Қазақстандық танымал кәсіпкер Дулат Тастекей семейлік «Елімай» футбол клубының акцияларын сатып алып, инвестор болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Негізінен Дулат Тастекей Абай облысының тумасы, ал осы аймақтың намысын бүгінгі күні Премьер-лигада қорғап жүрген жалғыз ұжым - «Елімай». Оның үстіне клуб келер жылы УЕФА Конференциялар лигасының іріектеуінде бақ сынайды.
2025 жылдың тамызында «Елімай» ресми түрде коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Клуб елімізде осы корпоративтік басқару моделін енгізген алғашқы ұжым болды. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, модель «Реал Мадрид», «Барселона», «Бавария» сияқты жетекші еуропалық клубтарға ұқсас түрде құрылды. Капитал 100 млн теңге көлемінде акция шығару арқылы қалыптастырылды. Қазір клуб акционерлері қатарында қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар және іскер тұлғалар бар.
Тастекейдің «Елімайға» қызығушылығы Қазақстандағы футбол клубтарын кезең-кезеңімен қаржыландыру процесімен тура келіп отыр.
Бұған дейін Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубына инвестор болды. Сондай-ақ, Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін тағы үш ұжым инвестор тапқан болатын.
Қызылордалық «Қайсар» 30 қазанда TAU Group Ltd компаниясының иесі Исламғали Қозбақовқа өтті. Жалпы инвестиция көлемі: 12 млрд теңге.
Екінші болып, петропавлдық «Қызылжарға» ЦАТЭК компаниясының иесі Сергей Канн иелік етті. Бизнесмен клубқа жыл сайын кемінде 1 млрд теңге салуға міндеттелді.
Мемлекет басшысының отандық футбол клубтарын жекешелендіру тапсырмасы бойынша, елордалық «Жеңісті» Михаил Ломтадзеге алды.Ол клубқа арналған футбол академиясын құруға 16 млрд теңге жұмсауға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар, ел футболын алғаш әлемдік аренаға шығарған қарағандының «Шахтер» клубы кәсіпкер Тимур Турловтың қол астына өтті. Танымал кәсіпкердің "кеншілерге" 18 млрд теңге бөлетіні белгілі болған еді.
Қазіргі уақытта «Тараз» бен «Ертіс» ұжымдары ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізуде.