Карьерасын аяқтаған танымал американдық кәсіпқой боксшы кіші Флойд Мейвезер үш жасар немересіне Рождествоға ерекше сыйлық табыс етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Былғары қолғап шебері немересіне өмір бойына жететіндей етіп 20 миллион долларға тосынсый жасады.
Әлемдегі ең бай спортшылардың бірі бүлдіршінге Нью-Йорктегі ең қымбат аудандардың бірі – Манхэттеннен жылжымайтын мүлік сыйлады.
Мейвезер әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, бұл сыйлықты немересінің қалай қабылдағанын көпшілікке көрсетті.
Саған не сыйлайтынымды білесің бе? Сен Нью-Йорктегі Diamond District-те ғимараты бар алғашқы баласың. Мен саған ғимарат сатып алдым, - деді Флойд.
TMZ Sports мәліметінше, жылжымайтын мүлік 47-көшенің бұрышындағы алтыншы авенюде орналасқан. Ғимарат ішінде түрлі кеңселер, алмаз биржасы мен қомақты табыс әкелетін жарнама баннері бар.
47 жастағы Флойд Мейвезер кәсіпқой шаршы алаңда 50 кездесу өткізіп, соның барлығында жеңіске жеткен. Ол рингке соңғы рет 2017 жылы шықты.