31.03.2026
09:01
548

Тақия туралы қате түсініктер: сіз де білмеуіңіз мүмкін

«Тақияны пәк қыз киеді» деген түсінік қазақ қоғамында бұрыннан бар. Алайда бүгін бұл ұғым қаншалықты сақталды? Соңғы уақытта сәнге айналған тақияны жас қыздар ғана емес, келіншектер мен егде жастағы әйелдердің киюі жиілеп кетті. Тіпті  оны хиджабтың үстінен тағу үрдісі де байқалады. «Пәк қыздың бас киімі» деген ұғым – шындық па, әлде уақыт өзгерткен түсінік пе? Мәселенің мәнісін саралап көрдік.

Бүгінде ашық түсті матадан тігіліп, моншақпен, ою-өрнекпен көмкерілген тақиялар Instagram желісінде ерекше трендке айналды. Алайда бұл үрдіс қоғамда түрлі пікір туғызып отыр. Бірі тақияны тек бойжеткен қыздарға тән бас киім деп санаса, енді бірі ұлттық мұраны насихаттау тұрғысынан оны кез келген әйелдің киюіне қарсы емес.

Ал шын мәнінде, тақияны «пәк қыздың бас киімі» деу қаншалықты негізді? Тарихи деректерге сүйенсек, тақия – қазақ қыздарының күнделікті тұрмыста киген жеңіл бас киімі. Ол көбіне бойжеткен кезеңмен байланыстырылып, нәзіктік пен пәктіктің символы ретінде қабылданған. Ал тұрмысқа шыққан әйелдердің бас киімдері – кимешек пен жаулық олардың әлеуметтік мәртебесін айқындап отырған.

Осы тұрғыдан қарағанда, тақия тек сәндік элемент емес, белгілі бір жас пен кезеңді білдіретін мәдени белгі болған. Бүгінгі қолданыс пен дәстүрлі түсініктің арасындағы айырмашылық та дәл осы тұстан байқалады.

Тақияны кім киюі керек?

Драматург Сая Қасымбек қазақ қоғамында бас киімнің тек сәндік емес, терең әлеуметтік әрі тәрбиелік мәні барын айтады. Бұрын бас киімге қарап адамның жасын, қоғамдағы орнын, тіпті отбасылық мәртебесін де оңай ажырататын.

Қазақта бас киім – адамның кім екенін айқындайтын белгі. Тіпті иесі жоқ бас киімді көрсе де, «мынау бүлдіршін қыздікі, мынау бойжеткендікі, жас келіншектікі, ал мынау бәйбішенің кимешегі екен» деп ажырата алған. Яғни, әр жастың, әр кезеңнің өзіне тән бас киімі болған, – дейді ол.

Драматургтің сөзінше, тақияны қазақ баласына кішкентайынан кигізген. Бұл тек дәстүр емес, денсаулық пен қорғанысқа да байланысты.

Сая Қасымбектің фейзбук парақшасынан

Бала апыл-тапыл басқан кезден бастап тақия киген. Сәбидің басындағы жұмсақ жері болады, сол жерін суықтан, желден қорғау үшін тақияны кигізетін. Сонымен қатар бас киім – әсемдіктің, сұлулықтың белгісі. Адам қандай бас киім кисе де, оның ажары ашылып, келбеті өзгереді, – дейді Сая Қасымбек.

Тақия тек тұрмыстық қажеттілік емес, эстетикалық мәнге де ие. Үкілі тақия қыз баланың нәзіктігін, көркін айқындай түседі.

Үкілі тақия қыздың сұлулығын ашады. Үкісі желбіреп, бойжеткеннің көркін арттырып тұрады. Бұл – тек әшекей емес, сонымен бірге тіл-көзден сақтайды деген сенім бар, – дейді.

Сондай-ақ драматург қыз бала бойжеткен кезеңге жеткенде бөрік кигенін, ал ауқатты отбасыларда қасаба сияқты сәнді бас киімдер болғанын атап өтті.

Қасаба – көбіне бай, төре әулетінің қыздары киген бас киім. Оған күміс теңгелер тағылып, әулеттің дәулетін, сән-салтанатын көрсеткен, – деді.

Алайда Сая Қасымбек бүгінгі қоғамда осы дәстүрлі жүйенің бұзылып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

ашық дереккөз

Қазір 50-ге келген әйелдердің тақия киіп жүргенін көреміз. Бұл – тақияның мәнін түсінбеуден туған әрекет. Тақия – пәк қыздың бас киімі. Ал тұрмысқа шыққан, бала сүйген әйелдің өзіне тән басқа бас киімі бар, – дейді.

Оның айтуынша, мұндай үрдіс сахнада да байқалады. Кейбір өнер адамдары тақияны тек сән үшін киіп, оның мағынасына мән бермейді.

Сахнадағы әр киім – көрерменге үлгі. Сондықтан оның тәрбиелік мәні болуы керек. Өкінішке қарай, кейбір әншілер осыны ескере бермейді, – дейді драматург.

Сондай-ақ қазақ дәстүрінде тұрмысқа шыққан әйелге тақия киюге тыйым салынғанын жеткізді.

Босаға аттаған әйел тақия кимеген. Бұл – қалыптасқан тәртіп. Тіпті ұзатылған қыздың тақиясын кейін сіңлілеріне кигізіп, «жақсы жерге барсын» деп ырымдаған. Қазақтың әр дәстүрінде үлкен мән бар. Бас киім де соның бірі. Сондықтан оны тек сән ретінде емес, оның мәнін түсініп қолдану керек, – деді драматруг Сая Қасымбек.

