Таразда жергілікті меценат көпбалалы жалғызбасты ана Гүлмира Мырзахметоваға екі бөлмелі пәтердің тарту етті.
Шаңырақ иесін құттықтай барған Жамбыл облыстық әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы да ассамблея тарапынан атқарылатын бірнеше бағыттың бірі қайырымдылық екендігін ескере отырып, игі іске атсалысып, қайырымдылық еткен Тараз қаласының жомарт азаматының сыйлаған үйіне ұлттық дәстүрмен шашу шашып, бес балалы ананың қуанышына ортақтасты.
Қыс ішінде далада қалдырмай, отау тарту еткен азаматқа Гүлмира Асылқызы да өз жүрекжарды рахметін айтып, игі тілегін білдірді: «Балаларыммен қанша жыл пәтерден пәтерге көшіп, көп қиындық көріп қиналдым. Енді міне, Аллаға шүкір, баспаналы болдық, бұл күнге де жеттік. Барша тілектес болған жандарға және ең бастысы – күннің суығында басымызға жылы баспана сыйлаған ағамызға Алла тағала разы болсын, денсаулығы мықты, өмір-жасы ұзақ боп, бала-шағасының қызығын көрсін», – деді қуаныш иесі.
Тараз қаласының Достық үйі басшысы Рано Махсұдқызы да бұл кәсіпкердің өз ұжымындағы жұмысшысына үй тарту етуі елеулі оқиға екендігін атап өтті: «Мұндай ауқымды істің жүзеге асуына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете сезініп, үнемі халыққа қажетті қамқорлығын жасап жүретін бұл азаматтың қайырымдылықты жоғары бағалайтындығын аты-жөнін атамауды, ұлағатты ісін еш жерде жарияламауды өтінгенінен-ақ байқауға болады. Іскерлік қырымен танылып жүрген кәсіпкердің қиналып жүрген отбасына қолайлы баспана алып беру бастамасы өте құптарлық, өзгелерге үлгі боларлық іс».
Ал Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық қайырымдылық акциясы одан ары жалғасуда.
«Қайырымдылық керуені» акциясы жыл сайын өтеді. Бір ғана 2018 жылы елімізде шамамен 9 мың түрлі іс-шара өтіп, төрт жүз мың адам екі жарым миллиард теңгеден астам сомаға көмек алды.
Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы және Достық үйі-қоғамдық келісім орталығы аталмыш акцияны жүзеге асыру мақсатында Өскемендегі көп балалы, аз қамтылған отбасыларға «Сыбаға» қоржынын табыстады.
Мысалы, облыс орталығының жас азаматшасы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы штабының белсенділерімен бірге көп балалы, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті.
Акция туралы қала тұрғыны Достық үйінің әлеуметтік желілерінің бірінен біліп, көмектесуге ниет білдірген екен. Оның айтуынша, мұндай шаралар қоғамға мұқтаж адамдарға көмектесу мүмкіндігін береді.
Өскеменнің тағы бір тұрғыны Шамиль Довудов «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық акциясына қатысып, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы штабының белсенділерімен бірге көп балалы, аз қамтылған отбасыларға «Сыбаға» қоржындарын табыстады.
«Біздің қолдауымызға мұқтаж көптеген отбасылар бар және мен барлық азаматтарды оларға көмектесуге шақырамын», - деді ол.