Таразда грант орындарын сатқан колледж директоры сотталды. Мекеме оқытушысы ұлын оқуға түсіру үшін ақша төлеген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тараз қаласы №2 сотында колледжге грантта оқыту үшін пара алды деп айыпталған колледж директорына (ҚК 366-б. 1-б.) және пара берді деп айыпталған сотталушыға (ҚК 367-б. 1-б.) қатысты қысқартылған тәртіппен қылмыстық іс қаралды.2024 жылдың қыркүйегінде колледж директоры өзінің қарамағындағы оқытушыдан «ақпараттық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша ұлын грантқа түсіру үшін 80 мың теңге көлемінде пара алған.
Сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері директордың кабинетінде жүргізілген тінту нәтижесінде ақ қағазға оралған 80 мың теңге тапты. Оны сотталушы өз еркімен барсеткасынан шығарып, қызметкерлерге тапсырған.
Сотталушылар кінәлерін толық мойындады. Олардың кінәлі екені сотталушылардың, куәлердің айғақтарымен, тінту хаттамасымен, құпия тергеу құжаттарымен дәлелденді.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушылардың кінәсін мойындауын, жасаған іс-әрекеттеріне шын жүректен өкінгенін, бұрын соңды сотталмағанын, жұмыс пен тұрғылықты жерлерінен жақсы мінездемеліріінң болуын және кішкентай балаларының болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар сотпен анықталған жоқ.
Жасалған қылмыстық қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен сипатын ескере отырып, колледж директорына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды және параның 25 еселенген сомасы, яғни 2 млн. теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды.
Оқытушыға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынып, параның 15 еселенген сомасы, яғни 1,2 млн. теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.