Таразда екі шетелдік азаматты құлдықта ұстаған

19 Желтоқсан 2023, 14:00 1046

Таразда екі шетелдік азаматты құлдықта ұстаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция дерегінше, Тараз қаласы полиция басқармасының 2-полиция бөліміне 24 және 40 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматтарынан еңбекті пайдалану дерегі бойынша арыз түскен.

Арызда жәбірленушілер ер адам олардың жеке басты куәландыратын құжаттарын алып қойып, Тараз қаласындағы құрылыс нысандарында жұмыс істеуге мәжбүр еткенін айтқан. Олар қашып үлгерген, алайда иелері құжаттарын қайтару үшін ақша бопсалаған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 126-бабы, 3-бөлігінің 2-тармағымен (Бас бостандығынан заңсыз айыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Түркістан облысының 35 жастағы тұрғынын анықтады. Ол талап еткен шамамен 500 мың теңге көлеміндегі ақшаның 200 мың теңгесін алған кезінде ұсталды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Құрықтау барысында одан 200 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражат, Redmi 7 телефоны және құжаттар тәркіленді.

Қазір қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

Равиль Ашығали
Бөлісу: