биіктігі екі метрге жуық. Бұл жерге 2008 жылдан бастап «Археологиялық экспертиза» ЖШС қазба және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе бастады.

Сыр тұнған – «Ақыртас» сарай кешені

Кей деректер бойынша бұл кешенді Ұлы Жібек жолындағы орта ғасырлық қала Кафибаспен байланыстырады. Ғалымдардың айтуынша, Ақыртас араб қолбасшысы Күтейбтің бұйрығымен салынған. Бұл кешеннің ерекшелігі – алыптығы, кеңдігі, құрылысқа пайдаланған тастардың қалануында жатыр. Іргетасы төрт метр тереңдікте жатқан кешенді египеттік пирамидаларға теңестіретіндер де бар екен. Ақыртас құрылысынын аяқталмай қалуына бір кездегі қуатты Тараз каласының күйреуі, жаулардың жиі шабуылы мен өзара жүргізілген ссоғыстың кері әсері деген деректер бар.

Ықылас Дүкенұлы мемориалы

Қазақтың халық ақыны Ықылас Дүкенұлының 150 жылдық мерейтойына орай 1993 жылы бой көтерген мемориал Саудакент ауылының оңтүстік шетінде, Жаңатас – Тараз – Шолаққорған автожолдарының қиылысында орналасқан.  Ескерткіштің сәулетшілер Э.Байтенов, А. Еспембетов, Г. Сахариева болып табылады.

Қарасайдың ұлы Көшек батыр кесенесі

Қарасай батырдың ұлы Көшек батыр жоңғарлармен болған ұрыста аты мәшһүр болған. 1999 жылы батырдың жерленген жеріне тұрғызылған кесене Көшек батыр ауылында орын тепкен (фотода батырдың ескерткіші, ал кешеннің суреті мүлде жоқ). Аймақтық мемориалдық сәулет өнері бойынша тұрғызылған күмбезді кесене сегіз қырлы призма секілді. Үстіңгісі цилиндр тәріздес екі жақтаулы шатырлы күмбезбен қапталған, қара-көк әйнекпен көмкерілген.

Әбдіқадір мешіті

Әбдіқадыр мешіті XIX ғасырдың басындағы сәулет ескерткіші. Мешіт Тараз қаласында – Абай көшесі, 5-құрылысында орналасқан. Мешіт  – қазіргі кездегі күйдірілген кірпіштен салынған шаршы пішіндес болып келеді. Мешіттің тарихи ғимараты қалыптасқан орталық азия стильде салынған, ою-өрнектермен және декоративті элементтермен бай безендірілген бірегей ғибадат құрылысын білдірген екен.

Меркі – ежелгі әулие жер

VІІ ғасырда пайда болған Меркі атауы парсы тілінен алғанда «орталық» мағынасын береді екен. Ежелгі ескерткіштерге бай бұл жерде мәдени өзгешілікке ие көптеген обалар, тас дуалы мен тас мүсіндер бар. Олар  250 шаршы шақырым алқапты алып жатыр. Мұнда сондай-ақ 80-ге тарта стелалар бар. Меркі сізге түркі тарихын көз алдыңызға әкеледі. Сол секілді, Меркі таулары шатқалдарындағы жартасқа жазылған жазулар, петроглифтер мен тас мүсіндері де сақталып тұр. Олардың біразында әйел адамның түр-әлпеті бейнеленген.  

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: