07.12.2025
09:17
491
Танымал блогер қояндардың өліміне байланысты тергеуге алынды

Танымал блогер қояндардың өліміне байланысты тергеуге алынды

Германиялық блогер Алисия Восграу жануарларға қатыгездік көрсетті деген күдікпен тергеуге алынып, әлеуметтік желілерде миллиондаған жазылушыдан айырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

TikTok-та 1,5 млн, Instagram-да 450 мың және YouTube-та 230 мың аудиториясы бар 27 жастағы автор қоғамның қатаң сынына қалды.

Оқиға тамыз айында басталған. Шлезвиг-Гольштейн аймағындағы жануарларды қорғаушылар Нордерштедт қаласы маңындағы орманда төрт үй қоянының жүргенін байқап, дереу әрекетке көшкен. Олар қояндарды ұстап алуға тырысқанымен, біреуі иттің шабуылынан қаза тапқан. Қалған үшеуі жергілікті жануарлар үйіне жеткізілген.

Иесін анықтау барысында қояндардың Восграудың видеоларында көрінетін үй жануарларымен толық сәйкес келетіні анықталған. Тергеу жүргізілген кезде блогер өзі мойындады: балаларға арнап баққан қояндарының күтімінен бас тартып, күйеуімен бірге орманға апарып, босатып жібергенін айтқан.

Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, желі қолданушылары арасында жаппай жазылудан бас тартуға алып келді. Ал қояндарды қабылдаған орын полицияға ресми шағым түсіріп, жануарларды күтіп-баптауға кеткен бірнеше мың еуроны өтеуді талап етіп отыр.

Алисия Восграуға жануарларға қатыгездік жасады деген бап бойынша 25 000 еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін.