Танымал фастфуд желісі Қазақстандағы жұмысын тоқтатады

Танымал фастфуд желісі Қазақстандағы жұмысын тоқтатады

Papa John’s брендінің Қазақстандағы негізгі франчайзиі өз жұмысын аяқтап жатқанын компания жетекшісі Данияр Монолбай әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оның айтуынша, мұндай шешімге ұзақ уақыт бойы табыстың төмендеуі, шығындардың күрт өсуі және жиналған міндеттемелер әсер еткен.

Қазақстан мен Қырғызстанда Papa John’s брендін дамыту жөніндегі мастер-франчайзи ретіндегі қызметімізді тоқтатуға мәжбүрміз. Бұл ауыр, бірақ қажетті қадам. Қолдағы қаржы ең алдымен негізгі төлемдерге жұмсалды: қызметкерлердің жалақысы, салықтар, жалдау ақылары және қарыздардың бір бөлігін өтеу. Қазақстанда біз көптеген қызметкерлерге басқа компанияларға жұмысқа орналасуға көмектестік. Бұл - біздің басты міндеттердің бірі болды, және әр қызметкерге еңбегі үшін шын жүректен алғыс айтамын, - деді Монолбай.

Ол сондай-ақ көп жыл бойы тұрақты болған клиенттеріне ризашылығын білдіріп, қалған қаржылық міндеттемелер заң аясында кезең-кезеңімен реттеліп жатқанын атап өтті.

Бұл процесс уақытты және нақты тәртіпті талап етеді. Мен барлығын ашық түрде жүргізуге тырысамын. Осындай қиын шешімдерді түсіністікпен қабылдағандардың бәріне рақмет, - деп қосты компания басшысы.