Таразда жүкті әйел перзентханада өз-өзіне қол жұмсап көз жұмды

16 Сәуір, 07:36 2057

Жамбыл облысында 33 жастағы жүкті келіншек перзентханада қайтыс болды. Сарысу ауданының тұрғыны өз-өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар аталған фактіні растады. Оқиға 10 сәуір күні Тараз қаласындағы облыстық перинаталдық орталығында болған. 

Келіншек жалған толғақ диагнозымен перинаталдық орталық дәрігерлерінің бақылауында болған. Аяғы ауыр әйелде  психологиялық ауытқулар байқалмаған.

Аталған фактіге байланысты құқық қорғау органдары өзін-өзі өлтіруге итермелеу бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сот-медициналық сараптамасы жүргізіліп жатыр. Ақпарат тергеу аяқталғаннан кейін жарияланады, – делінген басқарма мәліметінде.

Полиция департаментіндегілер аталған факті бойынша кешенді сараптама тағайындалғанын, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. 

Марқұм келіншек жүктіліктің 16-шы аптасында болған. Оның артында жолдасы және 3 баласы қалды. Балаларының үлкені 6-да, екеуі балабақша жасында. 

Перизат Саденова
Бөлісу: