Таразда ҚХА журналистер клубының кеңейтілген мәжілісі өтті

29 Қараша 2018, 12:44 1829

Тараз қаласындағы Достық үйінде «Этносаралық және конфессияаралық  қарым-қатынастарды нығайтудағы журналистер рөлі» тақырыбы аясында журналистер клубының кеңейтілген мәжілісі өтті.

Жиынға Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы мен атқарып жатқан әрбір іс-шараларын көзі қарақты оқырманға айна қатесіз жеткізіп, көп ұлтты еліміздің бейбітшілігі мен тұрақтылығын арттыруда кеңінен ақпарттандырып жүрген облыс көлемінен жиырмаға жуық  тілшілер қатысты.

Жамбыл облысы әкімі аппартының «Қоғамдық келісім» КММ- нің баспасөз қызметі бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Бибігүл Шахзадақызы БАҚ өкілдерінен өз жарияланымдарында ұлтаралық татулық тақырыбына көбірек көңіл бөліп, материалдармен қамтамасыз етілуіне баса назар аударуды сұрады.

 «Құлан таңы» газетінің тілшісі Жәнібек Базылбеков: «Қазақ қашанда өзге ұлтты жатсынбай «өз бауырым» деп құшағына басқан дархан көңілді, бірлікті берік ұстанған халықтардың бірегейі. Оны алмалы-төкпелі заманда елімізге қоныс аударып, бүгінде  бір үйдің баласындай ортақ шаңырақтың астында тату өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың айтқан алғыстарынан анық аңғаруға болады. Тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің ішінде, 1943-ші жылдың 2 қарашасында қазіргі Құлан жеріне 115 қырым татар,158 қарашай, 187 татар ұлттары қоныс аударған еді. Өзге ұлттардың құтты қонысына айналған қасиетті Құлан жерінің тұрғындары осы қиын-қыстау заманның зардабын көрген қоныстанушылардың басына түскен ауыртпашылығын бірге көтере білді» - деді ол өз баяндамасында.

Өңіріміздегі «Jambul» телеарнасының редакторы, республикаға белгілі ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызы әріптестерімен талай жылғы тәжірибесімен бөлісіп, осы уақыт аралығында өзге этнос өкілдеріне арналған хабарларға, олардың сапасы мен санына тоқталды. Қазіргі таңдағы, «Вкус философии», «Ақ дастархан» хабарлары арқылы қалың көпшілікке жол тартып жатқанын да тілге тиек етті.

Мәжіліс соңы еліміздің бірлігі мен біртұтастығы жолында қалам тербеген журналистерді алғыс хаттар мен мақтау қағаздарымен марапаттаумен аяқталды.       

 

Бөлісу: