Таразда бюджеттен 115 млн теңге жымқырған шенеунік сотталды

13 Қыркүйек 2023, 11:29 784

Тараз әкімдігінің коммуналдық қызмет басқармасының бұрынғы басшысы бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Оған көмектескен кәсіпкер де жазаға тартылды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі

Прокуратурада жүргізілген тексеру барысында Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы Т. мен «KazinCapital» ЖШС басшысы Ш.-ның бюджет қаражатын ұрлау дерегі анықталды.

Тараз прокуратурасының мәліметінше, ұрлық фактісі 24 млн теңгеге контейнерлік платформаларды орнату кезінде болған.

Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі «Қылмыстық топтың бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін аса ірі мөлшерде иеленіп алуы немесе жымқыруы» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті жүргізді.

Тергеу барысында басқа да ауыр мән-жайлар анықталды. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру және бейнекамераларды орнату кезінде 91 млн теңгенің бюджет қаржысын ұрлау фактілері де анықталды. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 115 млн теңгені құрады, - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Қалалық №2 соты Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Т. мен кәсіпкерді 8 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Равиль Ашығали
Бөлісу: