Хорватияның Загреб қаласында өткен күрес түрлерінен әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихи болды. Еркін күрес шеберлері екі қолаға қол жеткізсе, грек-рим күресінде араға 26 жыл салып алтын медаль иелендік. Алайда қуанышқа көлеңке түсірген жайт – әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының жүлдесіз оралуы. Соңғы бес жылда алғаш рет қыздарымыз медальсыз қалды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл мәселе жайлы әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, қазіргі мемлекеттік жаттықтырушы Айым Әбділдина Sportbugin.kz-ке берген сұхбатында пікір білдірді.
Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы сәтсіздігі үшін ең алдымен бас бапкер жауапты, бұл – оның тікелей құзыретіне кіреді. Әрдайым біреуді, әсіресе қыздарды кінәлай беруге болмайды! – деді Әбділдина.
Ол бұл дағдарыстың бұрыннан келе жатқанын еске салды.
Париждегі Олимпиада ойындарына да Қазақстан құрамасы қатыспаған еді. Сол кезде-ақ өзгерістер жасалуы тиіс болатын. Мысал ретінде боксты алайық. Елдос Сайдалин келмей тұрып, боксшы қыздар құрамында қандай кикілжіңдер болғанын білеміз. Ал Сайдалин келіп барлық мәселе мен ішкі тартысты шешіп берді, нәтижесі де айқын! – деді ол.
Әбділдинаның айтуынша, қазіргі құрамада жүйелі жұмыс жетіспейді:
Жақсы нәтиже үшін бізге еркін күрестен тәжірибелі әрі нәтижелі бапкерлерді тарту қажет. Келесі жылы – Азия ойындары, одан кейін Олимпиада жақын. Егер қазірден бастап нақты шаралар қабылдамасақ, өкінішке қарай, Лос-Анджелесте де біздің қыздарды көрмей қалуымыз мүмкін, – деп алаңдады жаттықтырушы.
Сонымен қатар, ол жас әрі талантты қазақстандық бапкерлерді ұлттық құрамамен жүйелі түрде жұмысқа тарту қажеттігін айтты.
Бұрын жоғары деңгейде күрескен, бүгінде бапкерлікпен айналысып жүрген спортшыларды оқу-жаттығу жиындарына тартып, олардың тәжірибесін жас буынға беруіне жағдай жасауымыз керек, – деді Әбділдина.
Айта кетейік, соңғы төрт әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының жүгін жалғыз Жәмила Бақбергенова арқалап келген еді. Биыл ол жарақатына байланысты алғашқы белдесуде жеңіліп қалды.