Хиджабтың үстінен тақия кию дұрыс па?

Ал этнограф Тұрар Сәттарқызы тақияның қайтадан сәнге енуі қуантарлық құбылыс деп отыр. Алайда бұл жағдай қоғамда түсінбеушілік тудырып отыр.

Бүгінде тақия трендке айналды. Бірақ «қазақша киінудің жөні осы екен» деп оның мәнін ескерусіз қалдыруға болмайды. Дәстүрлі түсінікте тақия белгілі бір жас пен әлеуметтік кезеңге ғана тән болған. Тақияны негізінен тұрмысқа шықпаған қыздар, бойжеткендер киген. Ал қазір оны келіншектер де, тіпті үлкен әжелер де киіп жүр. Әр нәрсенің өз орны бар. Жастар кейде таң қалады: «апай, қазір апалар да қыз сияқты тақия киеді» дейді. Сонда жас ерекшелігі қайда қалады?, – дейді Тұрар Сәттарқызы.

Оның пікірінше, үлкен буын өкілдері жас ұрпаққа тек сөзбен емес, ісімен де үлгі болуы керек. ұлттық киім тек сән емес, тәрбие құралы екенін айтады.

Өзіміз тақия киіп жүріп, келінге «орамал тарт» деп қалай айтамыз? Қазақта әр жасқа сай киім болған. Киіміне қарап адамның жасын, тұрмыс жағдайын, тіпті қай ортаға жататынын анықтаған, – дейді ол.

Этнографтың сөзінше, қыз бала 3 пен 18 жас аралығында үкілі тақия киген, бойжеткен кезде кәмшат бөрікке ауысқан, ал келін жаулық, ана кимешек киген.

сурет: Жолымбет Мәкіштің парақшасынан алынды 

Ол – қазіргі қоғамда ұлттық киім ұғымының бұрмаланып жүргеніне алаңдаулы.

Қазір кез келген ою салынған киімді ұлттық киім деп жүр. Бұл – дұрыс емес. Ұлттық киім мен этностильді ажырата білу керек. Ұлттық киім – тарихы қалыптасқан нақты үлгі, ал этностиль – соның заманауи нұсқасы ғана, – дейді Тұрар Саттарқызы.

Қазіргі таңда базарда қырғыз және қытайдан әкелінген сапасыз бас киімдер қаптап кеткен.

Сапасы нашар, сырттан келген бас киімдер көп. Бұл ұлттық киімнің беделіне әсер етеді. Мұның алдын алу үшін мемлекет тарапынан ұлттық киім өндірісін қолдау қажет, – деді ол.

Сондай-ақ бүгінде дін жолындағы кейбір қыз-келіншектердің хиджабтың үстінен тақия киюі жиілеп барады. Бұл – мәні мен шығу тегі бөлек екі дүниенің қатар қолданылуы.

ашық дереккөз

Тақия – дәстүрлі түрде тұрмысқа шықпаған қыз баланың бас киімі. Ал хиджаб – араб мәдениетінен енген діни киім. Сондықтан олардың мағынасы мен қызметі екі түрлі, – деді этнограф.

Қазақ дәстүрінде бойжеткен қыздардың орамал тақпағанын еске салады. Ұлттық киім тек сыртқы көрініс емес, ол – тәрбие мен танымның көрінісі. Сондықтан өзге мәдени элементтерді араластырып қолдану ұлттық құндылықтардың бастапқы мәнін өзгертуі мүмкін.

Бүгінде қоғамда, әсіресе жас буын арасында көз үйрену арқылы түрлі түсініктер қалыптасады. Егер осындай үрдістер жалғаса берсе, уақыт өте келе «хиджаб – қазақтың дәстүрлі киімі» деген жаңсақ пікірдің қалыптасу қаупі бар, – дейді ол.

Тұрар Сәттарқызы қазақ қоғамында соңғы жылдары еліктеушілік басым болып бара жатқанын да жасырмады. Оның айтуынша, кей жағдайда өз ұлттық құндылығымызды терең танып-білмей жатып, өзге мәдениетке бейімделу белең алып отыр.

Осыған байланысты этнограф ұлттық құндылықты сақтау мен насихаттауда жүйелі қадам қажет екенін алға тартты.

Тұрар Сәттарқызының парақшасынан алынды 

Ұлттық киімге қатысты нақты ұстанымдар қалыптастырып, оны қорғау, зерттеу және дұрыс насихаттау бағытында арнайы тетіктер қажет, – деді.

Қорыта айтқанда, бір жағынан ұлттық киімнің жаңғырып, күнделікті өмірге қайта енуі – қуанышты құбылыс. Екінші жағынан оны орынсыз, мағынасын ескермей қолдану дәстүрдің ішкі логикасын бұзуы мүмкін. Әсіресе, жас ерекшелігі мен әлеуметтік мәртебеге қатысты қалыптасқан ұлттық таным ескерілмей қалса, бұл ұрпақтар арасындағы түсіністікке де әсер етпей қоймайды.

Сондықтан мәселе «тақияны кім киеді?» дегеннен гөрі, «оны қалай және қандай мәнмен киеміз?» деген сауалға келіп тіреледі. Ұлттық киімді жаңғырту – оны жай ғана кию емес, оның тарихын, мазмұнын, тәрбиелік мәнін сақтай отырып дәріптеу. Сонда ғана тақия да, өзге де ұлттық бұйымдар өз құндылығын жоғалтпай, заманмен үйлесім таба алады.