Тамақтан уланып қалмау үшін не істеу керек

30 Қыркүйек 2023, 08:15 1370

Тамақтан улану мен жіті ішек инфекцияларының алдын алу – білім беру ұйымдарында тамақтандыру қызметтерін көрсететін шаруашылық жүргізуші субъектілердің, заңды тұлғалардың, дара кәсіпкерлердің негізгі міндеттерінің бірі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тамақтан уланудың алдын алу үшін не істеу керектігі туралы Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Шағалтаева айтып берді.

Балаларда тамақтан улану жайттары ересектерге қарағанда әлдеқайда ауыр өтеді.

Бұл балалар денесінің физиологиялық ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Көбінесе ересек адамда улану белгілерін тудырмайтын бірдей тағамдар балада тамақтан уланудың себебі болып табылады.

ЖІИ және тамақтан уланудың негізгі себептері – тамақ дайындау технологиясының, тамақ өнімдерін сақтау мерзімі мен шарттарының бұзылуы, оларды дайындау процесінде жеке гигиена қағидаларын сақтамау.

Білім беру ұйымдарында ЖІИ және тамақтан улану жағдайларын болдырмау үшін мыналар ұсынылады:

- тамақ пісірер алдында қолды мұқият жуу;

- шикі және дайын өнімдер үшін жеке-жеке бөлшектеу тақтайлары мен пышақтарды пайдалану;

- тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатын олардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттар болған жағдайда ғана қабылдауды жүзеге асыру;

- тамақ өнімдерінің сақтау мерзімі, сақтау шарттарын, тауар көршілестігіне  қойылатын талаптарды сақтай отырып қамтамасыз ету;

- тамақ дайындау кезінде аспаздық өңдеу қағидаларын сақтау (жеткілікті температуралық режим, тағамның дайындалу уақыты);

- білім беру объектілерінің тамақтану объектілерінде «флотша» макарондар, зельцтер, форшмактар, сілікпелер, паштеттер, туралған ет қосылған құймақтар, күрделі (төрт компоненттен артық) қаймақ пен майонез қосылған салаттар, окрошка, кремі бар кондитерлік өнімдер, шала пісірілген жұмыртқа, қуырылған жұмыртқа, фаст-фудтар, өнеркәсіптік емес дайындалған (үйде дайындалған) тамақ өнімдер, тез дайындалатын құрғақ тағамдық концентраттар негізіндегі бірінші және екінші тағамдарды дайындау және өткізуге жол бермеу;

- стерильді ыдыстарға дайын тамақ өнімдері мен аспаздық тағамдардың тәуліктік сынамаларын алуды, оларды дайын тамақ өнімдеріне арналған тоңазытқыш жабдықтарында 48 сағат бойы +2 °C – +6 °C температурада сақтауды қамтамасыз ету;

- дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, ас блогында күнделікті ылғалды жинау және жалпы тазалау жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру;

- қоғамдық тамақтану объектісінің қызметкерлері белгіленген тәртіппен мерзімдік медициналық қарап-тексеруден, гигиеналық оқытудан өтуге, жеке гигиена қағидаларын сақтауға міндетті.

Осы қарапайым алдын алу шараларын қолдану балалардың денсаулығы мен өмірін сақтауға көмектеседі.

Перизат Саденова
Бөлісу: