Таразда жасырын жұмыс істеген спирт зауытының басшысы ұсталды

Таразда жасырын жұмыс істеген спирт зауытының басшысы ұсталды

 
Жамбыл облысында жасырын жұмыс істеген спирт зауыты анықталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан қылмыстық топтың басшысын қамауға алды. Тергеу мәліметі бойынша, Сұлтан Махмадовтың басшылығымен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ этил спиртін міндетті лицензиясыз жаппай өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу қызметін жүргізгені белгілі болып отыр.

С.Махмадов 2010 жылы дәл сондай қылмыс үшін сотталған болатын. Соған қарамастан ол заңсыз кәсібін қайта жалғастырған.

Күдіктілер заңсыз әрекетті жасыру мақсатында өз жұмысын биоэтанол мен мал азығына арналған қоспаларды заңды түрде өндіру ретінде көрсеткен. Алайда іс жүзінде серіктестік аумағында өнеркәсіптік көлемде этил спиртін өндіруге толық жабдықталған жасырын спирт зауыты ұйымдастырылған, - деп жазылған ҚМА ақпаратында. 

Қылмыстық топ бірнеше өңірді қамтитын өткізу желісін де құрған көрінеді. Олар этил спиртін жеткізудің тұрақты арнасы жолға қойып, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысына, Шымкент қаласындағы жасырын цехтарға жіберіліп отырды. Бұл цехтарда жеткізілген спирттен тұрғындардың денсаулығына елеулі қауіп төндіретін суррогат алкоголь өнімдері дайындалған. 

Жедел іс-шаралардың нәтижесінде көлеңкелі айналымнан құны 280 млн теңгеден асатын 122 мың литр этил спирті тәркіленді. Ал өндірістік база аумағында жүргізілген тінту барысында 18 дана майнинг жабдығы анықталды. Қазіргі кезде тәркілеу мақсатында 7 автокөлікке тыйым салынды. Ал заңсыз кәсіпті ұйымдастырушы 2 ай мерзімге қамауға алынғаны мәлім болды.