18.07.2025
14:14
4734
Танымал әзілкеш емшіге барамын деп ауруын ушықтырып алған

Танымал әзілкеш емшіге барамын деп ауруын ушықтырып алған

Белгілі актер әрі әзілкеш Ерболат Төлеген өзін «емші» деп таныстырған мануалистке сеніп, ауруын асқындырып алғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, жұртты алаяқ емшілерге алданбауға шақырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Актердің айтуынша, емші видеоларды жарнама ретінде пайдаланып, танымал адамдарды емдегенін айтып жұрттың сеніміне кірген. Ерболат Төлеген өзі де сондай жарнамаға сеніп, емделуге барғанын айтады.

Әлеуметтік желіге салмай-ақ қояйын дегенмін. Бірақ әлгі адам менің видеомды Instagram-ға салып, «осыны емдедім, аяққа тұрғыздым» деп жарнама жасап жүр екен. Амал жоқ, осы жазбамен бөлісуге тура келді. Балалар «Алматыға керемет мануалист келді» деп қоймай апарды. Сөйтсем, YouTube-тен бірнеше видео көріп алып, өзін емші етіп алған адам екен. Менің оң қолымның сіңірін зақымдап жіберді. 2-3 жыл жұмыс істей алмай қиналдым. Енді сол иығым ауырып, көтере алмай жүрмін. 4-5 жылдан бері нақты ем табылмады, – дейді ол.

Актер күмәнді емдеу әдістеріне алданып, уақыт пен денсаулығынан айырылмау үшін халықты абай болуға шақырды. Емшінің есімі Оңласбек екен. Ерболат Төлегеннің айтуынша, ол қазір түрлі қалада өзін жарнамалап, ем жүргізіп жүрген көрінеді.