Тараз қаласында Қазақстан және Қырғыз Республикалары арасындағы сауда-ынтымақтастық аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық алаңда ұйымдастырылған жәрмеңкеге Қырғызстанның Талас облысындағы Манас, Талас, Айтматов аудандары тауар өндірушілерінің 20,4 тонна өнімдері жеткізілген.
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев пен Қырғыз Республикасы Талас облысының губернаторының бірінші орынбасары Талант Эдиловпен бірге аралап, танысты.
Тауарлардың ішінде сүт өнімдері, алма, картоп, сарымсақ, қызанақ, тәтті бұрыш, жұмыртқа, балық, бал және 615 дана тал мен жеміс ағаштары, 70 түп гүл түрлері бар.
Сондай-ақ жәрмеңкеде қырғызстандық тауар өндірушілермен қатар Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі аудандары мен Тараз қаласының шаруалары да өз өнімдерін төмен бағада сатылымға шығарды. Олар тұтынушыларға жалпы құны 39,5 млн. теңгені құрайтын 54,2 тонна ауыл шаруашылығы тауарларын (жылқы, сиыр, қой және тауық еті, шұжық, сүт, жұмыртқа, балық, ұн, макарон, бал, жеміс-жидек, көкөніс, кондитерлік өнімдер) ұсынды.