08.01.2026
12:43
841
Танымал актер Мұрат Бисембин қайтыс болды

Танымал актер Мұрат Бисембин қайтыс болды

Қазақстан киноөнерінің көрнекті өкілдерінің бірі, актер Мұрат Бисембин өмірден өтті. Қайғылы хабарды марқұмның жақындары мен әріптестері растады. Соңғы екі жылға жуық уақыт бойы ол ауыр дерт – қатерлі ісікпен күрескен еді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мұрат Бисембин көпшілікке «Рэкетир» фильміндегі криминалдық авторитет Руслан рөлі арқылы кеңінен танылды. Бұл бейне актерге Қазақстанда ғана емес, посткеңестік елдерде де үлкен танымалдық әкелді.

2024 жылдың күзінде актердің онкологиялық дертке шалдыққаны белгілі болды. Денсаулығына байланысты ол бірқатар жобадан бас тартып, кейбір түсірілімдерді уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.

Ал былтыр 53 жастағы актердің жағдайы күрт нашарлап, жыл соңында Мұрат Бисембиннің туған жерінде инсульт алғаны және жедел түрде ауруханаға жеткізілгені туралы хабарланған.

Актердің денсаулығына қатысты жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып, әлеуметтік желілерде ем-домына қаражат жинау басталды. Отбасы оның қымбат иммунотерапия курсынан өтіп жатқанын айтқан болатын.

Бұған дейін актердің қызы әкесінің жағдайы туралы әлеуметтік желіде жазып, отбасының бастан кешкен ауыр кезеңін ашық жеткізген еді.

Әкем мен анам осы бір жарым жылда ауруханадан ауруханаға, клиникадан клиникаға көшіп жүрді. Шексіз талдаулар, ем, химиотерапия, қайта қалпына келу кезеңдері болды. Қазір бізде қалған жалғыз нәрсе – сенім. Әкемнің бір күні жеңілдеп, ремиссияға шығатынына деген сенім, – деп жазған еді ол.

Мұрат Бисембин тек актер ғана емес, талантты суретші ретінде де танылды. Оның қылқаламынан туған туындылар бірнеше рет көпшілік назарына ұсынылған.

Өнер иесінің фильмографиясында 30-ға жуық жоба бар. Ол «Рэкетирден» бөлек, «Қызғылт қоян туралы хикая», «Аудандар», «Кәсіпкерлер», «Рывок», «Ағайындылар», «13-клиника», «Жігіттердің хикаялары», «Махамбеттің қылышы», «Гүл өсіруші» секілді фильмдер мен сериалдарда есте қаларлық образдар сомдады.

Марқұм үш баланың әкесі еді.

Мұрат Бисембиннің қазасы – қазақстандық кино мен өнер қауымдастығы үшін орны толмас ауыр қаза. Оның сомдаған кейіпкерлері мен өнері көрермен жадында ұзақ сақталары сөзсіз.